ОҚО өнерпаздары 9 мемлекетте өнер көрсетті
Оңтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары осы жылдың сәуір мен наурыз айларында Еуропа мен Азияның 9 мемлекетінде 22 концерт қойды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева мәлім етті.
«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесіне арналған концерттік бағдарламамен шетелде өңірдегі Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әртістері мен халықаралық би байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрген «Қазына» би ансамблі және түркістандық «Семсер» тобы өнер көрсетті. Олар Еуропадағы Босния және Герцеговинаның Зеница, Сараево, Мостар қалаларында, Черногорияның Цетинье, Албанияның Тирана, Македонияның Гостивар, Болгарияның Пловдив және София қалаларында болды. Ал облыстық опера және балет театрының солистері мен мәдениет және халық шығармашылығының әртістері Финляндия, Швеция, Эстония елдерінде өнер көрсетті»,-деді Ғ.Шарафиева.
Сонымен қатар, баспасөз конференциясында сөз алған халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының режиссері Арман Нұрмахаматұлы Түркия елінде наурыз айында өткен «Кастамону — Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының ашылу салтанатына облыс әкімінің қолдауымен барып қайтқанын атап өтті.
«Әр елден келген өнерпаз өз дәстүрін, тілі мен ділін өнер арқылы насихаттап, туыстығы берік Түркі еліне шуағын шашты. Онда Оңтүстік өнерпаздары «Сарыарқа» әнімен Кастамону көгін әнмен тербетіп, «Бабалар рухы» әнімен ел намысын ту ете асқақтатқан «Семсер» тобының жігіттері ел ықыласына бөленді. Өрнекті биімен халықаралық жүлделерді қанжығасына байлап жүрген «Қазына» би ансамблінің әрбір қимылы патриоттық рухпен үндесіп, татулық пен береке-бірлікті паш етті. Бұдан бөлек, аталған өнер майталмандары Түркияның Кастамону, Анкара, Ыстамбұл қалаларының тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынды»,-деді Арман Нұрмахаматұлы.
Бұдан бөлек, спикерлер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен Астананың 20 жылдығына орай өңірде облыстық «Бұраң бел» би фестивалі және «Қазына» би ансамблінің 30 жылдығына арналған «Дала рухы» мерейтойлық концерті өтетінін айтты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі