ОҚО: Ордабасы ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 500-ге жуық пәтер беріледі
Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында өткен жылы екі пәтерлі коммуналдық 14 тұрғын үй пайдалануға тапсырылған. Ал биыл «Нұрлы жер» бағдарламасымен 480 пәтерді ел игілігіне беру көзделуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 720 орындық 5 жекеменшік балабақша ашып, балаларды мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің қамтылуын 87,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ордабасы ауданының әкімі Рашид Қайыпжанов мәлім етті.
Оның айтуынша, Ордабасы ауданында «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010-2015 жылдар аралығында 11 жоба іске қосылып, 1027 азамат жұмыспен қамтылған.
«Индустрияландыру картасы аясында өткен жылы «Бөрте милка» ЖШС-нің сүт өңдеу зауыты жұмысын бастады. Жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайтын өндіріс орны 70-ке жуық адамға жұмыс тауып беріп отыр. 2017 жылы өңдеу өнеркәсібі саласында 14 млрд. 835 млн. теңгенің өнімі өндірілсе, ағымдағы жылы көрсеткішті 18 млрд. 128 млн. теңгеге жеткізу көзделуде», — деді Рашид Үсіпханұлы.
Айта кетерлігі, индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданда 2018 жылы жалпы құны 3 млрд. 741 млн. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Аталған жобалар іске қосылғанда 200-ден аса адам жұмыспен қамтылады.
Сонымен қатар, биыл аудандағы ауылшаруашылығы өнім көлемін 39 млрд. теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өткен жылы ауданда 2 модульді сүт қабылдау бекеті ашылған.
Аудан басшысының мәлімдеуінше, өңірде инфрақұрылым саласы да өз шешімін тауып келеді.
«Қазіргі таңда аудан көлеміндегі 57 елді мекеннің 40-ы ауыз сумен 24 сағат бойы қамтылып, көрсеткіш 90,7 пайызын құрады. Өзге 17 елді мекен тұрғындары құдық суын пайдаланады, ол жалпы халықтың 9,3 пайызы. Халықты көгілдір отынмен қамту бойынша 2022 жылы аудан халқының 100 пайызы толығымен табиғи газбен қамтылады деп жоспарлануда», — деді Рашид Қайыпжанов.
Ордабасы ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 4002 қатысушы азаматқа әлеуметтік қолдау көрсетіліп, жоспар 142,1 пайызға орындалған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі