ОҚО «Өрлеу» жобасын жүзеге асыруда көш бастады

Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жыл ішінде 75 мыңға жуық адам «Өрлеу» жобасы аясында мемлекет қолдауына ие болып, республикада көш бастады.  Енді 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі ұсынылатын үш түрлі әлеуметтік төлемдердің орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаты енгізілетін болады. Ол үшін халықты «Өрлеу» жобасына жаппай жұмылдырып, жұмыспен қамтуды қолға алған жөн. Бүгін бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Министрлік қолға алған «Өрлеу» жобасының мақсаты —  өмірінде қиын жағдайға тап болған және белгілі бір себептерге байланысты тығырықтан шыға алмай жатқан азаматтарға көмек қолын созу. Тың тәсілді сынақтан өткізу аясында 2015 жылы кедейлік шегінен асқанға дейін тұрақты түрде мемлекет жәрдемін иеленуге мүмкіндік беретін «Өрлеу» жобасы дүниеге келген болатын. Бұл ретте мемлекет тарапы жұмыспен қамту орталықтары арқылы жеке іс ашуға, оқу мен жұмысқа орналасуға қарайласады. Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жыл ішінде 75 мыңға жуық адам «Өрлеу» жобасы аясында мемлекет қолдауына ие болып, республикада көш бастады.

  

Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында шартты ақшалай көмек 12813 отбасындағы 74705 адамға тағайындалп, жалпы сомасы 3,6 млрд теңгені құраған. Еңбекке қабілетті 13846 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылып, оның ішінде 11528 адам немесе 89,7% тұрақты жұмысқа орналасқан. 

Министр облыс әкімдігінде өткен қорытынды жиын барысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсету мақсатында аудан әкімдерінің және өзге де жергілікті құзырлы мекемелердің уақытша науқандарға ұрынбай, жұмысты ұзақ мерзімге жеміс беретіндей сапалы жүргізуінің маңыздылығын атап өтіп, жалпы облыста тындырылған іс-қимылдарды оң бағалады.

 «Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жаңа жұмыспен қамту бағдарламасына белсенді тарту қажет. Аз қамтылған отбасыларды көптеп «Өрлеу» жобасына жұмылдыра алсақ, келесі жылдан атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипатын іске қосуға да дайындық деңгейі соншалық жоғары болмақ», — деді Тамара Дүйсенова.

Ағымдағы жылы аз қамтамасыз етілген азаматтарға еш нәрсеге күш салмай-ақ, әлеуметтік көмектің ең төменгі мөлшерін алу, не болмаса жобаға қатысып, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі туып отыр.  Сонымен қатар, жеке ісін (мал, құс және өсімдік шаруашылығымен шұғылдану) ашу үшін 3 айдың шартты ақшалай көмектің сомасын бірден алу таңдауы берілуде.   

Оңтүстік Қазақстан облысында жеке қосалқы шаруашылықты және кәсіпкерлік қызметті дамытуға біржолғы қаражат сомасын төлеу арқылы жәрдемдесу тиімділігін байқатып үлгерді.  Бүгінгі таңда «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 400 біржолғы шартты ақшалай көмек алушы жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп үлгерген. «Өрлеу» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың кірісі 3,2 есеге өсіп, орташа алғанда адам басына айына 18,1 мың теңге межеледі.          

Өңір басшысы министрлік тарапынан қолға алынып отырған бағдарламалардың маңыздылығына тоқталды.

«Бұл күндері министрлік делегациясы үлкен жұмыс көлемін атқарды. Тамара Қасымқызымен келісемін, азаматтарды тіркеу, деректерді жандандыру іс-әрекеттерін жылдың соңғы күніне дейін созудың қажеті жоқ. Жауапты мемлекеттік органдар барлық азаматтарды қамти алғаны жөн», — деп түйді өз кезегінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

 Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы 64314 адамды қамту жоспарланып, жалпы 11,4 млрд теңге бөлінді. 2017 жылдың 1 тамызына 49,6 мың адам қамтылып, жылдық жоспардың 77% орындалған.

Бұдан бөлек, жыл сайын әлеуметтік қолдау шаралары аясында 7,8 мың зейнеткер мен мүгедекке ардагерлер үйінде оңалту және сауықтыру көмегі жасалған.  Оның үстіне жыл аяғына дейін мүмкіндігі шектеулі 67 мыңға жуық адам әлеуметтік оңалту қызметтерімен және техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз етілетіні жоспарланып отыр.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі