ОҚО: Отырар ауданында жаңа индустриалды аймақ құрылады

Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында ағымдағы жылы жаңа индустриалды аймақ құру жоспарлануда. Жобаға аймақтан қазіргі таңда 97 гектар жер қарастылып отыр. Құрылғалы отырған индустриалды аймақтың жалпы құны 1 млрд. 359 млн. теңгені құрайды. Аталған аймақтың іске қосылуы отандық және шетелдік инвесторларды тарта отырып, өңдеу өнеркәсібін дамытуға зор мүмкіндіктер бермек. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов мәлім етті.

Аудан басшысының айтуынша, өткен жылы өңірде өндірілген жалпы ішкі өнім көлемі 53 млрд. 884 млн. теңгені құраған. Ағымдағы жылы аудан экономикасының ішкі өнім көлемін 61 млрд. теңгеге жеткізу жоспарлануда.

«2017 жылы ауданның өнеркәсіп орындарында 16 млрд. 152 млн. 400 мың теңгенің өнімі өндірілген. Биыл аталған салада 17 млрд. 600 млн. теңгенің өнімін өндіріп, нақты көлем индексін 104,4 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, өткен жылдың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 13 млрд. 898 млн. 900 мың теңгені құрап, облыстағы ауданның үлесі 2,9 пайызға жетті», — деді Ерлан Қуанышұлы. 

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында ауданда ағымдағы жылы 7 жоба жүзеге аспақ. Кәсіпкерлік саласында жалпы статистикалық мәліметке сәйкес, аудандағы тіркелген субьектілер саны — 4556 болса, оның 90 пайызы бүгінде жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, аймақта осы уақытқа дейін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына бойынша 826 ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 48 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылған. Аудандағы ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі өткен жылы 16 млрд. 506 млн. теңгені құраса, биыл бұл межені 20 млрд. 826 млн. теңгеге жеткізу көзделуде.

Құрылыс саласында ағымдағы жылы 16 нысан қарастырылған. Оның ішінде 9-ы күрделі жөндеуге, 7 нысан ағымдағы жөндеуге ұсынылды.

«Жеке тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру жұмыстары бойынша биылғы жоспар облыстық құрылыс басқармасымен 11 мың шаршы метр болып белгіленген. І-тоқсанда бұл көрсеткіш 2484 шаршы метрге орындалып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 124,4 пайызды құрады. 2018-2020 жылдары жалпы ауданы 18,5 мың шаршы метрлік 362 пәтер пайдалануға берілетін болады», — деді Ерлан Айтаханов.

Инфрақұрылым саласында аудан көлеміндегі 22 елді мекенге газ жүйесін жүргізу үшін жобалық сметалық құжаттар дайындауға бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі таңда Шәуілдір жене Темір ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Отырар ауданындағы 38 елді мекеннің 25-і орталықтандырылған құбыр суымен, 6-ы «Қазақстан Темір Жолы» АҚ арқылы ауыз сумен қамтылса, 7 елді мекен құдық және ұңғы суын пайдаланады.

Бүгінгі таңда өңірде білім беру ұйымдарының жалпы саны — 40, типтік жайда орналасқаны — 27, ыңғайластырған жайда — 13 мектеп бар. Аудан көлемінде апатты және 3 ауысымды мектептер жоқ.

Айта кетерлігі, Отырар ауданында халықты жұмыспен қамтамасыз етудің 2018 жылғы кешенді жоспары бойынша 2500-ге жуық адамды жұмыспен қамту межеленген.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі