ОҚО: Сайрамдықтар өсімдік майын өндіруде
Кәсіпкерлік саласымен түрленіп, кәсіпкерлікті дамытуды жолға қойған Сайрам ауданы ендігі кезекте өсімдік майын өндіруді қолға алған. Бұл өңір өнеркәсіптің екі бағытын да дамытуда. Атап айтқанда, аудан өнеркәсібінің 84%-н өңдеу өнеркәсібі құрайтындықтан жаңа кәсіпорындар ашу есебінен өнім көлемі артты. Және бар резервтерді пайдалану есебінен аудан экономикасы көтеріліп, белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 13977 бірлікке жетсе, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері өндірген өнім көлемі 25 млрд. теңгені құрады.
Мысалы, өнеркәсіпті дамытудың бірінші бағыты бойынша Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында жеке кәсіпкер Иптихар Кочкаровтың 2016 жылдың желтоқсан айында іске қосылған өсімдік майын өндіретін цехі бүгінде қарқынды жұмыс істеуде. Жоба құны 350 млн. теңгені құрайды.
Қазіргі таңда өндірісте күнбағыс, мақсары майлары «Алтын май» маркалы атауын қолданып келеді. Бұл шикізаттар Мақтаарал ауданы мен Өскеменнен жеткізіледі. Сондай-ақ, дайын өнімді өткізу жағы да шешімін тапқан. Олар облыс аудандары мен Шымкент қаласының супермаркеттеріне сатылуда. Ауданнан өндірілген өсімдік майы Қырғызстан Республикасына да жіберілуде. Сонымен бірге, қазіргі кезде Иран Республикасына дайын өнімді жіберу жұмыстары жүргізілуде. Ал қүнбағыс, мақсары майларының құрамына келсек, 100% тазартылған, иіссіздендірілген болып келеді.
Айта кетерлігі, Сайрам ауданы «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2016 жылы ауданда құны 5 млрд. теңге болатын 17 жоба қолдау тапты. Соның бірі ретінде, осы өсімдік майын өндіру цехі бағдарламаның субсидиялау бағыты аясында қолдау алған.
Кәсіпорындардың ауданда көптеп ашылуы жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға зор үлес қосуда. Яғни, жоғарыда көрсетілген өсімдік майы шикізатын өндіретін кәсіпорын жергілікті 25 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкер сыйымдылығы 10 мың тонналық қойма құрылысын іске қосқан.