ОҚО шағын және орта кәсіпкерліктің саны бойынша облыстар арасында бірінші орында
Елімізде бүгінде кәсіпті дамыту бағытында түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, қаржы-несиелік қолдау саясаты жетілдіріліп келеді. Осы қолдаулардың арқасында шағын және орта кәсіпкерлік саны мен олармен өндірілетін өнімдердің көлемі артуда.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 2016 жылдың қорытындысымен жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілерінің саны 173 770 бірлікті құрады. Бұл республика бойынша үлесінің 14,6 пайызына жетіп, облыстар арасында бірінші орынды иеленді.
Өткен жылдың тоғыз айында ШОК субъектілерімен өндірілген өнім көлемі 627,6 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 44 млрд. теңгеге немесе 7,5%-ға өскен. Облыстағы шағын және орта бизнестің дамуына үлесін қосып келетін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бір жыл ішінде 37 232 кәсіпкерге көмек көрсетті. Сонымен қатар, өз ісін бастаймын деген азаматтарға «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 2 339 кәсіпкерге қаржылай (6,6 млрд.тг.) қолдау көрсетілді.
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының іске асырылуынан бастап жалпы құны 628,3 млрд. теңгені құрайтын 1 300 жоба мақұлданып, 17 981 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, 2016 жылы 146,2 млрд. теңгеге 303 жоба іске қосылып, 2 126 жұмыс орны құрылды.
Ал, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы жобаларды 7% мөлшерінде несиелендіруде. Ауылдар мен шалғайдағы елді мекендердегі кәсіпкерлікті қолдайтын орталық 2016 жылы 7,4 млрд. теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы бағытындағы 2024 жобаны қаржыландырған. Нәтижесінде 1 635 тұрақты және 3 мыңға жуық маусымдық жұмыс орындары ашылды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі