ОҚО: Төлебиде саумалмен емдеу орталығы ашылды
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Төле би ауданында болып, Ақтас елді мекеніндегі жаңадан ашылған «Ақкен-Саумал» емдік-сауықтыру орталығының емдік жұмыстарымен танысты.
Оңтүстік Қазақстандағы бірегей жобалардың бірі болып табылатын бұл орталықта бір мезетте елу адамды саумалмен емдеуге қауқарлы. Өңірдегі ең алғашқы сауықтыру орталығының ашылу салтанатына сонымен бірге облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, «Нұр Отан» партиясы ОҚО филалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов бастаған халық қалаулылары қатысты.
Бұл орталықта емделушілердің барлық дертіне қазақтың ұлттық сусыны – қымыз ем болмақ. Мұнда демалушыларға емдік өнімді әзірлеу үшін отыздан аса бие сауылады. Ал, қымызбен емдеудің бір курсы он күнді құраса, әрбір адам күндігіне бір литр саумал ішуі тиіс екен.
Еліміздің тәуелсіздік мерекесіне орай, оңтүстікқазақстандық емделушілер үшін есігін айқара ашқан орталықтың жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі барша төлебиліктерді айтулы мерекемен құттықтады.
«Бүгін біз ұлттық сусынмен емдеу орталығының ашылуына қатысып отырмыз. Бұл нысанның іске қосылуымен ішкі туризмді дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және халықты таза табиғи өнімдермен қамтамасыз ету көзделуде. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары құрылып, шағын және орта бизнестің дамуына өз септігін тигізуде»,-деді әкім.
Жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын орталық бір кезеңде 50-ге жуық адамды қабылдап, емдеуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, мұнда 15 азамат жұмыс істейді. Орталықта – саумалмен емдеуден бөлек, минералды ванналар, жабық бассейн, тұзды бөлме, финн моншасы, фито бар, массаж, биоптрон жарық терапиясы, атпен серуендеу қарастырылған.
Бие сүтінің шипалы қасиеті оның көптеген аурулардан алдын алуында екенін айтқан мекеменің құрылтайшысы Жарқынбек Төлтебай табиғаты тамаша бұл мекенге келген кез-келген адамның өзін жақсы сезінуіне таза ауа мен қайталанбас табиғаты кепіл бола алатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол қонақ үй тектес бұл жайларда бүкіл отбасыға арнап демалыс ұйымдастыруға болатынын және табиғаттың адам организміне жағымды әсер етуі үшін мұнда бар жағдай жасалғанын жеткізді.
Жалпы қымыз өндіру саласы ауданда қарқынды дамып, соңғы 3 жылда жылқы басы 4500 жеткен. Бұл мемлекеттік қолдаудың арқасында жеткен жетістік. Себебі, 2016 жылы мемлекеттік қолдау шаралары 16 шаруашылыққа көрсетіліп, шаруалар жалпы 678 тонна қымыз өндіргені үшін 26,8 млн. теңге субсидияға қол жеткізген. Ал, биыл осы шаруашылықпен айналысатындар қатары артып 24 бірлікті құраған. Бүгінде бұларға 31,5 млн теңге көлемінде мемлекеттен субсидия берілген.
фотограф: Самат Мырзалиев
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі