ОҚО: Түлкібас ауданында туризмді дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асады
Түлкібас ауданында өткен жылы 12 мыңнан астам турист келген, оның ішінде 7 пайызы шетел азаматтары. 2025 жылға дейін жыл сайынғы туристер санын 20 мыңнан асыру жеткізу жоспарлануда. Бұл мақсатта бірнеше жобалар жүзеге асатын болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті.
Аудан басшысының айтуынша, туризм саласын дамыту бойынша аймақта 3 бірдей жоба жүзеге асады.
«Әуелгісі, жалпы құны 347 млн. теңгені құрайтын «Жайлау» емдеу-сауықтыру орталығы салынады. Сыйымдылығы 100 орындық орталықта 50 жұмыс орны ашылып, 2000 турист қамтылмақ. Сондай-ақ, «Саумалмен емдеу орталығы» ашылады. Үшіншісі, Ақсу өзені шатқалында табиғатты тамашалау алаңы құрылады. Бұл Иірсу елді мекеніне 8 шақырым жерде теңіз деңгейінен 1500 метр биіктікте орналасқан жер. Жобаларды 2019 жылы іске қосу жоспарланып отыр», — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Түлкібас ауданында өткен жылы жалпы өнірлік өнім көлемі 68 млрд. 800 млн. теңге болып, 2016 жылмен салыстырғанда 9,9 пайызға артқан. 2018 жылы жалпы өңірлік өнім межесін 70 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
«Ауданға былтыр 18 млрд. 206 млн. 500 мың теңге инвестиция тартылса, өнеркәсіп кәсіпорындары 22 млрд. 682 млн. 671 мың. теңгенің өнімі өндірген. Аудан бойынша белсенді шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны 6310 бірлікке жетіп, өндірілген өнім көлемі 34,2 млрд. теңгені құрады. Ал салық төлемдері 272,6 млн. теңгеге жетіп, 2,7 пайызға артты», — деді Нұрбол Тұрашбеков.
Бұдан өзге, аймақта «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» құны 99,4 млрд. теңгелік 10 жоба енген. Бүгінгі таңда құны 1,2 млрд. теңгелік 3 жоба жүзеге асқан. 2018-2020 жылдары жалпы құны 98,2 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылып, 3500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде.
Түлкібас ауданында ауыл шаруашылық саласында өткен жылы 31 млрд. 443 млн. 200 мың теңгенің өнімі өндірілген. Аталған салада ағымдағы жылы жалпы бау көлемін 2 мың гектарға жеткізілмек. Қазіргі таңда ауданда алынған өнімді сақтау үшін жалпы сиымдылығы 13,2 мың тонналық 5 қойма жұмыс жасауда.
Инфрақұрлым саласы бойынша аудандағы 62 елді мекеннің 59-ы табиғи газбен қамтылған. Аудандық бюджеттен 55,9 млн. теңгеге 10 ауылдық округіне қарасты көшелерге электр желісін тарту үшін жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті басқармаға ұсынылыпты. Аудандағы 4 елді мекеннің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге 60,9 млн теңге қарастырылып отыр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша елді мекендерінің ішкі жолдарын жөндеу және абаттандыру жұмыстарына 106,8 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілген.
«Өрлеу» пилоттық жобасы негізінде аудандағы 750 отбасындағы 4500-ге жуық азаматқа 274,7 млн. теңгеге шартты ақшалай көмек беріліпті. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмекке республикалық бюджеттен 73 млн. теңге, аудандық бюджеттен 112,5 млн. теңге қаржы қаралып, 610 отбасыға тағайындалған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі