Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көпқабатты 7 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған қазынадан жалпы 2 млрд. 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Тұрғын үйлер ауданның Т. Рысқұлов және Састөбе ауылында бой көтеруде. Бұл елді мекендерде бүгінде 32 мыңға жуық халық тұрады.
Құрылысы қарқын алған Т.Рысқұлов ауылында көпқабатты 5 тұрғын үй, ал Састөбе поселкесінде 32 пәтерлік екі тұрғын үй салынуда.
Құрылыс жұмыстары жоспарға сай 2018 жылдың соңы мен 2019 жылдың басында аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде 320 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойламақ. Осылайша түлкібастықтардың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көретін күн алыс емес.
Мұнда заманауи тұрғын үй құрылысымен бірге сол аймақтың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы да жүргізілуде.
Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда 1507 азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі