Оқу-жаттығу аудандар мен Тараз қаласында және шағын аудандарда да ұйымдастырылды
Сейсмикалық оқу-жаттығулар Жамбыл облысындағы білім және денсаулық сақтау нысандарында, мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимараттарында өтті.
Басты мақсат – жалпы қауіпсіздік мәдениетін арттыру және қала тұрғындарын төтенше жағдайларда әрекет етуге үйрету.
Облыс әкімі сейсмикалық оқу-жаттығудың маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарға сабыр сақтап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
Оқу-жаттығу барысында «Барлығыңыздың назарына!» электр сиренасы қосылып, әкімдік мамандары Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің көмегімен қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Алдын ала әзірленген сценарий бойынша іште қалып қойған азаматтар арнайы құтқарушылардың көмегімен сыртқа шығарылып, оларға медициналық көмек көрсетілді.
Шара барысында мамандар тарапынан жер сілкінісі кезіндегі маңызды әрекеттер жіті түсіндіріліп, тәжірибе жүзінде көрсетіліп, үнпарақтар таратылды.
Айта кетейік, Тараз қаласында 60 қабылдау пункті жұмыс істеп тұр.
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Жамбыл облысында жыл сайын қарқындылығы 2-3 баллдық жер сілкінісі болады. Сол себепті әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде сейсмикалық жаттығу тоқсан сайын жүргізіледі. Өткен жылы 2382 сейсмикалық жаттығу ұйымдастырылды. Бұндай жұмыстар нақты қауіп төнген жағдайда адамдарды құтқару іс-шараларына барынша дайын болуға мүмкіндік береді,-деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Жалғас Абдуалиев.
Оқу-жаттығу аудандар мен Тараз қаласында және шағын аудандарда да ұйымдастырылды.
- Жамбыл облысы әкімдігі