ӨЛЕҢІ ӨРТКЕ ТИГЕН ДАУЫЛДАЙ

(Қасым Аманжоловпен жолығысқан бір күндерде. Мұзафар Әлімбаевтың естелігінен)
■ 1949 жыл, мамыр айының аяғы. Қазақ кеңес әдебиетінің қайраткерлері Мәскеуде онкүндік өткізіп, абыройлы қайтқан кез.
Бір күні Жазушылар одағына келдім. Бұл мекемеге келетін жас талапкерлерге жазушы халық әдетте онша көңіл бөле бермейтіні бар ғой. Бірақ, қақпадан шығып бара жатқанымда, Қасым қарсы жолықты.
– Мұзафар, амансың ба? Хал қалай? Өлең көп пе? – деді қолын ұсынып.
Мен қысылыңқырап сәлемдестім. Мұнда себеп бар еді. Бұған дейін Қасыммеи бетпе-бет сөйлескен жан емеспін-ді. Үлкен ақынға өлеңдерімді көрсетуден де қорғанып жүретінмін. Менің атымды қайдан білді? Кім айтты?..
Сөйтсем, Қасым қазақ баспасөзінде тұңғыш өлеңі шыққан жастың қай-қайсысының болсын атын біледі екен!
Жазушылар одағының ауласында тұрып, «Жастар дауысы» деген жалпы жинақты оқығанын, ондағы менің кейбір өлеңдерімді ұнатқанын айтты. Бұл менің ақынмен бірінші рет кездесуім еді.
Жоғарыдағы пікірін Қасым соңынан «Социалистік Қазақстанда» басылған «Поэзиядағы жаңа толқын» деген мақаласында (1949 жылы 21 шілде №119) жазды.
Осыдан былай Қасым жолыққан сайын менің не жазғанымды сұрап, оқытып тыңдайтын еді. Ол пікірін бүкпей ашық айтатын. Өлеңді ұнатпаған кездерінде ол:
– Бала, болмай жатыр, – деп басын шайқап-шайқап қоятын. Қасыммен ұзақ араласқан, сырлас-сыйлас болған жолдастар оның осы кейпін көз алдына оңай келтірер еді.
1949 жылдың күзінде бір топ ақын Қазақ радиосынан өлең оқуға келді. Ішіндегі ең жасы мен.
Қасым аға, қасында Сәпен жеңгей бар қақпа алдында жолықты. Амандық-саулық сұрасудан кейін:
– Кәне, қазір оқитын өлеңіңді жатқа айтшы, – деді ол.
Мен оқып бердім. Әрине, өлеңім оңған дүние болмаса керек, әрі Қасымдай классиктің көңілінен шығу қайда бізге ол тұста.
– Өлеңді жақсы жазу керек, Қалижандарды қапталдамау керек, мына бізге еру керек қой, – деді ақын жалт бұрыла беріп.
Мен қатты жәбірленіп қалдым білем:
– Маған Қалижан да, Қасым да өлең жазып бермей-ақ қойсын, жазсам өзім жазам! Жазылмаса, қалам! – дедім.
– Баламен бала боп, Қаске, қойсайшы, – деді Сәпен жеңгей.
– Өй сенің де шадырлығың бар екен-ау!.. Қара!..
– Шамдандырсаң, құмырсқа да шағады…
Осыдан кейін Қасекеңнің маған қатты сөзбен қадалған сәті болған жоқ.
■ 1950 жылы Маяковскийдің мерейтойы алдында бір топ адам оның өлеңдерін аудара бастадық. Аудармаларымызды Қазақстан Жазушылар одағында жиналып талқылап жүрдік. Кезегім келгенде аудармамды мен де оқыдым:
«…Қытайдың кулиіне туыс-туған,
Қолың соқ, май бұлғаушы, тоқымашы!»…
– Сенің «кулиіңді» қай қазақ ұғады? Әрпінен ауыссам, сыншылар көз алартар деп қаймыққансың ғой! Мықты болса, олар өздері аударсын! «Кулиді» қой! «Қытайдың құлдарына» деп ал! – деді Қасым өлеңді аяқтай бергенімде.
Мен қолма-қол түзеттім.
– Аудармашы болсаң, батыл бол! Бұл өнерге батылдық та, «қулық» та, (ол әзілдеп тапқырлықты осылай деп айтты) керек.
Осы принципті, шынында да, оның барлық аудармасында мықты ұстағанын ап-айқын көрмейміз бе?
Тағы бір кездескенде:
– «Балдақты жігіттің» (Қасымның 1949 жылы жазған осындай өлеңі бар) сюжеті мен идеясын қайдан таптыңыз? – деп сұрадым.
Қасым былай түсіндірді: «Бір дүкен алдында балдақ ұстаған ақсақ жігітті көрдім. Ол өзгелерді кимелеңкіреп дүкенге бұрын кіргісі кеп тұр екен. Көзіміз көзімізге түсе кетті. Оны сөйлетпек болып:
– Бір аяғың көрінбейді ғой, жігітім, немене үйіңде ұмытып қалдырғансың ба? – дедім жорта.
– Жоқ, ол аяқты мен Берлинде басып тұрмын! – деді.
Осы әсермен үйге келе сала, өлең жазып тастадым. Мен, әрине, біраз басқаша жаздым.
«Көріп тұрсыз, бір аяғым – осында,
Екіншісін басып тұрмын Берлинде»…
Соңғы тармақ қандай зілді, ойы қандай терең, қандай астарлы! Қасым сонымен бірге:
– Өлеңді осындай жерде де жазуға болады. Халықпен ойнама! Бәрі соның ортасында, соның қолында, – деді.
Оның өлеңдерінің халық көкейінен шығатындығы содан да болар.
■ …Мен алғашқы жинағымды баспаға 1951 жылы дайындадым. Баспа Қасымға рецензияға беріпті. Мен оны естіген жоқ едім. Бірде маған ақынның өзі айтты:
– Мен «Өмір өріне» («Қарағанды жырларын» әуелі солай атаған едім) баспаның сұрауы бойынша жабық рецензия жаздым. Ол бар болғырдың авторға пайдасы онша бола бермейді. Менің екі бет қағазымнан сен не ұға аласың? Жүр, жинағыңның қолжазбасын қарап отырып, пікірімді айтайын, – деп баспаға алып келді.
Біз отыз-қырық минуттей әңгімелестік. Қасым әрбір өлеңнің әр сөзіне үңіле қарапты. Мақұлдап сүйсінгені де, қынжыла сызғаны да көп екен. Атымен алып тасталсын деп он тоғыз өлеңді бөліп қойыпты.
Жайда сырт көзге жұпыны ғана киінетін, салдыр-салақтау көрінетін Қасым бұл жолы менің алдымда тіпті басқа, өзге бір сыпатпен жарқ етті. Шығармашылық сөз болғанда ол сондай салмақты да, байыпты екен! Ескертпелерінің бәрі бір түрлі ұқыптылықпен, жанашыр қамқорлықпен, сабырлы сақтықпен жасалған. Сыны бұлтартпастай, дәлелді, орынды еді.
Мен қатты риза болдым. Ол рецензия көшірмесі өзімде әлі күнге сақтаулы. Оны қолыма алған сайын: «Әрбір аға ақын соңындағы жеткіншектеріне осылай қараса ғой» – деген ой келеді.
1956 жыл.
Әлімбаев М. Толқыннан толқын туады. – Алматы. «Қазақ унивеситеті», 1992. – 103-105 б.б.
Суретте: Қасым ақын жары Сақыпжамалмен.