«Өлеңнің де, оқырманның да обалы бар»

«Қаламгер» клубының бүгінгі қонақтары – қара сөздің майын ішкен ақындар, шайырлар.

Оралхан Дәуіт: Ақындар да жайсаң жандар. Баспасөз беттерінде ақындардың басынан өткен қызықты жайттар көп жазылады. Ел ішінде де көп айтылады. «Алтын домбыраның» бірнеше дүркін жеңімпазы, қызылордалық сүлей ақын Мұхтар Ниязов «Парижге барған жұрт Эйфельді көргісі келеді, Таразға барған жұрт Есетті көргісі келеді» деп тегін айтпаған. Ендеше, бүгінгі әңгімемізді айтыскер ақын Есеттің басынан өткен қызықты жайттардан бастасақ…

Есет Досалы, айтыскер ақын:

Рақмет, мен туралы қызықтарды көбінесе ақын бауырларым мен журналистер айтып жүр. Тіпті сәл-пәл түрлендіріп айтатындары да бар. Сондықтан өз аузымнан естігендеріңіз жөн. Бірде айтыста жеребе тартқанда ақтөбелік ақын Қайнар Алагөзовпен жұп болдым. Сөйтсек таңғы асқа бара жатқанда Мұхтар Ниязов Қайнардан: «Бүгінгі қарсыласың кім?» деп сұрап еді, «Есет аға» деді. «Онда саған обал болыпты ғой» демесі бар ма, Мұхаңның… Не үшін олай айтқанын білмедім. Сол кезде домбыраны қолыма ала салып:

«Бұл Мұхтар неге маған өкпеледі,

Неге Есет ағасын жек көреді?

Қайнарға бір рет обал болса, не болыпты?

Отыз жыл Есетке обал боп келеді», деп өлеңдетіп жібергенім бар еді.

Тағы бір қызықты оқиға есіме түсіп отыр. 2015 жылдың 11 маусымында «Арай» жастар газетінен «Ақ жол» облыстық газетіне жұмысқа ауыстым. Бас редакторымыз: «Есет, бұл аптасына үш рет шығатын облыс әкімдігінің қоғамдық-саяси газеті. Енді себепсіз айтысқа шауып кете беруге болмайды. Сұрансаң, тек жылына бір-екі мәрте ғана босатармыз. Күн сайын сұрана беру деген болмасын», деп кесіп айтты. Содан еш жаққа тырп етпей, 3-4 ай шыдадым.

Сол жылдың қазан айында Жамбыл ауданында жастар айтысы өтетін болып, мені қазылар құрамына шақырды. Баруым керек. Бірақ сұрануға батылым барар емес. Бөлім меңгерушім Баймаханбет Ахметов ағамыз да жұмыс десе жанын салады, оның да жібере қоюы қиын. Содан Алла өзі кешірсін, өтірік айтуға тура келді. «Әкем ауырып қалып еді, жұмыстан түске дейін жібересіз бе?» деп сұрандым. «Ойбай, қария ауырып қалды ма? Бар, бар!» деп Баймаханбет аға жік-жапар болды. Әкемнің менің қолымда тұратынын білетін. Сонымен ұялып, бетім қызарса да Асаға қарай жол тарттым. Сорым қайнағанда, сол айтыста қазы болып отырғанымызды ұйымдастырушылар суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберген ғой. Оны мен білмеймін. Бас редакторымыз Баймаханбет ағамызды шақырып алып: «Тілшің қайда?» деп сұрамай ма? «Ойбай, әкем ауырып қалды деп сұранып кеткен» дейді ол. «Әкесі ауырғанын қайдам, міне, қазылар алқасының құрамында айтыста отыр ғой» деп әлгі суретті көрсеткен ғой. Сонымен түс қайта жұмысқа келсем, азан- қазан болып жатыр. Басшылардан осылайша ұрыс естігенім бар еді.

Оралхан Дәуіт: Есет дегенде есіме түседі. «Арай» газетінің бас редакторы кезім. Есет – бөлім меңгерушісі. Бір күні лездеменің соңында журналистер сәл көңілденсін деген ниетпен Есетке «Бір өлең оқып жіберші» деген өтініш айттым. Өлеңге келгенде біздің Есет қамшы салдырған ба? «Көктөбем – туған ауылым» деген бір өлеңін оқыды. Сағынышқа толы өлең екен. «Сағынып жүрмін… Жүрегім ауырып, езіліп жүр…» деген сияқты жолдары бар. Біткен соң бәріміз жым-жырт болып қалдық. «Есет, сенің ауылың Тараздан қанша километр?», – деп сұрадым, «шамамен 140 шақырым болар», – деді таңғала қарап. «Сен бұлай жүрегіңді ауыртып өлең жазғанша, ақша берейін, ауылыңа барып келсейші», – деп едім бәрі ду күлді. Есеттің өзі де мәз.

Қасқырбай Нарбатыр, ақын: Әлі есімде, 8-9-сыныпта әдебиет пәнінен Ыбырай Алтынсарин туралы шығарма жазу керек болды. Сол күні мен сабаққа дайындықсыз келгенмін. Білетіндер еңбектеніп жазып жатыр. Ал мен әрі отырдым, бері отырдым, ештеңе жаза алмадым. Ол кезде кім шығармасын ертерек жазып, мұғалімге өткізсе, далаға шығып кете беретін. Менің жазуға ынтам болмай, далаға тезірек шыққым кеп отыр. Содан:

«Жазайын десем Ыбырайды,

Сөйлемім жан-жаққа ыдырайды.

Ішінде түгі де жоқ мына дәптер,

Елестетер «екі» деген сұмырайды», – деп жаздым да, дәптерімді жауып, мұғалімге тапсырдым. Бір-екі күннен соң, әпкейіміз сыныпқа кіріп келді де «Қазір мен сендерге Қасқырбайдың шығармасын оқып берейін», – деп бәрін жинап, жалғыз шумағымды оқып берді. Сыныптастарым ду күлді. «Бұған енді қанша қояйық?», – деп әпкей оқушыларға сынай қарады. Барлығы келісіп алғандай «бес, бес» деп жатыр. Апайымызға мың алғыс, шынында «5» деген баға қойды. Міне, өлеңнің құдіреті.

Одан кейін 9-сыныпты бітірген жылы шөпшілерге жәрдемдескеніміз есімде. Кәдімгідей үлкен кісілермен еңбекке араласып, шөп шаптық. Қожабаз деген жер бар еді. Неге екенін, жұмысшылардың жағдайы онша болмады. Тамақты былай қойғанда, ауыз судың өзі уақтылы жеткізілмейді. Жылымшы бірдеңе… Бірлі-жарым өлеңдерім газетке шығып тұратын кез. «Қасқырбай, өлең жазатын өнерің бар ғой. Мынаны жазбайсың ба? Мына қорлықты өлең қып жазсаң елдің рақметін алар едің», – деп шаруалар кеу- кеулеп қоймады. Содан отыра қап жаздым.

«Ауылдың қонған жері – Қожабазда,

Ішіміз толып кетті өкпе-назға.

Аз ғана ет, жылы сумен қоректеніп,

Қорлықты көріп жүрміз осы жазда», – деп басталып, шұбырып кете береді. Содан бір кезде шөпшілер «Бізде мынандай өлең бар» деп, қос басына келген инженерге оқып берді. Инженердің артынан совхоз директоры келді. Оған да оқып берді. Сонда директор: «Мынау өлеңді де құрт, анау баланы да құрт», – деп бұрқ ете қалды. Өзі де тамыз айының соңы, оқу жылы басталайын деп қалған кез еді. Кетуге тура келді. Шөпшілер алғысын жаудырып жатыр. Мен кеткеннен кейін шөпшілердің жағдайы шынында жақсарыпты.

Ал енді өзімнің замандастарым, сыйластарым жайлы айтсам, бірде жаздың күні Шорабек, Серік Қалиев үшеуміз қалада автобусқа міндік. Шорабек екеуміз онсыз да қап-қарамыз, шілденің ыстық күні тіптен күйдіріп жіберген. Автобустағы жолаушылар жолақысы деп бір-бірі арқылы бес тиындарын бере бастаған. Бір қазақ қыз Шорабекке тиынын ұсынып «передайте» деп еді. Шорабек қызға қарап тұрып: «Немене, мен орысқа ұқсаймын ба?!» дегені. Автобустың іші қыран-топан күлкі.

Оралхан Дәуіт: Кешегі күндердің естелігі керемет қой. Таразда Қасымжан деген ініміз бар. Өзі журналист, өлеңге жақын, ақынжанды жігіт. Асабалығы тағы бар. Бірде жаздың күні бір құдалықты басқаруға асаба, музыкант, видеооператор үшеуі барған ғой. Күн деген жанып тұр, үйдің бұрышындағы көлеңкеге аппаратураларын қойып, домбыраның құлағын бұрап дайындалып жатады. Бір кезде сол үйдің қызы іштен «Мама, құдалардың алдына қойған салат ашып кетіпті, енді не істейміз?», – деп дауыстапты. Сөйтсе, шешесі мына жақтан: «Ашып кетсе, музыканттардың алдына қоя салыңдар», – деп айқайлады дейді. «Екі ортада көзіміз бақырайып біз тұрмыз», – деп күледі Қасымжан.

Тағы да бір қызықты оқиға. Алматылық талантты ақын Алмат Исәділ бірде Маралтай екеуі түн ішінде Таразға сапарлап келіп, Маралтайдың ағасының үйіне қонуға барады. Ағасы бала-шағасымен ет жейін деп жатыр екен. Әрине, қонақ келетінін білмегендіктен етті өздеріне шақтап, аз асқан көрінеді. Қамыры да аз дегендей… Бар етті алдарына қойған Маралтайдың жеңгесі ұялып «Ойбүй, келе жатырмыз деп алдын ала айта салмадың ба? Ет аз боп қалды-ау…», – деп қайта-қайта айта берсе керек. Сонда Алмат Исәділ: «Жоқ, жеңгей, ыңғайсызданбаңыз. Сіздің етіңіз аз емес, жай табағыңыз үлкен ғой», –- деп жуып- шайып жіберген екен.

Табиғат Абаилдаев, ақын: Есет Досалыны о баста Facebook әлеуметтік желісіне тіркеп, чат арқылы тілдесуді үйреткен мен едім. Сондықтан парақшасының паролін жақсы білетінмін. Бір күні Есет ағаның агентте отырғанын байқап, паролін жазып, чатқа соның атынан кірдім. Сөйтсем, біраз адаммен жазысып отыр екен. Чаттан бір ортақ таныс келіншекті тауып алып, Есеттің атынан сәлем жолдадым. Хал-жағдайын сұрап, біраз әңгімелестік, бір кезде «Мен сізді сүйемін», – деп жазып жібердім. Келіншек үндемей қалды. Дәл сол уақытта Есет: «Айналайын, мен мынаны түсінбей отырмын, «кампытыр» өзі жазып жатыр. Мына сөздерді мен жазған жоқпын» деп жазып жіберіпті. Келіншек: «Еш нәрсе етпейді, Есет аға» деп жазды. Негізі Есет екеуміз екі бөлмеде отырамыз. Шамалыдан кейін «Мен шынында сізді сүйемін, жай ұялып отырмын» деп қайтадан жаздым. Сол кезде Есекең «Мынау «кампытырға» не болған?!» деп тағы да ақталып кетті. Түк білмегенсіп кабинетіне барсам, Есекеңнің қабағы түюлі. «Мынау «кампытыр» деген қызық. Мен біреуге жазып жатсам, бұл мүлдем басқа біреуге жазып жатыр», – деп бұрқылдап отыр. Шынымды айтуға тура келді. «Көке, сізді тексеріп көрейін деп атыңыздан мен жазғам» деп жағдайды түсіндіріп айтып едім, Есекең әлгі келіншекке қоңырау шалып: «Жаңағы жазбаны «қампытыр» жазбапты, мынау Табиғат жазыпты, сол сізді сүйеді екен», – деп қуанып жатыр ғой.

Тағы бірде Есет аға Оралға айтысқа барған ғой. Сол айтыста Конфуций дегенге тілі келмей қалып, «Конбузий» деп айтып жіберіпті. Айтыс біткеннен кейін Жүрсін Ерман ағамыз: «Әй, Есет, сен әлгінде не дедің? Конбузий дедің бе, Конфуций дедің бе?» деп сұраған ғой, сонда Есет: «Сол жарықтықтың аты қиын екен шынында, одан да Чапаев деп айта салуым керек еді» деп күлетін көрінеді.

Оралхан Дәуіт: Иә, ақындардың қызықтары еш таусылмайды. Қайбір жылы Алматыдан Тоқтарәлі Таңжарық деген ақын Таразға Хамит Есаман досын іздеп келген ғой. Алыстан қонақ келсе күтіп алу, құрмет көрсету – қазақтың салты емес пе? Бірақ Хамиттың қалтасында мың-ақ теңге бар. Тамақ ішсе араққа жетпейді, арақ ішсе тамаққа жетпейді. Амал жоқ, қонақтың өзінен: «Тоқтарәлі, тамақ ішеміз бе, әлде арақ ішеміз бе?», – деп сұрапты. Сонда Тоқтарәлі: «Тамақты күнде ішіп жүрміз ғой, арақ ішейікші» деген екен.

Шымкентте Дәурен Айманбет деген ақын бар. Бір жылдары жұмыссыз жүрді. Сол жылы облыстық әкімдік Дәуренді «Жылдың үздік ақыны» деп танып, дипломмен марапаттаған ғой. Ақшасы да бар. Содан тамыр-таныстары дипломға сүйінші, көрімдік деп ақша бере бастаған ғой. Дәурен де әбден дәнігіп алған. Бір күні цирктің бастығы телефон шалып, әңгіме арасында: «Дәурен, дипломыңды әкеліп көрсетсейші» деп қалыпты. Ертеңінде дипломды не пакетке, не сөмкеге сыйғыза алмай, газетке орап алып барады. Кабинетіне кіріп барып, «міне, аға, дипломым» деп қолақпандай заттың бетіндегі газетін жыртып жатса цирктің бастығы отырған орнынан құлап қала жаздапты. Сөйтсе, ол Дәуренді жұмысқа алайын деп институт бітіргені туралы дипломын сұраған екен.

Тұрсынбек Сұлтанбек, ақын: Қызықты оқиға дегенде «Jambyl» телеарнасының таңғы бағдарламасына алғаш рет қатысқаным есіме түсіп отыр. 2008 жыл болатын. «Салық тәртібі» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Бір күні телеарна тілшілері хабарласып, таңғы бағдарламаға шақырып, «Жас ақын ретінде студияда бір өлең оқып бересіз бе?» деген өтініш айтты. «Жақсы» деп келістім. Бірақ ол кезде қаланың шетінде тұратындықтан, таңертең хабарға кешігіп келдім.

Бағдарламаны белгілі тілшілер Руслан Лесбек пен Мөлдір Анарбаева жүргізетін. Содан кешігіп келіп, ентігімді баспастан студияға кіріп кеттім. «Міне, міне, ақынның өзі де келді!» деп қуанып жатыр жүргізушілер. Өзім студия дегенді бірінші рет көріп тұрмын. Тілші қайда, оператор қайда, тікелей эфирде тұрғанымды біліп тұрғаным жоқ. Орныма жайғасып, жан-жағыма қарасам, Серік деген оператор жігіт тұр екен. Жақсы танушы едім. «Ойбүй, амандаспағаным ұят болыпты-ау» деп тілшінің маған қарап сөйлеп жатқанына қарамастан орнымнан атып тұрып, қолымды созып оператор жаққа қарай жүріп кеткенмін ғой. Ол «Ойбай, құрттың» дегендей қолын кес-кестеп жатыр. Осының бәрі тікелей эфирден өтіп жатқаны ойыма кіріп-шығар емес. Сонымен Мөлдір «Қош келдіңіз! Бағдарламамыздың бүгінгі тақырыбы – «Үш тұғырлы тіл саясаты» деп әңгіме бастады. Мәссаған! Ал мен өлең оқуға дайындалып келгенмін ғой. «Сіз қанша тіл білесіз?» дегенде тіптен сасқалақтап қалдым. Тақырып үш тұғырлы тіл саясаты болғандықтан «1-2 ғана тіл білемін» деп айту ұят шығар деп «Үш тіл білемін: қазақ тілі – ана тілім, орыс тілінде емін-еркін сөйлеймін, ағылшын тілін жақсы оқығанмын» деп жауап қаттым. Содан Мөлдір «ағылшынша сөз айтыңызшы» деп қоймайды. Қапелімде ойыма ағылшын сөзі түсе қойсашы… Бар айтқаным «I love you» болды. Студия ду күлді. Осы қызық оқиға есімнен еш шықпайтын шығар, сірә…

Оралхан Дәуіт: Есет, осы айтыскерлер өзіңмен әзілдескенде «пойызға аяқкиімін шешіп кірген» деп жатады. Айтыста да бір- екі мәрте айтылып қалды. Шынында сондай жағдай болған ба?

Есет Досалы: Бұл әңгіменің анығын өз аузымнан естіп алыңыздар. Есі дұрыс адам пойызға аяқкиімін шешіп кірмейді ғой. Менің марқұм Бекен ағам 2006 жылы Қаратау қаласына көшіп барып, көпқабатты үйде тұрды. Содан ауылдағы Жаннат деген апамыз Қаратауға келгенде ағамды «үлкен қарияның баласы» деп сыйлағаны болар, сол үйдің подъезіне аяқкиімін шешіп кірген ғой. Баспалдақпен жалаңаяқ көтерілгенін басында жеңгем де байқамаса керек. Пәтерге кіргенде бір-ақ көріпті. «Ойбай, жеңеше, аяқкиіміңіз қайда?» деп сұрап, астына түсіп аяқкиімін алып шыққан ғой. Осы әңгімені біреуге қызық қып айтқанмын. Содан ауыздан-ауызға өтіп, түрленіп, ақырында біреуге «Есет пойызға аяқкиімін шешіп кірген» боп жеткен тәрізді. Әйтпесе ондай оқиға болмаған.

Табиғат Абаилдаев: Есекеңнің алғаш пойызға мінгені жайлы Олжас Отар ағамыз қызық қып айтады. Ес-ағаң пойызда кетіп бара жатып Олжас ағаға телефон шалып: «Олжеке, пойыз дегеннің іші керемет екен. Екі жағында екі есігі бар, бір вагоннан екіншісіне емін-еркін жүре бересің. Тура үй сияқты, тоғыз бөлмелі. Ішінде арнайы формамен жүретіндер бар, солардың бөлмесін қоссаң – 10 болады», – деп айтқан екен.

Есет Досалы: Пойызға алғаш рет 11-сыныпта оқып жүрген кезде міндім. Айтыскерлер Айнұр Тұрсынбаева, Серік Қалиев (ұстазымыз) үшеуміз Семейге оқушылардың айтысына бардық. Жасыратыны жоқ, бірінші рет мінгендіктен болар, үстіңгі төсекке жатуға жүрексіндім. «Құлап қап, обалына қалармыз» деп жаны ашыды ма, әйтеуір, Айнұр менің орныма екінші қабатқа жатқаны есімде. «Арай» газетінде жұмыс істеп жүрген кезімде Ақтөбеге бір айтысқа шақырды. Пойызға күні бұрын билет алып қойғам. Бірақ вокзалға пойыз жүретін уақыттан кемінде 20 минут бұрын бару керек екені ойыма кіріп-шықпапты. Таксимен келіп, вокзалға кірсем, пойыз енді қозғалып барады екен. Есігі ашық тұрған бір вагоннан жолсерік қарап тұрды. «Мінбеңіз, қауіпті» дегендей басын шайқады. Мініп кетуге менің де батылым бармады. Содан сол жердегі біреулердің ақылымен такси ұстап Шымкентке тарттым. Әйтеуір, Шым-қаланың вокзалына пойыздан бұрып жетіп, вагоныма кірдім, орныма орналастым. Кешке вагон- ресторанға тамақ ішуге барғанмын. Шай ішіп отырсам бір жігіт аузы ашылып маған тесіліп қарап қалыпты. Аң-таң болдым. Азды-көпті айтысқа шығып, елге танылып жүрген кезіміз. «Құдай біледі, мені танып тұр- ау» деген ой келді. Өзімше жұлдыз болып, маңғазданып отырсам, әлгі жігіт: «Аға, сіз бағана Тараздан қалып қойған едіңіз ғой, қалай жеттіңіз?» дейді ғой күйдіріп. Сөйтсем Тараздың вокзалында маған басын шайқаған жолсерік екен.

Тұрсынбек Сұлтанбек: Пойыз туралы айтылып қалды ғой, менің «Алматы. Перрон» деген өлеңім бар. Алматының бір қызымен қимай қоштасып, елге кетіп бара жатқан сәтте жазылған өлең еді. Махаббат оқиғасы ғой. Соңы:

«Қарамаймын, қарамаймын енді артқа,

Әлі талай жыр оқырмыз кең бақта.

Қаракөзді қарындасым, қайтесің?

Бір бойжеткен тосып отыр ел жақта», – деп аяқталады.

Осы өлеңді бір жастармен кездесуде оқып беріп едім, алдында отырған бір қыз маған қарап тұрып «Ой, ағай, тормоз екенсіз ғой» деп орнынан тұрып кетті.

Оралхан Дәуіт: Қазақта Алпысбай Боранбаев деген сатирик ақын бар. Нарықтың алғашқы жылдары пойызда өз кітаптарын өзі сатқан талантты ақын. «Пойызға егер мінсеңіз, кітап сатып жүр бір семіз» деп басталатын өлеңдері бар еді. Сол Алпысбай ағамыз бір жылы аудандық газеттің бас редакторы болып тағайындалып, ол қызметті бір-екі жылдай атқарады. Кейін өзін тағайындаған аудан әкімі ауысып кетіп, жаңадан келген әкім мұны қызметтен кетіргісі келіп, қайта- қайта адам жібереді. «Арызын жазсын, өз еркімен кетсін» деген талаппен… Ақырында қызметінде қалдырмайтынына көзі жеткен ақын ағамыз ақ параққа айбақ-сайбақ қылып жазып, қолын қойып беріпті. Әкімдіктің адамдары ежіктеп оқымастан ақ парақты алған да құйын боп ұшқан ғой. Содан түс қайта жұмыста отырғанда әкімдіктің әлгі өкілдері жаңа бас редакторды алып келіпті. «Мен ше?» дейді ғой Алпысбай ағамыз. «Сіз өз еркіңізбен жұмыстан босадыңыз», дейді әкімдік қызметкерлері. «Әй, сендер өтінішке не деп жазғанымды оқыдыңдар ма?» дейді. Бір сұмдықтың болғанын іштері сезген олар ақ қағазға қараса «Мені жұмыстан өз еркіммен босатуыңызды өтінемін» деп жазудың орнына «Мені жұмыстан өз еркіммен босатпауыңызды өтінемін» деп жазып жіберген екен. Содан «әке-көке» деп жүріп әрең дегенде жұмыстан кету туралы өтінішін жаздырып алып, әр әрпін қайта-қайта түгендеп, әбден әуре-сарсаңға түскен екен.

Түркістан облысының Отырар ауданында Төпен Әмірбек деген ақын өмір сүрді. Белгілі сатирик Көпен ағамыздың туған бауыры еді. Сол Төпен ағамыздың бір әңгімесі есіме түсіп отыр. Еліміз тәуелсіздікке енді қол жеткізген жылдар болса керек. Шәуілдірге бір тамшы жауын тамбай, ел қатты сасыпты. Ақырында ауылдың ақсақалдары «тасаттық берейік» деген тоқтамға келеді. Тасаттық – Алла тағаладан жаңбыр сұрап жалбарынатын, құрбандыққа бір мал шалатын құдайы тамақ қой. Тасаттық беруге келіскен ел ақша жинауға келгенде біраз дауласыпты. Теңгенің жаңа ауысқан кезі екен. Ақшасы барлар 5 теңгеден жинағысы келеді, тұрмысы төмендер 3 теңгеден бергісі келеді. Ауылдағылар ары-бері «айтысып», ақырында 3 теңгеден жинауға келіседі.

Ақшаны жинап, керек-жарағының бәрін алып, малды сойып, ауылдың қасындағы қырдың басында тасаттық беріледі. Алланың құдіреті, Құран оқылып, тамақты жеп, жұрт «әумин» деп бет сипап бола бергенде күн күркіреп, жауын басталады. Жұрт жапатармағай заттарын жинап, етектегі ауылға қарай қаша жөнеліпті. Жаңбыр бірте- бірте күшейіп, сай-саланың бәрі сел болып ағады.

Сонда затын көтеріп алып, үйіне қарай зытып бара жатқан Төпен ағамыз «Ойбай, 3 теңгеден жинағанда мұндай болды, 5 теңгеден жинағанда «вообще» бітеді екенбіз ғой» деген екен.

Қасқырбай Нарбатыр: Қайбір жылы ауданымызда Байзақ батырдың 225 жылдығына арналып ғылыми конференция өтіп, бабамыздың асы Тараз қаласындағы бір мейрамханада берілетін болды. Жиын біте салысымен барлық қонақтар көлікке отырып, жапатармағай қалаға қарай тарттық. Мен әкімдіктің көлігіне отырған екенмін. Ойпырмай, шопыры көлікті өте қатты айдады. Барлық көліктерден озып келеміз. Жүргізушіге «жай айдашы» деп едім, елей қоймады. Сосын «Айналайын, бабамыздың асына барамыз деп, қасына барып қалмайық» деп едім, көліктегілердің бәрі ду күлді.

Оралхан Дәуіт: Негізі шығармашылық адамдар тіршілікке, тұрмысқа олақтау келеді ғой. Бір жылы қайынағам пәтерімізге кішігірім жөндеу жүргізіп беретін болды. Құрылысшылардың тілімен айтқанда күрделі жөндеу емес, жай ағымдағы жөндеу. Содан жұмыс бітетін кезде «Ана жерді де ақтай салайық», «мына бұрышты да сылай салайық» деумен, тірлік көбейіп, о баста есептеп алған құрылыс материалдары жетпей қалды. Жетпегенде болар-болмас қана… Негізі үйдің жөндеуі біткен кезде «Қап, тағы кішкене цемент болғанда ана жерді де бітіре салатын едім…» деген əңгімелер айтылады ғой. Сол күні о баста материалдар сатып алған дүкен жабық болғандықтан басқасына баруға тура келді. Бірінші барғанымда цемент сұрадым. Сатушы әйел қолына калькуляторын алып: «Қанша қап керек еді?» деп, есептеуге ыңғайланды.

– Жоқ, маған бір килодай керек…

– Біз тек қаппен сатамыз…

– Ой, апай, сол қаптардан төгіліп қалғаны бар шығар… Маған қос уыс болса жетеді, – дедім.

Амал жоқ, бір жігітті қоймаға жұмсап, кішкентай пакетке қос уыстан асатын цемент сап әкеп берді. Жүз теңге төледім. Екінші барғанымда галтель сұрадым. Бөлме төбесінің бұрыш-бұрышына жапсыратын бұл жеп- жеңіл ақ таяқшаның кішкентай көлемін алу керек болды. Калькуляторын қолына ұстаған апай галтельдің түр-түрі жатқан сөреге алып барды. Мен іздеген көлемнен бар-жоғы екеу-ақ қалған екен. «Ойбай, осы жетеді… Маған да «как раз» екеу әкел» деген» деп қуанып кеттім. Сатушы апай қолындағысын қалтасына салды да: «Жүз теңге төлей салыңыз», деді.

Үшінші барғанымда гипс сұрадым. Сатушы апай «Қанша?», деді.

– Бір килодай… – дедім. Сөйтсем:

– Әй, айналайын, сен өзі не жөндеп жатырсың? – дейді ғой.

Шынымды айтсам, үш бөлмелі пәтерімізді ремонттап жатырмыз деуге ұялып кеттім…

Қасқырбай Нарбатыр: Оралханның «Ақ самаурын» кітабын оқып шықтым. Ұнады. Ауыл адамдарының мінезі, жалпы қарапайым адамдардың арасындағы қарым-қатынас жіпке тізгендей әдемі көрініс тапқан. «Бата» деген бір қысқа әңгімең бар еді ғой, соны өзің айтып берші…

Оралхан Дәуіт: «Екінті намазын оқи салайын» деп үйдегі қонақ бөлмеге кіргенмін. Сөйтсем келіншегім көрпеге бүркеніп ұйықтап жатыр екен. Оятып алмайын деп ақырын басып тура жанына жайнамаз жайып, намаз оқыдым. Бір жақсысы, күндізгі намазды дауыс шығармай оқисың ғой. Ояу жатса да, ұйықтап жатса да келіншегім былқ етпеді. Ойыма қулық келе қалды. Намазды аяқтап, бата қылып қойсам да соңында даусымды шығарыңқырап былай деп күбірледім:

– Иә, Алла, намазымды қабыл ете гөр! Отбасымды аман-есен, бай-бақуатты етіп, шаңырағымды шаттыққа бөле…

Көзімнің қиығымен диван жаққа қараймын. Ешқандай қимыл жоқ.

– Иә, Алла, келіншегімнің тілегін қабыл ете гөр! Көптен бері армандап жүрген шубасы мен көйлегін алуға жәрдем ет!.. Алтындарының ломбардқа өтіп кетуінен сақтай гөр!..

Байқаймын, көрпенің асты жыбыр-жыбыр ете қалды.

– Иә, Алла, келіншегім не тілесе де қабыл етіп, ала алмай жүрген киімдерін алуына, жарқырап киініп жүруіне жағдай жасай гөр!.. Аумин!

Сөйтсем келіншегім көрпенің астынан басын шығарып:

–Үйдің ремонтын айтпадың ғой, – дейді.

Тұрсынбек Сұлтанбек: Бір ақын досымыз бір қызға қатты ғашық болып, сезімін білдірейін деп кездесуге шақырыпты. Қыз: «Екі-ақ сағатқа шыға аламын, есіктің алдында отырып әңгімелесейік» деп әрең келісімін береді. Содан екеуі есіктің алдында әңгімелесіп отырған. Енді жігіт сезімін білдіру керек қой. Әңгімені соған бұрайын десе, қыз да қу екен. «Сіздің өлеңдеріңіз өте қатты ұнайды. Әсіресе жыл мезгілдері жайлы керемет жазасыз. Күз туралы өлең оқып беріңізші» депті. Амал жоқ, ақын жігіт беріліп өлеңін оқиды. Оқып беріп, қыздың көңілін енді таптым-ау деп әңгімені сезімге бұрайын десе, анау қыз: «Жалпы, сіз қазіргі поэзия туралы не ойлайсыз?» деп тағы бір сұрақ қояды. Амал жоқ, өлең туралы ойын айтады. Одан: «Отан туралы өлеңдеріңіз бар ма?» деген. Отан туралы жоқ болғандықтан Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқып береді. Қысқасы, осылай өлең оқумен екі сағат зыр етіп өте шығады ғой. Қыз қоштасып, рақметін айтып кетіп бара жатса, досым: «Қарындас, сонда қалай, мен сізге поэзия кешін өткізуге келдім бе?» деген екен. Сол досым әлгі қызға сезімін сол күйі білдіре алмады.

Оралхан Дәуіт: Жалпы қазір шығармашылық адамға мүмкіндік мол. Еркіндік бар. Не жазамын, қалай жазамын десе де өзі біледі. Қаржың болса кітап шығаруға да ешқандай кедергі жоқ. Кез келген қаламгер баспамен келісіп, кітаптарын шығарып жатыр. Дегенмен де кітап шығаруға да бір тәртіп керек сияқты ма, қалай өзі?.. Жасыратыны жоқ, редакцияға ақындар көп келеді. Кейбірінің біраз кітабы жарық көрген. Бірақ өлеңдерін оқысаң, бет қызарады. «Кітап шығаруға да бір тәртіп керек» деген ой осыдан кейін туындап еді. Сіздер қалай ойлайсыздар?

Қасқырбай Нарбатыр: Өте дұрыс мәселе көтеріп отырсыз. Біздің өңірде ақындар баршылық. Жақсы ақындарға жол ашық. Қазір өлеңдерді баспасөз беттерінен де жиі оқимыз. Кеңес өкіметі тұсында шығармашылық салада бір тәртіп, талап бар еді. Қазір бәрі еркін. Бәрі бірдеңе жазып, кітап шығарғысы келеді. Қызғаныш жоқ. Абай атам «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп айтып кеткен. Ең бастысы, өлең өз деңгейінде болуы керек. Кейбіреулер: «Мынандай өлеңім бар еді, бағалап жіберсеңіз» деген өтініш айтады. Оқысаң, өлеңдері тақпақтың деңгейіне де жетпейді. Өзімді өлеңнің білгірімін деп есептемеймін, бірақ өлеңнің дәмін сеземіз. Амал жоқ, кемшілігін жұқалап түсіндіреміз. Өткенде «Қазақ әдебиеті» газетінде біраз ақын сымақтардың дүниелері сыналды. Сынаған адамның Құдай тілеуін берсін. Ашығын айтыпты. Тіпті мынандай да өлеңдер бар екен: «Алматыға келдік, пойыздан түстік… Пәленше бізді күтіп алды… Мен Жазушылар одағына бардым… Алдымнан пәленше- түгеншелер шықты…» деген сияқты. Шынын айтқанда, бұл өлеңге келмейді ғой. Абай сонау бір ғасыр бұрын өлеңнің қандай болу керектігін түп-түгел айтып кетті емес пе? «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның білімсіз бейшарасы» Абайдан артық кім айтсын? Өлеңнің де, оқырманның да обалы бар. Өлеңге ден қойған қаншама жаңа ұрпақ өсіп келіп жатыр. Енді сол жас ақындарды тыңдайтын аудитория қалыптасса ғой деп ойлаймын.

Оралхан Дәуіт: Көпшілік қауым бүгін айтылған әзіл әңгімелерге езу тарта отырып, содан ой түйе білді деген сенімдемін. Ендеше, әдемі әзілдеп, орынды қалжыңдай білейік. Және сол қалжыңды көтере білейік, ағайын. Әр қалжыңнан ой түйе біліңіз, сабақ ала біліңіз. Жүздеріңізден күлкі, көңілдеріңізден қуаныш кетпесін.

aqjolgazet.kz