Олжас Бектенов: Агенттікпен жүзеге асырылып жатқан жобалардың мақсаты – ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтық қоғам өкілдерін осы бағыттағы жұмыстарға тарту
Бұл туралы ағымдағы жылдың 20 желтоқсан күні Шымкент қаласына іссапармен келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының орынбасары О.Бектенов қала активімен кездесуде айтты.
Кездесуге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қ.Нұртай, аумақтық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, аудан әкімдері, қалалық арнайы мониторингтік топтың, қоғамдық кеңестің мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесуде қала әкімінің орынбасары Қ.Нұртай Агенттіктің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына қала әкімдігі тарапынан әрқашан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
«Электрондық қызметтерді арттыру бойынша біздің еліміздің көрсеткіші Австрия мемлекетімен қатар 25-ші, ал Азия елдерінің рейтингінде 8-ші орынды иеленуде» — деп атап өтті Олжас Абайұлы.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты тиімді іске асыру бағытындағы түрлі жобалармен таныстырды.
«Шымкент қаласына сапарым алғаш болып «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ашылуынан басталды. Бұл жоба Шымкент қаласының тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті белсенді қалыптастыруға және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға ықпал етеді деп үміттенеміз» — деді О.Бектенов.
Агенттік төрағасы орынбасарының айтуынша, ең бастысы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бұқаралық сипатқа ие болуы тиіс. Жаңадан бастау алған «Шымкент – адалдық алаңы» жобасы да осы мақсатты көздейді.
Жиында мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне көшу барысы талқыланып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен мемлекеттік қызмет саласындағы өзге де реформалық өзгерістер талқыланды.