Өмір өзіңнен басталады
Жер бетіндегі әр нәрсені жақсы көре білу – адамның өзін жақсы көре алуынан басталады. Адамның көбі ойлана бермейтін ақиқат. Тіршілік күйбеңіне түсіп кеткен соң ненің не екеніне мән беруден қаламыз. Бір сәтке тоқтап, айналаға көз салайықшы… Не көрінер екен? Өзіміз қандай болсақ, сол күйімізде жақсы көруге тырысайық. Әр адам — кішкентай ғалам. Тәңір пендені жайдан жай жаратқан жоқ. Адамды тек сүюді үйренсін деп жаратады. Ұрпағымызға да сүюді үйретуіміз керек.
Неге адам өзін жақсы көре алмайды?
Ошо: Әрбір нәресте өзіне деген шынайы махаббатпен туады. Ал, қоғам оның сол бейкүнә пәк сезімін бүлдіреді. Дін де бұл махаббатты бұзады. Өйткені, бала өзіне деген махаббатпен емес, Жаратушыға бас июге тәрбиеленеді. Президентті кім жақсы көреді сонда? Ата-анасын кім жақсы көруі керек? Баланың өзіне деген сезімнен көңілін бөлу қажет. Оның махаббаты өзіне емес, тек сыртқы нысанға ғана бағытталуына жағдай жасалады.
Осының салдарынан адам тез жұтайды. Өйткені, өзіңнен бөгдені жақсы көру мейлі ол Жаратқан болсын, Рим папасы, өз әке-шешең, күйеуің, әйелің, балаң болсын – кім болса да адамды өзіне тәуелді етпек. Адам өзін екінші сатыға түсіріп алады. Нәресте ұлы қаған болып туады, ол өзіне көңілі тоқ болып еді. Бірақ әкесі мені жақсы көр деді. Анасы мені де жақсы көрші дейді. Айналаның бәрі мені жақсы көр деп оның сезімін сарқылтады.
Өзін жақсы көре алмаған адам өзгені де сүйіп қарық қылмайды
Өзін жақсы көре алмаған адам өзгені сүйе алмайтыны ешкімді мазаламайды. Біздің қоғам мүлде кері бағытта дамып жатыр. Оны дұрыс деп айту қате. Біздің қоғамдағы адамдар өзгені жақсы көруге тырысады. Ал, есесіне берер дымы жоқ. Оның махаббатына да ешкім ештеңе бере алмайды. Неге ғашықтар үнемі керілдеседі? Бір-бірін қызғанышпен буындырады. Себебі сондай қарапайым: қалағанын ала алмай әуре. Өйткені, екеуі де кедей, жарлы, дымы жоқ, бос кеуде, бойкүйез.
Баланың тәрбиесі дұрыс болса, оған өзін жақсы көріп өсуге мүмкіндік тудырса, ол өзіне деген махаббатпен өседі. Суы шүпілдеген құдық сияқты. Суы толысқан соң, яғни махаббаты толысқан кезде адам онымен бөлісуі қалыпты жағдай болуға тиіс. Махаббаты жетілген соң оны өзге жанға беру керек. Сонда ғана махаббат сені өзгеге тәуелді етпейді. Адам – берешек, берген адам кедей емес. Екіншісі де солай. Беруші болады. Екі қаған, екі еркін жүрек кездескен кезде зор қуаныш шуақ шашады. Ешкім ешкімге тәуелді болмайды. Екеуі де азат ойлы. Жеке тұлға. Өз негіздерін терең таниды. Өздерінің сезіміне сенімі нық.
Өзін жақсы көріп өскен адам тамырын тереңге жіберген өсімдік сияқты. Өзін жақсы көрген сайын махаббат деген шырын еселене береді. Тамыры тереңдейді. Бүршік атады. Гүл ашады. Бұндай адамды ырым-тыйымдардың кесірінен, қоғам ойлап тапқан шектеулерден таба алмаймыз. Қоғам сенің махаббатыңды өздеріне бас игізу үшін ұрлап алды. Сенің тұлғалық өзгешелігіңді таптады. Оның логикасын түсінуге болады.
Шынайы махаббат
Қандай Мәді болмасын, құтқарушы болмасын, оған деген махаббат артып кетсе, онда адам оның көлеңкесіне айналмақ. Егер адам өзіне деген махаббатқа қанып өссе, онда мені біреу құтқарсын демейді. Мұндай адам өзін өзі құтқарған есепті. Жұмақ туралы қам жесеңіз, онда сіздің жұмақ – жүрекпен өмір сүру екенін түсініңіз. Өзіңді жақсы көріп үйренсең, ақыл айтатын адам қалмас. Имам тез өледі. Саясаткер соңынан еруші болмаған соң тез ұтылады. Билік пен үлкен корпорациялар банкрот болар еді. Олардың барлығы адамды психологиялық тұрғыда эксплуатациялаудың арқасында күн көреді.
Өзіңді жақсы көру сондай қиын емес қой. Өйткені, адам туабітті осынау керемет қабылетінен жүре бара айырылады. Өзіңді танымай тұрып өзгені жақсы көруді үйретсе, керісінше істеу әлдеқайда жеңіл. Тек түсіне білуге байланысты. «Мен өзімді жақсы көруге лайықпын. Өмірдің мәні өзіңе деген махаббатты өсіру. Мұндай махаббатты сезінбеген адам ешқашан есеймейді, тек қартаяды. Мен ешқашан тұлға бола алмаймын. Өзіме деген махаббатсыз ешқашан адамгершілігі мол, абыройлы, бүтін тұлға болып қалыптаса алмаймын» дегенді мойындау керек.
Егер адам өзін сүйе алмаса, онда өзгеге деген махаббат та шынайы болмайды. Көптеген психологиялық түйткілдер адамның махаббаты өзінен ұрланып, бұрмаланып, өзгеге бағытталуы салдарынан орын алады. Махаббаты ұрланған адам ешкім емес, болуға тиісті қалыбын жоғалтқаны. Мұндай адамның әрекеті түзетілуі керек. Әр адам тұлға болуға қақылы. Жапон елінде 400 жыл жасаған ағаштар бар. Бірақ олардың биіктігі тек 15 см ғана. Бұны олар өнердің бір түрі деп бағалайды. Ал, шын мәнінде ағаштарды өлтіріп жатыр. Ағаш көне болып көрінеді. Ал, бойы 15 см ғана.
Негізі бұл ағаштарды еркіне қойса, олар 30 м биіктікке дейін өсер еді. Оларға не істейтінін білесіз бе? Ерекше тәсіл қолданады. Олар ағашты ыдысқа сап өсіреді. Ыдыстың түбі жоқ. Тамырын ыдыстан шыққан сәтте қиып тастап отырады. Ал, тамыры тереңге бойламаған ағаш биіктей алмай, тәпелтек болып қала береді. Уақытынан бұрын көнереді. Бірақ биікке ұмтылмайды. Адамдарға да осындай тәсіл қолданады.
Адамды дамытатын өзіне деген махаббаты
Әр адам өзімшіл болуы керек. Діннің бәрі адамды альтруист болуға үйретеді. Адам өзін кез келгеннің ойына құрбан ете бергіш. Дін үшін, мемлекет үшін өзін құрбан ететін адамдар жер беті шекараға бөлінбегенін еске түсірсе екен. Жерді бөлу саясаткерлердің ойынынан шықты. Дін үшін басын бәске тігетіндерді де түсіну қиын. Ұлт үшін өлсең, еркек тоқты құрбандық дейді. Өзіңе қол жұмсасаң, кәпірсің дейді. Дін үшін соғыссаң жаның жұмақтан орын алады деп сендіреді. Адамды бағындырғысы келеді. Барлық манипуляцияның негізі бір. Ол адам өзін жақсы көрмеуі керек дегенге саяды. Сенің құның көк тиын. Өзіңді жақсы көру ұят тірлік деп бағалайды.
Адамдар өзін жек көреді
Егер адам өзін жек көрсе, оны біреу жақсы көре ала ма? Егер тіпті өзің өзіңді жақсы көрмесең, сені кім жақсы көре алады? Өзгенің махаббатына бұл жағдайда қалай сенуге болады? Адам туа салысымен белгілі бір қағидаларға, діни догмалар, саяси идеологияларға сеніп өссе, оның құны жоқ. Адам туғанда өзінің өмірін алдын ала таңдап қоймады. Оған оны тықпалады. Әрбір нәресте өмірге таза тақтайдай болып, саф күйінде келеді. Оның санасында Інжіл, Құран, Капитал жазылмаған. Ол өзімен бірге ешбір қасиетті кітапты тудырмайды. Бейкүнә сәби. Бірақ оның осы бейкүнә қалыбы кей адамдар үшін тыныштық таптырмайды. Діни қызметкерлер, саясаткерлер, ата-аналар, мұғалімдер оның таза санасына өзінің қалауын шимайлайды. Бала соның бәрі маған керек екен деп қабылдайды. Адамдар баланың қалауын бүлдіреді. Содан кейін өз қалауын тықпалап, баланы тізерлетеді.
Қиын адамдар
Миллиондаған жылдар бойы бір көрініс қайталана береді…
Адам құлдық санадан құтыла алмай өмір кешіп жатыр. Өзінің толыққанды емесін сезініп өсіп-жетіледі. Өзінің не істесе де пайдасын тигізе алмасын біліп қиналады. Одан талап еткеннің бәрін орындай алмасын біледі. Осы олқылықты түсінген Мәділер күшейе береді. Адам оларды құтқарушы деп сенеді. Ал, олардың адам күшін пайдаланатын езіп-жаншу жалғаса береді. Адам өзін құтқара алмайды. Қағидаларға бек сүйенгендер сіздің еркін жүзуіңізге жол бермейді. Ал, сіз өздігіңізден батып кетуіңіз әбден мүмкін.
Саясаткерлер халқын кедейліктен құтқарамыз деп алдайды. Бірақ кедейлік кемімейді. Қайта керісінше қанатын кеңге жайып келеді. Эфиопияда күн сайын мыңдаған адам аштан өліп жатыр. Ал, Америкада жарты миллион халық семіздіктен зардап шегеді. Америкада адам тамақты көп ішкеннен өлсе, африкалықтар жерге нан таппай қырылып жатыр.
Бұл фәнидің несі ақиқат?
Үндістанның да жарты халқы зорға нан тауып жеп отыр. Ал, үкімет бидайды сыртқа экспорттап келеді. Оларға ядролық қару, атом энергиясы керегірек. Оларға адам емес, бәйгеден алар жеңіс қана маңызды. Ол жеңістің адам өмірімен келетінін ешкім ескеріп жатқан жоқ.
Үндістан Америка сияқты ядролық мемлекет болуы үшін үш жүз жыл керек екенін анық. Бірақ оны есептеп жатқан ешкім жоқ. Билік тек құрту мен құру бағытында ғана дамып жатыр. Соның барлығы альтруизм құрметіне бағышталады. Мен әр адамның өзімшіл болғанын қалар едім. Өзіңізді жақсы көріңіз. Өзіңізді бағалаңыз. Ешбір адамдардың осы махаббатыңызды орта жолдан бүлдіріп, қисық жолға салуына жол бермеңіз. Ешбір діни, саяси, әлеуметтік, ағартушылық қағида сіздің махаббатыңызға нұқсан келтірмеуі тиіс. Дін мен ұлт та адамды іштей тез шірітеді.
Сіздің басты жауапкершілігіңіз – ол сіз. Егер әр адам өзін жақсы көріп, өзіне қамқорлық жасай білсе, оның интеллекті өседі. Оның махаббаты тез толысады. Өзін шын жақсы көру пәлсапасы адамды шын бақытты етеді. Өйткені, өзінде беретін қазына көбейген соң бөліскісі келеді. Бөлісу адамды бақытты етеді. Қуанышқа бөлейді. Альтруизм деген өзіңді жақсы көрудің кері әсері ғана. Егер адам өзін жақсы көрмесе, ол әлсіздігін сезінеді. Жақсы көру деген қоректену, қуаттану.
Өзін жақсы көрмеген адам бар жауапкершілікті өзгенің мойнына ілгенді жақсы көреді. Құдай жауапты, тағдыр жауапты, басқа адамдар, тек сіз емес. Хауа ананы азғырған жылан жауапты. Жауапкершілікті өзгеге ілу деген үлкен жауапсыздық. Жауапкершіліктен қашу адамның жеке тұлға болып қалыптасуына кереғар әсер етеді. Адам жауапкершілікке өзін жақсы көре білген кезде келеді. Әр адам өз жауапкершілігіне қуанып, соған сай өмір сүреді. Жауапкершілікті өзгеге арту уақыт жоғалту. Еркіндігіңді ұрлату. Өзгенің тәуелділігіне түсу. Жауапты болу адамға қуат-күш сыйлайды. Адамның тамырын тереңге тартуға мүмкіндік береді. Жауапкершілікті алудың қайнар бұлағы өзіңді жақсы көруден басталады.
Менің таңдауым
Жұмақ адамға еркіндік пен өзінің менін сыйлайтын орда болса керек. Жұмақ адамды жіпсіз байлап ұстайтын абақтыға айнала алмайды. Мына жолмен жүрсең жұмаққа барасың деушілерге сену таза ақымақтық. Жұмаққа жолды адам өз менімен, өз жолымен салуы тиіс. Адам ең алдымен өзінің менін табуы керек.
Өзіңді сыйла
Жер бетінде аяқ басып жүргенің үшін бақытты сана өзіңді. Әйтпегенде, адам жер басып жүрмес еді. Жер бетінде жүргенің үшін ешкімге ештеңе берешек емессің. Тек жүрегіңе сен. Адам өзіне сенсе, әлемдегі көп тығырықтан құтылар еді. Сонда адамды ешкім езіп-жаншуға беттемес те еді.
Өзін жақсы көруді үйренген адамның бүтіндігі
Екі аяғына нық тұрған адам басына не іс түссе де оны көтере алады. Өмірге риза көңілмен жүреді. Ол тіпті өлімді де ризашылықпен қабылдайды. Өзіне билік жүргізуге мүмкіндік бермейтін адамды қоғам жазалауды дұрыс санайды. Бірақ азат адам әрдайым өзінің еркіндігін жоғары бағалайды.
Сократ айтыпты: Өтірік пен аярлықтан көз ашпаған қоғамда өмір сүріп шындықты айту деген өлім сұрау дегенді білдіреді. Сондықтан менің өліміме ешкім кінәлі емес, тек өзім ғана. Шындықты айтпасам өлгенім артық. Менің таңдауым. Өзімнің ойыма сай, сезімдерімді жасырмай, қалаған өміріміді сүрдім, енді дәл солай өлгім келеді. Ешкім өзін кінәлі сезінбесін. Өз тағдырыма өзім жауаптымын. Ешкім мен үшін ештеңе шешпейді. Мен өзім үшін өзім шешемін.
Абыройыңды сақтау деген сол
Егер Сократ сияқты адамдар қатары көп болса, жер бетінде әділдік орнар еді. Бірақ тұлға болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан жауапкершілікті ала білудің маңызын сезіну қажет. Сонда ғана өз жолыңызды табасыз. Өміріңізге риза боласыз.
Өзіңді сақта
Тобыр тұлғаны таптап кетуі ықтимал. Бірақ тұлға ғана пышақтың жүзіндей лыпып тұрған өткір жүзбен жүре алады. Нар тәуекелге бел буа алады. Адам неғұрлым қауіп-қатерді көбірек сезінсе, соғұрлым өзін тірі сезінеді.
Бір сәтте бүкіл ғұмырды сүрудің мүмкіндігі болса, ондай адам сол бір сәтті таңдар еді. Олар барын бәске тігіп өмір сүреді. Адам іскер емес, түйсікпен сезінетін ойыншы іспетті болғаны жөн. Келесі сәтке ештеңе қалдырмаңыз. Бірақ неге екенін келер сәт сізге бұдан да көп олжа сыйлары хақ. Кедей адам болып қалсаңыз да көңіл түкпірінде осылай жасағаныңызға бір ризашылық пайда болады. Өзіңізді қаған сезінесіз. Адам жаман жағдайға түсе алмайды. Бірақ бала күніндегі ессіз күлкісін ұмытса, онда қақпанға түскендей болады. Онда шыныменде ол адам денсаулығы мен бүтіндігінен айырылары сөзсіз.
Бүгін және осы сәтте өмір сүрудің ғажабын сезініңіз. Өмір мен өлім қатар жүргенін ұмытпаңыз. Қақпанға түсу – адамның өлімді таңдағаны болып шығады. Ол билік басына кім келеді деп, оны кім жақсы көреді деп болмашыға бас қатырып өмір сүреді. Өмірі бос қайғымен өтіп кетеді.
Бірде бір гүл гүл болайыншы деп сұрамайды дейді Конфуции. Қайғы мен мұңға деген уақыт көрде де жеткілікті болар. Өмірді күлкіге арна. Тірі тұрғаныңда өмір сүр. Бақыт сезімнен тұрады. Өмірді сезуден. Бақытты адам билегенді үйренеді.
Күлген адам бақытты
Қайғымен адам өзінің менін тығып қояды. Бетіне бетперде киеді. Қоғам оны қандай етіп көргісі келсе, сол күйін ғана көрсетеді. Ешкім сіздің шынайы күлгеніңізді қаламас. Көршілер қабырғаны тақылдатып, күлме дейді. Қайғыру – қалыпты оларға. Ал, күлкі – мазалайды. Қайғысы бар адам қайғырмайтындарды түсінбейді.
Тобыр бақытты адамның күлкісін көтере алмайды. Олар оны жұтып қойғысы, түп-тамырымен жойғысы келеді. Олар адамның ішіндегі қарсылығын тудырғысы келеді. Ашудан жарылса екен дейді. Ішіндегі әлемге қарсы тұратын рухты сезгенде адам дұрыс жолмен келе жатқанын түсінеді.
Аударған Шынар Әбілда