Өмірбақи «Қазағым!» деп өткен Шер-ағамды жоқтаймын!
Бір кем жалған дүние-ай! Кеше ғана күндей күркіреп жүрген Шер-ағамыз бүгін жоқ. Орны қай жерде де болсын омсырайып тұр. Бүгін міне қазақтың бір туар ұлының бұл фәниден көшкеніне қырық күн. Жоқтайсың. Іздейсің. Табатының оның жарқын бейнесі, тарихта қалдырған іздері, том-том дүниелері. Табатының ағаның ұлтын қорғап айтқан алдаспан сөздері. Көңілге медет тұтатының ағалық ақыл-кеңесі, естеліктер елесі. Менің арғы ата-бабаларым Шерхан мен Бауыржан көкелерімнің кіндік кескен жерінен екен (Бұны да бір кездесуде Шерхан көкем тарихты еске алып айтқан еді). Бұл маған өмірбақи зор жауапкершілік жүктеді, намысымды қамшылады. Ол алыптардың қарындасы жаман адам болмауы тиіс!
Шер-ағаң кітаптарының көбісін оқыдым. Ол кісімен аралас-құраластығым болды. Ақылын тыңдадым, батасын алдым. «Қазақтың қыздары қымыз, ал жігіттер, біздер саумалмыз ғой» деп бізді биікке көтеретін. «Ай мен Айша» кітабыңыз жүректің қылын шертетін нәзік сезіммен тұрады ғой, аға. Кітаптағының бәрі шындық па?» деп сұрақ қойдым. «Шынайы шындық. Көркем дүние болғанмен өмір болмысынан ауытқымадым. Жылап отырып жазған тұстарым көп. Шерге толы шығарма ғой» деп күрсінетін. Музыкант ұлым Ернар туралы айтқанын ұмыта алмадым. «Ернаржан қазақтың атын әлемге паш етіп жүрген халықтың ұлы. Музыканттың сезімі тым нәзік болады. Оларды аялайықшы» деген. «Сыртың бүтін, ішің түтін демекші мына ағаңның ішінде де ешкімге тіс жарып айта алмайтын қасіретке тұнған сырлары да бар ғой» деп салы суға кете мүжілген ағаның жүзіне қарай алмай қыйналған сәтім де болған. Бір кем дүние-ай!
Ағаның тұла бойы намыстан жаралған ба дерсің. Нағыз ер мінезді жан еді ғой, Шер-ағам. Жамбыл облысы Жуалы ауданының демеушілігімен шыққан «Намыс найзағайы» кітабы менің бойтұмарыма айналды. Сол кітапты оқыған сайын рухым асқақтайды, күш береді.
Ғұмыр бойына «Қазағым!» деп өткен, арыстандай ақырып Алашын қорғаған, сол қасиетті жолда жүйкесін де, жүрегін де, өмірін де аямаған Шерхан аға елін, ұлтын алаламайтын, руға бөлмейтін. Рушылдықты өбектегендерді ата жауындай көретін еді. Сондай өр мінезді, айбарлы жанды, мұхиттай әлем дүниені, таудай тұлғаны Ажал арамыздан жұлып алып кетті. Бақұл бол, ағатайым! Аллам о дүниеде де Сізді қолдап, иманыңызды саламат етіп, жаныңызды жәннаттық етсін! Әумин!
Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР еңбек сіңірген қоғам қайраткері