Өмірден ләззат алып
«…Жасым қырықтан асқан кезде әлдебіреудің әншейін «Не істеп жатырсың?» деген сұрағына «Осим хаим» деп жауап беруге болатынын білдім. «Өмірден ләззат алып отырмын». Израильге барған кезде осындай қызық жауапты алғаш естідім. Тура мағынасында «өмір сүріп жатырмын».
Қаладағы бір дәмхана. Көрші үстелде екі қарт адам отыр. Әйел мен еркек. Күйеуі мен зайыбы емес. Менің шамалауымша, ескі достар. Әр нәрсені айтып, ерігіп отыр. Дәмді кофе ішіп, тәтті жеп, еркін әңгімелесіп. Осы сәтте қоңырау шалынды. Еркектен біреу «не істеп жатсың?» деп сұрады. Ол болса: «Осим хаим» деді. Өмірден ләззат алып отырмын.
Мәселе шешіп, әлде ақша тауып жатырмын, пәлен сұрақтың жауабын іздеп, мақсат қойып, соған жетудің амалын қарастырып жатырмын, арықтап жүрмін деп те айтпады! Жоқ! Жай ғана өмірден ләззат алып отырмын дегені.
Осы сөздер көкейімде жатталып қалды. Мені біреу осы ұғыммен жадылап қойғандай. Мен де соны білгім, үйренгім келді.
Бірінші сабақты зоодүкеннің иесі өтті. Таң атпай сол дүкенге келдім. Итімнің азығын алатын жер. Дүкенін ашыпты, бірақ өзі әлі ұйқылы-ояу, керіліп-созылып жүр. Тауарын сөрелерге баяу қойып жатты. Мен өзіме не керек екенін тақ-тақ етіп айттым. Тездетсеңіз дегенді қосып үлгердім.
Бірақ дүкеннің иесі тордан кішкентай көжекті алды да менің қолыма ұстата қойды. Сол сәтте бірден түсіндім. «Осим хаим» деген осы екен ғой!
Мен үшін уақыт тоқтап қалғандай болды. Қолымдағы үлпілдеген көжекті күні бойы сипалап тұра беруге бар едім. Дүкеншінің шабан аттай баяу қимылына мән бермей тұра бердім, тұра бердім.
Одан кейін де көптеген сабақ алдым. Соның бәрі жаныма ләззат сыйлады. Мысалы, Тель-Авивте ең дәмді кофені қай дәмханада демдейтінін анық білем. Сапасы ерекше болғандықтан емес. Тек онда өте көңілді адамдар жиналады. Бәрімізге ортақ тақырып – иттеріміз! Сол әлемді асықпай кофе ішіп бақылап отыру – мен үшін «Осим хаим».
Немесе, мен ешқашан жылқы малын қолдан тамақтандыру керемет әсер беретінін білмеппін. Жаның жай табады. Жылқы ұстайтын ханым қолыма алма ұстатып, алдыға соз деді. Жүрегім су етті. Бала күнімнен жылқыдан қорқатынмын. Бірақ қолдан алма жеп үйренген жылқы өзі жақындап келді де, дүрдиген дәу аузымен алақанымдағы алманы дымын қалдырмай жалап-жұқтап жеп қойды. Айтарға сөз табу қиын еді.
«Осим хаимның» ең басты сабағын алдыңғы жылы сезіндім. Қызымды мектебінен алып үйге қайтып бара жатқанбыз. Дабылдың дауысы жаңғырықты. «Берік жартас» деген операция жүріп жатты. Біз ракетадан жауған оқтың астында қалдық.
Нұсқаулық бойынша қимылдап, мен көлікті өшірдім де, қызымды автокреслодан суырып алдым, жолға жатқыздым да, өзім оны бар денеммен жаптым. Жарылған ракетаның төменге гүрс құлағанынан тербелген жерді әлі де ұмытпадым. «Анашым, тұншығып барам» деген қызымның сыбырынан есімді әрең жидым. Бар күшіммен басып қалыппын.
Сол күнгі оқиғадан кейін өмір мен үшін мүлде басқа қырынан ашылды. Сонда барып шын мәнінде өмірден ләззат алудың не екенін түсінгендеймін. Дәл қазір! Осы сәтте!
Байлық – қандай тон киіп, нендей көлік мінгенің, ерекше телефон ұстағаның емес! Байлық деген – көзі тірі ата-анаң, дені сау ұрпағың, сенімді достарың, басыңды иығына сүйейтін сүйіктің!
Егер көзің көріп, жүріп, сөйлеп, сүйе алсаң, күнде таңертең төсегіңнен өзің тұра алсаң – сіз ерекше бай адамсыз!
Өмірден көңіл қалғанда, жастайынан өмірмен қоштасқандарды еске алыңыз!
Күйеуге көңіл толмағанда, қаншама қыз оң босағада отырғанын ұмытпаңыз!
Тіл алмайтын балаларыңды ұрысқан кезде, күн-түн демей Жаратқаннан бала сұрап, жалбарынып жүрген қаншама адам барын еске түсіріңіз! Қолда бардың қадірін біліңіз!
Өмірдің қуанышы мен жанның тыныштығын ұрлайтын үш қақпан бар: өткенге өкіну, келешекті уайымдау, бүгініңе риза болмау!
Өмір бақи өзім қатты жақсы көретін жақын адамдарымнан айырылып қалудан қорқам. Менен де айырылып қалуға қорқатын мендей адам бар ма екен?
Көзіңді жұмып, құшағына құлай салатын жан жолықса, онда сіз бақыттысыз!
Кейде ғажайыптың өзі құртақандай болады. Адамдар оңайлықпен байқай бермейді.
Жалпы адам деген бір түрлі жаратылыс. Бір біріне қиямет қайымды орнатады да, кешірімді Құдайдан сұрайды.
«Айғайлап туып, күңіреніп өлеміз. Күліп өмір сүргеннен басқа амал жоқ» деген екен Виктор Гюго.
Ш.Әбілдә