ӨМІРДІ ӨНЕРІМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

                                                                                                                                                                                               

   Қазақ халқы төрт түліктен алынатын барлық өнімді кәдесіне жаратып отырған.

Мәселен, малдың еті мен сүтін азық етсе, жүні мен терісінен киім-кешек, ыдыс-аяқ, ат әбзелдерін жасап, күнделікті тұрмыста пайдаланған.

Бүгінде осы төл мәдениетімізді насихаттап жүрген қордайлық қылқалам шебері Өжет Нүсіпбаевтың шығармашылығы аудан жұртшылығына бұрыннан мәлім. Ол сурет өнерінің живопись, графика түрлерінен бөлек, теріге бедерлеп бейне салумен айналысады.

Өжет Қазыкеұлына суретшілік өнер анасынан дарыған. Уәзипа апа қолынан қайшысы түспеген ісмер жан болған екен. Ауылдағы текемет, сырмақ, тұскиіздерді көзбен-ақ мөлшерлеп, түрлі ғажап ою-өрнектерді сызып шығатын. Бала кезінен өнер ортасында өскен кейіпкеріміз ержете келе өзі де шығармашылықтан алыстамады. Мектеп бітіргеннен кейін Фрунзедегі Қырғыз мемлекеттік көркем сурет училищесінің сәндік-қолданбалы өнер бөліміне оқуға түсіп, 1970 жылы оны үздік бітіріп шығады. Содан бері жүрегі қалаған кәсібінен қол үзген емес. Еңбек жолын 1971 жылы сауда жарнамасымен айналысатын жекеменшік компанияда суретші болып бастаған. Кейінірек Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы жанындағы сурет шеберханасының жетекшісі қызметін атқарған. 1977 жылы шығармашылық еңбек жолын бастап, түрлі көрмелерге қатыса бастайды. 1981 жылы режиссер Д.Иманқұловтың «Шекарада» спектаклін көркемдеп безендіргені үшін Алматы қаласында Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің I-дәрежелі дипломымен марапатталған.
Мал терісі иілгіш, бедерлеуге және түрлі түстерге бояуға ыңғайлы материал. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Өжет Нүсіпбаев одан алуан түрлі дүниелер жасауға болатынын айтады: «Көбіне ірі қараның терісін, кейде ешкінің терісін пайдаланамын. Ешкінің терісі әсіресе көркемдік жұмыстарға ыңғайлы. Жалпы мал терісі – берекелі, оның ішінде өткеніміз бен келешегіміздің сыры жатыр деп есептеймін. Мен шығармаларымда халқымыздың тарихымен қатар өз ойымды, ішкі жан дүниемді жеткізуге тырысамын».