Өмірді үзген өкпе
Ажалдың айғайлап келмейтіні дүйім жұртқа белгілі. Қалай болса да ел-жұрттың көз алдында шауып жүрген ер азаматтың аяқ асты өмірден көшуі оны жақсы білетін адамдарға жарық аспанда найзағай шағылғандай әсер етті. Барлық ел-жұрты, жолдас-жорасы ағылып қазалы отбасына барып көңіл айтып жатты. Жақсы жігіт ағасы еді. Алпыстың өріне шықса да жас баладай шауып жүретін елгезек, кішіпейіл, ешкімді жатсынбайтын ақ жарқын мінезді, жайдары жан еді. Тіршілігінде қандай қызметтің тізгінін ұстамасын абыройлы атқарып, беделді болды. Жолдас-жорасының да көп екенін соңғы сапарға шығарып салуға жиналған 300-ден астам адамдардың қарасынан білдік.
Алайда сол қаралы қазаға жиналған адамдардың арасында лезде бір сыбыс әңгіме таралып кетті. Ер азаматтың аяқ асты өмірден көшуінде бір гәп бар екен. Ақырын бәсең дауыспен айтылған әңгіменің төркінінен ұққанымыз. Отағасы сонау бір жылдары алдағы тіршіліктің қамын ойлап, шаруа қожалығын құрып, барлық малын туысқан інісінің алдына салып беріп, жағдайын жасап отырыпты. Малшылардың жалақысы, жемшөбі және тағы басқа шығындарын осы уақытқа шейін өзі көтеріп келіпті. Кейін зейнетақыға шықса да сол шаруа одан әрі жалғаса берген көрінеді.
Бірде жұбайы Күлпанның:
— Малдарыңды түгендеп алсаң қайтеді, — деген сөзіне тумысынан ақ көңіл отағасы:
— Түгендеп қайтемін, екі туып бірі қалған ағатайымның баласының иелігінде ғой. Барлық жағдайын жасап отырмын, — деп тыңдамай жүре жауап беріпті. Біраз жылдар өткен соң Алматы қаласында қызмет жасайтын ұлы үйленбекші болады. Отбасымен қуанған жігіт ағасы «Ақ түйенің қарны жарылды» деген осы деп жылма-жыл малы өсім беріп, көбейіп жатқан шаруа қожалығына шауып келеді. Інісіне болатын қуанышты хабарды жеткізіп, ірі қараның біразын сатып қаржы жасайтынын айтады.
Алғашында інісі:
— Он шақты жылқыны сатам дейсің, оны кім сатып алады? — деп қашқақтапты.
— Алушыны өзім табамын ғой. Кішкене бағасын түсірсем, соғым іздеп жүрген жолдас-жорам жетерлік. Тек сатып алушы келгенде малды көрсетіп, тиын-тебенін өзің санап алып қал. Мен бұл жаққа қайта-қайта келе алмаймын. Шаруа көбейіп тұр, — деп жөнін айтыпты.
Содан асығыс қайтып кеткен отағасы жатпай-тұрмай жылқыларын саудалап, қалада бір тыным таппапты. Шынында да таныстарының арасынан сатып алушылар табылып, айналасы 10-15 күнде он шақты жылқысы сатылып кетіпті. Қаржы шаруасы реттелгеніне қуанған отағасы жұбайына:
— Еңбектің үлкені осы інімде ғой. Ренжітпейік, қолына біраз тиын-тебен беріп кетейік, — деп ақылдасыпты. Әйелінің:
— Неге ренжиді, ана қаладағы үлкен қызын грантқа оқуға түсіруге ықпал еттің, бес-алты жыл үйімізде тұрғызып, қамқорлық жасадық. Енді қызметке іліндірдің. Көзі соқыр болып қала жаздаған кіші ұлын Алматыға апарып, ақшасын өзің төлеп, ота жасаттың. Айта берсем жасаған жақсылығың ұшан-теңіз ғой, — деген сөзіне.
— Ой, қойшы жақсылық жасасам өзімнің ұрпағым ғой. Саусақпен санап айта берме. Ұят болады, — деп бетін қайтарып тастапты.
Сонымен олар кешкі қараңғылық үйіріліп қалғанда шамы жылтылдап алыстан көрінетін малшы ауылға жеңіл көліктерімен жетіпті. Мал қоралап жүрген інісі мен үйінде отын жағып отырған қара торы әйелі оларды бірден жақтырмағанын салыңқы қабақтарымен білдіріпті. Ойында дәнеңе жоқ отағасы:
— Ал, он жылқы сатылды. Әрқайсысының бағасын өзім белгіледім. Менің есебімше үш жарым миллиондай теңге жиналды. Ұлдың тойына да, құдалығына да жетіп қалар, — деп әңгімесін бастайды.
— Қайдағы үш миллионды айтып тұрсыз? — деп шаңқ ете қалған інісінің әйелінің даусынан ерлі-зайыпты екеуі де селк ете қалады.
— Міне, есебім бар, — деп отағасы қалтасынан қағазын шығарып, даладан соңдарынан ере кірген інісіне береді.
— Ол есепті білмейміз. Біздің есебімізде Сіздің тек қана екі биеңіз ғана бар болатын, — деп жүзінен түгі шыққан пысық әйел басын қиқаңдатады.
— Қалайша? — деп отағасының таңғалғаннан аузы ашылып қалыпты. Мен осыдан он шақты жыл бұрын бір үйір, яғни, айғырымен 13-14 бас жылқымды алдарыңа айдап әкеп бердім ғой. Ай сайын баққан-қаққандарыңа жалақы төлеп отырдым.
— Ия, солай ғой, бірақ мал болған соң өлім-жітім болады, — деп інісінің үні мұрын астынан міңгірлеп шығыпты.
— Ауырған, өлген жылқы болса неге келіп-кетіп жүргенімде айтпадың? — деп бұл әңгіменің төркініне түсінбеген отағасы таңғалады.
— Қайным, сонда он шақты жылда бес-алты бие құлындаса да жылқының саны 40-тың үстіне шығып тұр ғой. Екі-ақ малыңыз бар деген не сөзің? — деп бәрін тыңдап тұрған отағасының әйелі Күлпан шыдамай әңгімеге араласады.
— Екі бас жылқының ақшасын бергелі тұрғанымызға да рақмет айтыңыздар. Сотқа берсеңіз де біз сатылған жылқылардың ақшасын бере алмаймыз. Әңгіме осы. Ауылдық округтің кітабында барлық мал біздің атымызға жазылған, — деп інісінің долы әйелінің бетбақтыратын түрі көрінбейді.
— «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деген сөзге сене бермеуші едім. Бірге туып өмірден ерте көшкен бауырымның баласы ғой деп саған шексіз сенгенім-ай! Менің ту сыртымнан қадағалы тұрған пышақтың құны 3 миллион теңге ме? Ақша үшін мені неге жерге қаратып, сатып кеткенің не? — деп қатты ашуланған отағасының қаны көтеріліп басына шығыпты.
— Аға, біздің де бала-шағамыз бар дегендей. Ішіп-жеміміз тағы бар, — деп інісі міңгірлеп басын төмен тұқыртыпты.
— Әй, неменеге сүмірейіп тұрсың? Мылқау болып қалдың ба? Айтпайсың ба, малың жоқ деп. Олар бұл малдарсыз-ақ бай адамдар ғой. Битін сығып отырған біз дейсің бе? — деген інісінің әйелінің даусы тіпті ышқынып шығыпты
— Інім, бауырым деп еметайым езіліп жүрсем, сатқын болып шыққаның қабырғамды қайыстырып тұр. Осы жасқа келгенімше саған қамқор болып, жақсылығымды аямап едім. Тіпті сотталып кете жаздағаныңда түрмеден де аман алып қалып едім, — деген отағасының күйінішті даусы әзер шығыпты.
— Аға, ренжімеші, мына әйел құлақ етімді жеп қойды, — деп інісі басын салбыратып, көзімен жер шұқыпты.
— Ой, әкеңнің, бір әйелдің етегінің астынан шыға алмаған ез екенсің. Жүр Күлпан қайтайық. Менде енді бауыр жоқ, мұнда енді аға жоқ, — деп салы суға кеткен отағасы сұп-сұр болып үйден шыға беріпті.
— Аға, екі жылқының ақшасын алыңыз, — деп соңынан ілесіп шыққан інісіне:
— Керегі жоқ алмаймын. Бауырдан саған ақша артық болған екен, жастанып жата ғой, — деп қолын сілтеп, жеңіл көлігіне отырып жұбайы екеуі жүріп кетіпті. Содан отағасы жол бойы қатты қапаланып, қабағы түйіліп, жұмған аузын ашпапты. Күйеуінің әлем-тапырақ ашулы жүзіне қарап, болған келеңсіз әңгімені әрі жалғастыру отқа май құйғандай әсер ететінін білген жұбайы да үндемеген көрінеді. Үйіне келген соң отағасы үн-түнсіз жатын бөлмесіне кіріп, төсегіне жантайып жата кетіпті.
Асүйде кешкі тамақ әзірлеп жүрген Күлпан бір кезде жерге дүрс етіп түскен дыбысты естиді. Ол шошып кетіп, жатын бөлмеге жүгіріп кірсе, төсектен құлаған отағасы арыстай болып жерде созылып жатыр екен. Бауырының қиянатына өкпелеген ер азаматтың жүрегі шыдамай жарылып кеткен көрінеді.
Одан кейінгі естіген хабарымыз, сол інісі мен әйелі беттері бүлк етпей, жылап-сықтап ағасының қазасына көңіл айтуға келіпті. Сол күндері әдейі жасалғандай олардың үйіне ұры түсіп, жиған-терген қаржысын жер қаптырып, түптеп алып кеткен көрінеді. Оларға жаны ашыған жақын маңда пенде болмапты. Арада көп уақыт өтпей-ақ жайылымда жүрген жылқылары, ірі қара малдары әлде қандай аурудан аяқ асты ен далада домалап, арам қатып, қырылып қалыпты. Мұны көрген інісінің долы әйелі жоқтау айтып, өз шашын өзі жұлып, жата қалып жер тырмалапты.
Мұны естіген ауылдың қария-лары: «Малын иесі алып кетті», — деп басын шайқапты. Оны біреу түсінді, біреу түсінген жоқ. Тек қана өкпе өмірін үзген абзал азамат енді арамызда жоқ.
Нұрила Бектемірова