ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН

Ердің атын еңбек шығарады. Қазыналы қарт Қаратау өңірінен елі үшін қызмет еткен, еңбектің арқасында абырой биігіне көтерілген талай еңбектің ерлері шыққан.
Туған жерін түлетуге ат салысқан жандарды, елдің елі үшін елеулі еңбек еткен перзенттерін кейінгі толқын білуі керек. Жарқын істерін үлгі етуі қажет.
Солардың қатарында Сарысу өңірінің өркендеуіне, дамуына үлес қосу арқылы абырой тұғырына көтерілген еңбеккерлер ағайынды Айтбеков Көшен және Айтбеков Оразымбет ағаларымыз бар.
Заманның қиын-қыстау кезеңінде, 1927 жылы өмір есігін ашқан Көшен ағамыздың балалық шағы оңай болған жоқ. Бұл байларды тәркілеу, отырықшыландыру науқаны, ашаршылық нәубетінің кезі еді. Ал, 1936 жылы дүниеге келген Оразымбет ағаның балалық шағы ел нәубеттен еңсе тіктей алмаған, ашаршылықтың салқыны аздай, бұған Ұлы Отан соғысы қосылған уақытпен тұспа-тұс келді.
Қиын кезеңде есейген олар еңбектің ащы дәмін татып өсті. Бүкіл елге қасірет алып келген соғыс өрті тұтанғанда, майданға кеткен ерлердің орнын басқан аналарымен, жеңгелерімен бірге мал бақты, шөп шапты. Колхоздың бар жұмысына жегілді. Бала да болса, тылда жүріп, жеңісті жақындатуға еңбектерімен атсалысты.
Көшен ағамыз соғыстан аман-есен келген майдангер ағаларымен бірге тұралап қалған ауылды көркейтуге ат салысты. Колхозда еңбек етті.
1947 жылдары аудандағы мал саны үлкен қарқынмен көбейіп, жайылымдар тарлық ете бастаған шақта Бетпақдала арқылы Арқа жайлауына мал шығару басталды. Қазіргі Ақтоғай, Жаңаарық ауылдарындағы бұрынғы «Серго», «Ілгербас», «Жаңакүш», «Ынтымақ», «Көркею» сияқты колхоздардың адамдары Төменгі Шу бойына күшпен көшірілді. Шу өзенінің бойында Жайлаукөл ауылының іргетасы қаланды. Көшен аға осы Жайлаукөл совхозында біраз уақыт еңбек етті.
Оразымбет аға соғыс аяқталған жылы Талдыбұлақтағы (қазіргі Ақтоғай ауылы) Серго атындағы жетіжылдық мектепке барып, 1952 жылы бітірді. Осы жылы комсомол (ВЛКСМ) қатарына өтті.
Жастайынан еңбекке ерте араласып, төрт түлік малды қастерлей білген олар мал баққанды ұнатты. 60-шы жылдардың басына қарай Көшен ағамыз інісі Оразымбет ағамызбен бірге Жайлаукөлден келіп, ауылда шопан болып еңбек етті. Ол кезде Ақтоғай, Жаңаарық ауылдары Түркістан совхозына қарады.
1970 жылы екі ауыл бірігіп, «Жаңатас» қаракөл қой совхозы болып құрылды. Екі ағамыз зейнет жасына шыққанға дейін осы «Жаңатас» совхозында аға шопан болып, еңбектің тайқазанын қайнатты.
Осы ретте, ағаларымыздың мал бағудың ыстық-суығына төзген ерен еңбектерін айта кеткеніміз жөн. Күндіз де, түнде де көз ілмей қойдың амандығын ойлап, шаруашылықтың басы қасында жүрді. Совхоздың малын өсіру үшін барын салды. Қыстағы қақаған аяз, жаздағы аптап ыстық, нөсер жаңбырмен қоса, күз бен көктемдегі қара суықтарда мал басын аман сақтап, тығырықтан жол тауып жүрді. Төгілген ащы тер мен өнімді жұмыстың арқасында мал басын көбейтіп, жоспарды артығымен орындап отырды. «Жан қиналмай жан алақай жоқ»,-дейтін Көшен ағамыз. Мал бағудың қиындықтарынан жандары қанша қиналса да тыншыған жоқ. Керісінше қиындықтан сабақ алып, іздене жүріп еңбек етті.
Бір кездері мал шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып, елдің абыройын аспандатқан, Кеңес Одағының ең жоғарғы марапаты «Социалистік Еңбек Ері» атағы мен «Ленин» орденіне ие болған ағайынды Салыбаев Тілеміс және Бектеміс сияқты ағаларының тәжірибесін пайдаланды. Ақылдасып отырды.
Жылдар өте келе сан алуан қиындықтарды артқа тастаған қос шопанның тәжірибесі толысып, қой өсірудің құпиясына қанықты. Тәжірибесі шыңдалған ағайынды Айтбековтердің жұмысы алға басып, үлкен нәтиже берді. Өздерінің табан ет, маңдай терілерімен совхоздың, одан әрі ауданның абыройын асқақтатты. Әр жыл сайын төл басын көбейту, ет пен жүн өткізуден жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, аудандық «Сарысу» газетінде мақтанышпен жазылып жатты.
Осылайша табысты жұмыс жылдан-жылға жалғасып, істеген жұмыс мен төгілген тер абырой мен құрмет болып орала бастады. Еңбектері мемлекет және жоғарғы басшылық тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды.
Айтбеков Көшен ағамыз сол кездегі Кеңес Одағының жоғарғы марапатының бірі «Еңбек Қызыл Ту» орденін, «Құрмет белгісі» орденін, Айтбеков Оразымбет ағамыз «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін кеудеге тақты.
Бұл марапаттар шопан ағалардың жұмысқа деген құлшынысын арттырып, қарқынына қарқын қоса бастады.
Сол кездері аудан шопандары социалистік жарысқа түсіп жататын. Қыста қой қоздатып, жазда аптап ыстыққа күйген шопан еңбегі бағалауға әбден лайық. Еселі еңбекті мемлекет одан әрі бағалады. Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдары, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» тағы басқа да көптеген медальдар, СССР Ауылшаруашылығы министрлігі, ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің және өзге де салалық мақтау қағаздар – ағаларымыздың ерен еңбегінің айғағы.
Ал, әр жыл сайын алып жатқан заттай сыйлықтар, техника өз алдына бір төбе.
Оразымбет аға Коммунистік партия мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 3 мәрте Сарысу аудандық партия конференциясына делегат болып сайланды. Шопандардың республикалық, облыстық алқалы жиындарына қатысып, сөз сөйледі.
Көшен аға 80-ші жылдардың соңына қарай зейнетке шықты. Зейнеткерлікке шықса да қол қусырып отыра алмай, совхоз малшыларымен жайлауда бірге жүрді. Тәжірибесімен бөлісті.
Біз мектепте оқып жүрген шағымызда ағаларымыздың кеңшарда қаракөл қойын өсірудегі еңбегі мен төккен терін және мал бағу тәжірибесін көзімізбен көрдік.
Мен мектепте оқып жүргенде біздің үй Көсегенің көк Жонына бие байлауға шығатынбыз. Көшен ағаның үйінің қасына барып, жаз бойы бірге болатынбыз. Әкеміз Тілеміс інілері Көшен мен Оразымбет ағаларымды іздеп отыратын. Қолдағы азын-аулақ малды інілеріне қосып қоятын. Жаз бойы аудан малшыларымен бірге жайлаудағы думанды күндерді сабақ басталғанға дейін өткізіп қайтатынбыз.
Шіркін, сол кездегі сыйластықтың жөні бөлек екен ғой… Інінің ағаны сыйлауын біз сол кездерде көріп өстік. Екі інісі де атамыздың алдынан кесе көлденең өтпейді, айтқанын таңдайды, сыйлайды.
Көшен ағамыздың мінезі тік, сөзі нақты әрі астарында салмағы басым әзілге құралып отыратын. Ол кісінің қалжыңы мен әзілі қайсы, ұрысы қайсы, түсіну қиындау болатын.
Бірде, мен 7-ші сынып оқып жүргенде Жонға шығатын болдық. Ол кезде Көшен ағамның үйі Жондағы «Жаңабай қырманы» деген жерде отырады. Әлі совхозда шопан болып жүрген кезі. Алғашында малды қосуға бардық. Мал өрісте екен. Өрістегі малдың қасына барып атам екеуміз күтіп отырдық. Көшен аға келіп, атама амандасты да маған қарап, «Кел, төсіңді аш, дос боламыз» деді. Бұған дейін бір-екі рет «дос боламыз» дегенде, балалықпен ұстатпай қашып кеткенмін. Бірақ, Жонға шығарда апам: «Ағаң дос боламыз десе, қорықпай төс түйістіріп, дос болып қайт»,- деп тапсырып жіберген. Содан, сол жолы ағаммен қорықпай төс түйістіріп «дос» болып қайтқанмын.
Кейін білгендей, бұрын бір-біріне қадірі өткен адамдар бұрынғының жолымен әрі қарай да ұрпақтар сабақтастығын одан әрі жалғастыру үшін балаларымен немесе өздері төс түйістіріп дос болған екен. Көшен аға да сол ағайындықты, туысқандықты, сыйластықты одан әрі жалғастыруды көздеген екен.
Бірақ, кейде ойнап кетіп ол кісі малдан келе жатқанда алдынан шықпай қалсам
немесе малға бірге шықпай қалсам «Әй, екеуміз достықты қоямыз-ау», деп қалжыңдап қоятын. Мен ол кісінің қалжыңын түсінбей, достықтан айырылып қалатындай қорқып жүретінмін. Өте білімді, ескілікті, тарихи әңгімелерді жақсы айтушы еді. Жайлауда жүргенде қасында жүріп, әсерлі әңгімесін, ақыл-кеңесін көп тыңдадым.
Көшен ағамыз жұбайы Айдарқұлқызы Зеберкүл тәтемізбен бірге 3 ұл 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Келін түсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, бірнеше немере, шөберелер сүйді. Құрмет демалысына шығып, ауылға келіп, ауылдың тыныс-тіршілігіне араласып, жастарды имандылыққа тәрбиелеп, қариялылыққа қарай бет бұрып келе жатқан кезде 1994 жылы 67 жасында қайтыс болды.
Оразымбет ағам мен үшін өте биязы, жұмсақ кісі көрінетін. Мені бала күнімнің өзінде «Асанбай келді» деп еркелетіп, кейде үлкен кісіше әңгімелесетін. Қазірдің өзінде 80-нің ортасынан асып, 90-ға таянса да, бір көргеннен «Асанбаймысың» дейді. Оразымбет ағамыз зейнетке шыққаннан кейін де, ауыл өміріне белсене араласты. Ел Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдерінде тұралап қалған ауылдың шаруашылығын көтеруге өзінің ақыл-кеңесін берді. Нарықтық кезеңде жеке шаруашылықты ашу, дамыту үшін жұмыссыз қалған жастарға тәжірибесімен бөлісті. Үлкен ұлы Жүргенге шопанның қасиетті ақ таяғын беріп, жеке шаруашылық ашып өзі кеңесші болды. Балаларымен ақылдаса отырып, шаруашылықтың аяғынан тік тұруына үлкен жұмыстар жасады. Қазіргі таңда Ақтоғай ауылындағы «Бірлік» шаруа қожалығы әлеуеті жоғары, ірі шаруашылыққа айналған.
Оразымбет аға жұбайы Досымқызы Орынкүлмен бірге 4 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздардан бірнеше немере, шөбере сүйді. Қазіргі таңда ұрпағының тәтті қылықтарын қызықтап отырған ардақты ата, қадірменді қария. Өңіріміздің мақтанышына айналған ағамыз «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанып, халқының құрметіне бөленді.
Ағаларымыздың бір жағында болып, қолдау білдірген ең сенімді көмекшілері – жұбайлары болды. Екі ағамыздың да жұбайлары Зеберкүл және Орынкүл тәтелеріміз отбасының ұйытқысы, ер азаматпен қатар жұмыс жасайтын еңбекқор аналар еді. Көңілдері қандай кең болса, дастархандары да сондай кең, берекелі, кісі үзілмейтін. Тығып қойған тәтті кәмпиттерін мен барғанда шығарып, кейде балаларға көрсетпей тығып та беріп отырушы еді. Еркелететін. Жаны жайсаң аналар қазір бақилыққа аттанған..
…Екі ағамыз да өмірдің бақытын, атақ пен абыройын өздерінің қажырлы еңбегімен тапты. Сондықтан да, барлық саналы ғұмырын елдің дамуына, туған жердің өсіп-өркендеуіне арнап, аудан абыройын асқақтата білген ағайынды Айтбековтердің еңбегі ерен, қандай құрметке болса да лайық.
Бабадан қалған дәстүрді дәріптеп, шопан ата таяғын ұстап, өмірлері еңбекпен өрілген ағалар еңбегі ұрпаққа үлгі.
Асан Тілемісов, Сарысу ауданы