ӨМІРІ ҚОЛЫ БОСАМАЙТЫН АДАМ
Шымырбаевты қайта тірілтті
Енді бірде бір шаруамен телефон шалдым. Әдеттегідей қапылыс үстінде екендігі сөзінен-ақ сезілді.
– Бөке, асығыс едім, автобусқа мінгелі жатырмын. Бейбіт Қойшыбай ағама жолығуым керек еді, – дейді.
– Жәйша ма?
– Бақилық болған кластасым Алпысбай Шымырбаевты білесің ғой.
– Білгенде қандай! Ерте кетіп қалды ғой.
– Өзі бір ғажап жігіт еді. «Қой аузынан шөп алмайды» дейтіннің нақ өзі. Егер жер басып жүрсе, жетпіске толар еді, – деді. Осымен әңгімеміз үзілген. Кешкілік қайта жалғастырдық.
– Алпаңның артында іздеушісі болып жүрмін. Жазған-сызғандары көп. Бірақ кітап болып жарық көрмеген. Бүгін Ұлттық кітапханаға да барып, жетпісінші жылдары шыққан «Қазақстан пионері» газетінің тігінділерін ақтардым. Ол осы газет арқылы республикаға танылды. Ұлықбек, Гүлсім, Байбота, Ғабиден және басқалары жарысып жазған әңгіме, өлеңдерімен қайта қауыштым. Біраз материалдар жинадым. Алпысбайдан басқа да белгілі қаламгерлерге айналған қатарластарымның материалдарын «Жыл – он екі айға» деп көшіртіп алдым…
Жазу өрнегі де өзгеше, жүріс-тұрысы да ешкімге ұқсамайтын Алпысбайдың жетпіс жылдығы Талғатқа тыншу бермеді. «Оны мен іздемесем, кім іздейді?» деп, туып-өскен ауылына, аудан басшыларына шықты. Жазушылар одағының хатшыларына да барды. Білетін курстастарына, қаламдастарына, ауылдағы көзі тірі жалғыз ұстазы Әбдімәжит Дәуреновке хабарласып, кім-кімді де толқытатын естеліктер жаздырды. Не керек, қимас досы Алпысбайдың тойын мектебінде және сол күні түстен кейін аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырды. Қомақты кітабын шығарып, тұсаукесерін өткізді. Сонымен ғана шектелмей, Алпаң өмірінің соңында қызмет істеген Мемлекеттік орталық музейде еске алу жиынын жасады. Осының бәрін былайғы ел газеттерден оқып, әлеуметтік желіден білді. Қалай риза болмассың?!
Тынышсыз Талғаттың өстіп байыз таппай тындырған керемет бір ісі – тоқсан жылдық тарихы бар, өзі білім алған Абай атындағы орта мектепте мұражай ашуға ұйытқы болуы. Осы білім ұясын бітіргендерге аудандық «Жаңа өмір» газеті арқылы үн қатты, ой салды. Арнайы есеп ашып, қуана құптаған елдің ақшасы арқылы мектеп үйінің екінші қабатынан бір бөлмені жабдықтады, ішін мұражайлық мүлікке толтырды. Бір қабырғасына мектеп тарихына қатысты танымдық бет жасады. Осылай өзім еш жерде кездестірмеген үлгідегі мұражай ісін бітірді. Тағы да риза болдым. Мұндай ерлік Талғаттың ғана қолынан келді. Ешкіммен санаспады. Өйткені оның Тәңірі жаратқан табиғаты солай. Сондықтан бітіргені көп. Алла өмір берсе, әлі де көздегені аз емес. Екеуміздің ағалы-інілі болып араласқанымызға 45 жылдың жүзі болыпты. Сыйласпыз, сырласпыз. Кейін «Халық кеңесі» дейтін үлкен газетте бірге қызметтес те болдық. Оған дейін…
Иә, оған дейін, 70-жылдардың соңына салым екеуміз «Қазақ радиосында», соның ішінде «Балалар мен жастарға арналған Бас редакциясында» таныстық, соңы бірге қызмет етуге ұласты. Жазға қарай ҚазМУ-дың журналистика факультетінің студенттері бізге өндірістік тәжірибеден өтетін дәстүрі болатын. Екінші курстан соң Талғат бізге келіпті. Онымен алғаш рет сонда жүздестім. Жүзі жылы, әңгімесі ашық, өзіндік айтары бар мінезімен тез арада арамызға кірігіп кетті. Берген тапсырмаларымызды сол сәтінде мұнтаздай етіп орындайды. Балаларға арнап хабар жасаудың қиындығын сезінбеді. Жастарға арналған «Ұшқын» бағдарламасына да өте белсене араласты. Тіпті студенттерге арналып айына бір рет берілетін «Гүлдәурен» хабарын да өзі ұйымдастырып, қызықты етіп өткізе білді. Әрине, содан кейін басшылықтың назары оған ауды. Мына азаматты өзімізге тартуымыз керек екен деді.
«Қазақ радиосында» «балалар бағбаны» болған
Жасыратын не бар, бүгінде ауыздыға сөз бермей кеңестік жүйені жамандай беретіндер баршылық. Алайда ол жүйенің де үлгі ететін, ұстанатын жақсы жақтары аз болмады. Бәрін бірдей жіпке тізгендей айта беру шарт емес шығар, соның балалар мен жастар тәрбиесіне айрықша мән беретіндігі ғажап еді. Басқасын айтпай-ақ, сол заманда «Қазақ радиосында» тек жастар мен жоғарғы класс оқушыларына, пионерлерге арналған хабарлардың өзін ғана ауызға алайыншы. Кешқұрым, ел жұмыстан келіп тыңдайтын әдемі уақытта «Ұшқын» хабарлары беріледі. Әрбір хабары елді еліктіреді. Бәлкім, телеарналардың аздығынан шығар, сол хабарларды тыңдаушылар мың сан, тіпті миллиондап кететін. Олардың қатарында шекараның арғы бетіндегі қандастарымыз да болатын. Күндізгі уақытта жоғарғы кластықтарға арнап «Өрендер» радиожурналы, қызыл галстуктілерге арналған «Пионер серігі», бүлдіршіндерге бағытталған «Жазира» радиоклубы, кешкілік «Ерден атайдың ертегілері» секілді тұрақты хабарлар беріледі. Оның сыртында танымдық мазмұны зор «Ойлан, тап!» әр жексенбі сайын елге тарайды. Тыңдаушылардан күн сайын жүздеген хаттар келеді. Талғат өндірістік тәжірибесін өтіп жүрген кезде «Өрендер» клубының редакторы Зейнол Бейсенғалиев ҚазМУ-ге оқытушылық қызметке ауысты. Мен «Пионер серігінің» редакторы едім, Зейнолдың орнына бардым. Менің орныма редакторлық қызметке Талғат келді. Оны әкелуге ерекше ықылас білдіріп, жүгірген редакцияның бөлім жетекшісі Кемелбек Шаматаев еді. Бұған дейін университетте іштей оқып жүріп, журналистік қызметті қатар атқарған студент жоқ екен. Кемелбек ағамыз журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеевке қайта-қайта барып жүріп, келісімін алды. Сонда ағамыз «сабағына кесірі тимейді, жарты күн ғана жұмыс істесінші» деп жалынғандай болып, қаталдығымен, әділеттілігімен, өте талапшылдығымен аты шыққан профессор, декан Темірбек Қожакеевті әзер көндіріпті.
Талғат Айтбайұлы сол уақытта сондай «ценный кадр» болып еді…
Талғат Фурманов пен әл-Фараби көшелерінің қиылысына таяу жердегі 11-Кирпично-заводская дейтін көшеде тұратын. Ал менің үйім Қажымұқан мен бүгінгі Достық даңғылына жақын маңда. Үйлеріміз бір бағытта болғаннан соң, күнделікті жұмыстан бірге шығамыз. Жол-жөнекей әңгіме-дүкен құрамыз. Сөйтіп бір-біріміздің үйімізге жиі барамыз. Сондай күндердің бірінде, оны алғаш рет болу керек, үйге шақырдым.
– Жеңгемізден ыңғайсыз емес пе? Үйде кішкентайларыңыз бар, – деді қашқақтап.
– Несі ыңғайсыз? Айтып отырған жеңгең қонақжай адам, қайта сендей азаматты көріп қуанып қалады, – дедім күліп. Ол сәл үнсіздіктен кейін, «жарайды, барайын» деді илігіп. Үйге кірген бетте:
– Әсем, Талғат інімді, сенің қайныңды ертіп келдім! – дедім даусымды көтеріп.
– Ой, жақсы болды ғой ертіп келгенің, әйтпесе күнде айтушы едің, – деді әйелім асүй жақтан. Ол келгенше екеуміз төргі бөлмеге оздық. Әсем ет пісірген екен, тура біздің келгенімізді күтіп тұрғандай ыстық асы да дайын болыпты. Пәтноске салынған етін көтеріп өзі де көрінді.
Ақ дастарқан ақ ниетті адамдардың басын қосатын қасиетті орын ғой. Дәм үстінде ол өзі туралы да, туып-өскен ауылы жөнінде де шешіліп сөйледі. Арғы жағында қылаудай кірбің жоқ. Әсем де әңгімесіне құлақ түріп, арасында қосылып отырды. Әсте ұнаса керек:
– Үйің жақын екен ғой, қалаған уақытыңда қысылып-қымтырылмай келіп тұр, – деді.
Міне, содан бастап Талғат үйге жиі келетін болды. Менің іркес-тіркес өсіп келе жатқан балаларым оны «ағалап» кетті. Келген сайын қуана қарсы алады, жанынан шықпайды. Ол жер үйде тұратын. Екі күннің бірінде ваннамызға келіп түсіп кетеді. Тазалықты жақсы көретіні шығар, «Жеңеше, кірлеп кеттім» деп қояды. Оның келгені маған да жақсы. Екеуміз шер тарқатысып көпке дейін отырамыз. Осылай қимас достарға айналдық. Тіпті бауырласып кеттік десе де болады.
Талғаттың қарымды қаламының қуатын білген «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижанов қызметке шақырды. Бірден бөлім бастығы жасаймын деді. Әлі университетті бітірмеген кезі. Радиодағы редакторлық қызметіне «темір Темкеңнің» алдына әлденеше рет барып, әрең деп алдырған Кемелбек Шаматаев ағамыз жібергісі келмеді. «Талғатқа бауыр басып қалып едік. Балалардың тілін біледі, ондай қызметкерді қайдан табамыз?» – деді. «Қызметін өсіріп жатырмын ғой, көлденең тұрмаңыз», – деп, Уәлихан ағамыз газетіне алып кетті.
Жаза алатын кісіге қай қызмет те қиындық етпейді. Қайта ол ашыла түсті. Балалар өмірінен оқылатын материалдар жазды, басқа басылымдарға да белсене араласты. «Қазақ радиосындағы» бұрынғы хабарына да қатысуын үзбеді. Хаттар бойынша жасалатын «Сәлеметсің бе, замандас!» деген хабарын жүргізді. Ол кең-байтақ республикамыздағы оқырмандарымызға, радио тыңдаушыларға өстіп таныла берді.
Ұлты үшін кеудесін тосқан
Талғат Айтбайұлы – журналистика саласында өзінің орнын тапқан әріптесіміз. Көбіміздің тісіміз бата бермейтін қиын да батыл тақырыптарға батыл барады, ащы жазады. Солардың қайсысын оқысаң да, ұлтжандылығын, әділетсүйгіш қасиетін анық аңғарасың. Қалың елге бүйрегі ерекше бұрып тұрады. Соның бәрінде қазағы үшін кеудесін соққыға тосады. Не болса да айтарымды айтайын, жазарымды жазайын дейді. «Мен жазбасам, кім жазады?» дейтіні де бар. Осының сыртында Талғатты ерекше жақсы көретінім – адамгершілігінің молдығы, мейірбандығы, достыққа адалдығы. Содан да болар, оның айналасында айналып-үйіріліп жүретін жора-жолдастары көп-ақ. Қашан көрсең үйінен қонақ арылмайды. Келіншегі Нұрбақыт келгендердің бәрін құрақ ұшып қарсы алады. Тамағын да, ашық-жарқын қабағын да көрсетеді. Туыстарына да өте ықыласты. Бірге оқыған кластастарым, курстастарым деп алып-ұшып жүреді.
Сонау 80-жылдардың бас кезінде ойламаған жерде Талғаттың бір інісі өмірден озды. Отызға да толмаған жігіт. Екі баласы – үлкені екіде, екіншісі алты айлық. Араласып жүретіндердің бәрі барды. Қамығып көңіл айттық. Арада жарты жыл өткен шамада ол маған ауылға бірге барасың ба деп қолқа салды. Інісінің басын қарайтпақшы екен. Жұмыстағы бастықтарыма айтып, жолсапарға сұрандым. Құр жүрмейін, Жуалы ауданының шаруашылықтарын аралап хабар дайындармын дегенмін. Бәрі де ойдағыдай болды. Талғаттың үйінде қона жатып әкесі Айтбаймен, анасы Балакүлмен дәм-тұздас болдық. Екеуі де соғыстың сұрапылын көрген, шаруашылыққа адал еңбектерін сіңірген сыйлы кісілер екен. Жасы келген адамдар емес пе, жылы сөздерін айтып үйде қалды. Талғат екеуміз есек арбаны жегіп інісі жатқан зират басына бардық. Кетіп бара жатып, «колхоздың бір машинасын сұрап алмадың ба?» деймін ғой. «Бөке-ау, қазір қым-қиғаш науқанның кезі, екі қолдарын төртеу ете алмай жатқан кезде бізге бір машина босат деуіміз дұрыс па? – дейді. Шын ниетімізбен ініміздің басын қарайтсақ, сол сауапты іс болмай ма дегенді де тігісін жатқызып жеткізді. Енді не дерсің?! Бейіттің басында тұрғызылатын қоршау теміріне керекті кесек тастарды өзенге түсіп, жинадық, есек арбаға тиедік. Зират басына екі-үш рет қатынап жеткіздік. Бұл соншалықты қиын шаруа емес екен, түске дейін бүкіл жұмысымызды бітірдік. Орнатқан қоршау темірді алюминий түстес сырмен боядық. Осылай інісі Амалбектің басын қарайттық. Осы тірлігімізді көрген Балакүл апамыздың көз жасы құрғап, қабағы ашылғандай болды.
Міне, сол жолы қасымызда үшінші сыныпта оқитын Болат дейтін бала жүрді. Жақсы оқитыны сөзінен көрініп тұрды. Олай дейтінім, арасында маған да ойлы сұрақтар берумен болды.
– Талғат, мына інің қатты ұнап қалды. Ең кенжелерің бе? – деп сұрадым.
– Туған нағашымның баласы. Аяулы анасы бала үстінде көз жұмды. Дәрігерлер дәрменсіздік танытты. Шешеміз шыдай алмады, басқаларға қарамай бауырына басты. Әбден қиналып, ешкінің сүтімен өсірді. Атын Болат деп қойғанда да темірдей тегеурінді болса екен, берік болып анасының өмірін жалғастырса деп еді. Сол бала ғой, – деді.
– Анаң қандай мейірімді жан еді! Он алты құрсақ көтерген екен. Соның төртеуі жер қойнында, қалған он екіміз жер басып жүрміз деп едің. Мына бала – болатын бала. Аман болсыншы. Бәрін білсем деген әңгімесі жақсы екен, – дедім риясыз көңілімді ірке алмай.
Сол бала мектепті ойдағыдай бітірді. Әскерден кейін А.Байтұрсынов атындағы халықаралық қатынастар университетіне түсті. Одан соң Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа тұрды. Бірнеше елде Қазақстан Республикасының елшілігінде қызмет істеп, дипломат болды. Қазір де сондай қызметте.
Әмбебап қаламгердің теледидарда да ізі жатыр
Талғат Айтбайұлы «Қазақстан пионері» – бүгінгі «Ұлан» газетінде жемісті қызмет атқарды. Жауапты хатшы болды. Одан соң Қазақстан Жазушылар одағының жанында жұмыс істеген «Аударма» алқасы шығарған «Әлем» – «Алем» альманағында дәл сондай жауапты жұмыс істеді. Бұл қызметке оны қазақтың мақтан тұтар ұлдарының бірі, жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек шақырған еді. Осы жұмыстарды атқара жүріп Валерий Михайловтың Қазақстандағы азалы аштық туралы «Хроника великого джута» атты публицистикалық романын «Ұлы жұттың жазбалары» деген атпен аударып, өз қаржысына үлкен таралыммен кітап етіп ұсынды. Әйгілі Желтоқсан көтерілісіне байланысты айғақ-кітаптарды қолға алды.
Талғат – газет-журналдарда ғана емес, теледидар, радио, кино саласында да қызмет істеген әмбебап журналист. 1993 жылы «Алматы» телеарнасында саяси шолушы болды. Сонда жүріп «Бәйтерек», «Барбол», «Жамбыл» деректі фильмдерінің сценарийін жазды. Бұлар кезінде қалың көрермен қауым тарапынан жақсы бағасын алған экрандық дүниелерге айналды. Одан соң 1994 жылы «Арай» журналына бас редактордың орынбасары болып барды. Осында қызмет еткен екі-үш жылдың ішінде қоғамның тыныс-тіршілігіне байланысты талай мақалалар жазды, шығармашылық тұрғыдан есейген үстіне есейе түсті. Одан кейінгі баспагерлік қызметіне жол ашатын қадам жасады. Сөйтіп, 1997 жылы өзінің «Тоғанай Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Өзінің ғана емес, басқа да қаламгер әріптестерінің кітаптарын тоқтаусыз шығаратын жағдайға жетті. Арасында балаларға арналған жекеменшік «Жыл – он екі ай» журналын тіркетіп алды. Содан бері өз оқырмандары қалыптасқан басылымды тоқтаусыз шығарып келеді. Оған да 24 жылдың жүзі болыпты.
Талғат Айтбайұлы – табанды қаламгер. Бір бастаған ісін аяқсыз қалдырмайды. Біздің осы сөзімізге ол шығарып келе жатқан «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптары нақты дәлел. Күні бүгінге дейін он алты томы оның құрастырып, жауапты шығаруымен қолға тиген екен.
– Бұл өзі менің тұрақты жобам, проектім дейді ғой. 1989 жылы қолға алып едік. Әуелгіде «Аударма» алқасы атынан шыққан. Ғаббас Қабышұлы ағамыз ерекше ықылас танытып еді. Қаржы мәселесін шешті. Бастапқы үш кітабын шығаруымызға шынайы жанашыр болды. Кейін, араға он жылдан астам уақыт салып әрмен қарай жалғастырдым. Қазір он жетінші томын құрастыру үстіндемін. Бұл жұмысты өстіп айта салу жеңіл-ақ. Ал, шынтуайтына келгенде, оған қатысушылардың естеліктерін қағазға түсіру машақаттың машақаты! – дейді Талғат Айтбайұлы.
Талғаттың осы кітаптары небәрі жүз дана ғана болып жарық көреді екен. Олары ішіндегі кейіпкерлерінен артылмайды. «Менің міндетім – аз таралыммен болса да, тоқтаусыз шығара беру. Одан кейін бәрінің мемлекеттік тапсырыспен жарық көретініне кәміл сенемін», – дейді өзі.
Әрі кәсіби журналист, әрі жазушы
Бүгінде Талғаттың осы кітаптары «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен «Дәуір» баспасынан жарық көруде. Бұған дейін төрт томы қолға тиіпті. Биылғы жылғы министрліктің жоспарында екі томы бар дегенді де өзі айтты.
Талғат Айтбайұлы кәсіби журналистік қадамдарын көз алдымызда бастап еді. Енді жазушы ретінде де өзін даралай көрсетіп келеді. Шығарған кітаптары аз емес. Солардың ішінде «Нан мен тер», «Ән әлемінің Әбиірбегі» сыр-сұхбат кітаптары, «Мың бір күн, мың бір түн», «Қазағым деген біз бармыз» деректі романдары, «Аңыз боп жеткен Абыз» роман-эссесі әр жылдары ұйымдастырылған әдеби жыл қорытындысында сыншылар тарапынан жақсы бағасын алды. Әлбетте, бұдан басқа да кітаптары баршылық. Солардың ең көбі оның әдеби жазбашылығымен жарық көрген дүниелер. Көпшілік біле жүру үшін ауызға алсам, олар: әйгілі колхоз бастығы, Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың «Ғасырға ұласқан ғұмырым», академик Шахмардан Есеновтың өмірлік жары Камила Есенованың «Тұлғамен табысқан тағдырым», кәсіпкер Ордабек Құматаевтың «Жырым да, сырым да – өмірім», МАИ қызметінің подполковнигі Бегдайыр Иманбаевтың «Жүргізуші жазбалары» өмірбаяндық кітаптары. Бұл біздің ойымызға оралып, қалам ұшына іліккендері ғана.
Уақыт шіркін жылдам ғой. Зымырап өте береді. Өткен күндерің көз ұшында бұлдырап кейіндейді. Әйтпесе Талғатпен алғашқы жүздескеніміз кеше ғана сияқты еді. Жап-жас болатынбыз. Енді міне, жетпістің есігін ашқалы отыр. Бірақ, көңіліміз баяғыдай жас. Жігерліміз. Әсіресе Талғат! Бітіргені аз емес. Мақсат тұтқаны да баршылық. Бұған дейін мұрнынан шаншылып жұмыс істеп еді, болашақ істерімді де дәл солай жалғастырсам дейді. Екі ұл, екі қыз тәрбиеледі. Бәріне қазақы тәрбие берді. Енді бойындағы бар жақсылықты солардан көрген кішкентай немерелеріне беруге, жандарына ұялатуға ұмтылуда. Әрине, бұл ретте өмірлік сыңары, өзіміз үйлендірген Нұрбақыттың да үлесі мол. Екеуі байлық қумады, көзді жұмып мәртебелі мансаптың соңына түспеді. Қалың елден бөлінбей, қарапайым тірлік кешті. Бізге де ұнайтыны сол жағы. Отбасымен жиі араласамыз. Телефон арқылы тілдесеміз. Сондайда үйреншікті әдетпен:
– Талғат, не істеп жатырсың? – деймін үнемі.
– Жұмыс қой, жұмыс! Жазу, сызуымыз шаршатпасын. Кеше «Жыл – он екі айдың» жаңа санын қолға алдым. Енді сонымен отырмын, – дейді Талғат.
– Ендеше алтын уақытыңды алмайын. Алаңдамай жұмысыңды жалғастыра бер. Қолың қалт еткенде хабарласарсың, – деймін.
Бірақ, біз білетін Талғаттың қолы қалт етпейді-ау! Бүкіл өмірін жұмысқа арнаған. Пайдалы жұмыс. Елге, өскелең ұрпаққа қызметімді үзбей жалғастырсам дейді. Сондықтан да өзіңіз оқыған осы мақалама «Өмірі қолы босамайтын адам» деп ат қойдым…
Болат ОҢҒАРБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі