Өмірлік әңгімелер
1. Соңғы он бес жыл бойы катарактадан көзі көрмей қалған 75- жастағы атам маған бірде былай деді: «Сенің әжең жер бетіндегі ең ғажап жан, иә?» Мен бір сәтке ойланып қалдым да, былай деп жауап бердім: «Иә, ол сондай. Ата, саған оның сұлулығы жетіспей тұратын шығар. Сен оны көзбен көре де алмайсың ғой». «Жарығым-ау, — деді маған атам, — шынымды айтсам қазір әжеңді жас кезімдегіден гөрі анығырақ көрем».
2. Бүгін қызымның тойы. Ұзатып жатырмын. Он жыл бұрын апатқа ұшырап, лапылдап жанып жатқан минивэннан 14-жасар жеткіншекті құтқарып қалғаным бар еді. Дәрігерлер оған ешқашан жүре алмайсың деді. Бастапқыда оның қалын сұрастырып жүрдім. Қызым менімен бірге бірнеше рет барған. Кейін менсіз баратын болыпты. Сол кездегі қойылған диагнозға қарамастан бүгін сол жігіт аяғына нық тұрып, қызымның қолына неке жүзігін салды. Мен бақытты әкемін!
3. Менің гүл сататын дүкенім бар. Бүгін таңғы 7-00 дүкенімді ашуға келсем, есік алдында әскери киім киген бір жігіт тосып тұр екен. Ол әуежайға кетіп бара жатып, бір іспен бұрылыпты. Ауғанстанға борышын өтеуге кетіп барады екен. Ісі мынау: «Әр жұма сайын келіншегіме әдемі гүл шоғын сыйлайтын әдетім бар еді, енді ұзақ сапарға кетіп барам, бірақ ол менің жоқтығымды сезінбеуі керек. Сол үшін арнайы тапсырыс жасап кеткім келеді». Ол маған 52 гүл шоғына тапсырыс берді. Бір жыл бойы әр жұма сайын оның әйеліне апарып тұруымды тапсырды. Мен оған 50% жеңілдік жасадым. Мұндай махаббат менің көңіліме шуақ шашты. Күнім керемет өтті.
4. Мен бүгін 18-жасар немереме өзімнің мектепте өткен өмірімде бірде бір рет би кешіне бармағанымды айттым. Өйткені, мені ешкім шақырмайтын. Кешке есік қағылды. Ашсам – немерем. Смокинг киіп, шырттай болып тұр. Өз мектебінің би кешіне менің серік болуымды өтінді.
5. Ол 18 ай бойы комада жатты. Бүгін оянды. Көзін ашты. Мені құшақтап, бетімнен сүйді. «Жанымда болғаның үшін, маған керемет аңыздар айтқаның үшін, осынша уақыт бөліп, маған сенгенің үшін мың алғыс!» деді. Көзім алақтап кетті. Не істерімді білмедім. Сонда ол қайтадан сөйлеп кетті: «Иә, ұмытып барады екем… Саған тұрмысқа шығуға келісімімді беремін» деді. Мен бақыттымын!
6. Бүгін саябақтта серуендеп жүріп, сәкіге отырып тамақтанбақ болдым. Қолымдағы бутербродты қағаз орауынан ашқаным сол еді, таяу маңда жайқалып өсіп тұрған еменнің түбіне қос қария мінген көлік келіп тоқтады. Екеуі де терезелерін ашты. Джаз сияқты бір әуен қосты. Сосын ақсақал көліктен түсіп, кемпірінің есігін ашты. Екеуі құшақтасып жарты сағат сол еменнің түбінде билеп тұрды. Аузым ашылып қарап отырдым. Бутерброд жайына қалды.
7. Бүгін кішкентай бір қызға ота жасадым. Оған бірінші топтың қаны қажет болды. Біздің ауруханадан ол қан табылмады. Егізінің сыңары бар екен. Қаны бірдей. Мен оған бұл өлім мен өмір арпалысы екенін түсіндірдім. Қан өте тез керек дедім. Ол кішкене ойланды. Әке-шешесімен қоштасты. Маған қолын созды. Мұның барлығына мән бермеппін. Қан алып болған соң ол менен: «Сонда мен қашан өлем?» деп сұрағанда шошып кеттім. Ол қарындасын құтқару үшін өлуім керек деп ойлапты. Бала жүрек сыңары үшін жанын қиюға дайын екенін сездірді. Бақытымызға орай, екеуі де аман-есен.
8. Бүгін менің әкем мен үшін арманыма қанат бітірген ең асыл әке екенін дәлелдеді. Ол менің анамды қатты жақсы көреді. Үнемі оны күлдіріп жүреді. Ол менің әрбір футбол матчыма қатысқан. Бес жастан он жеті жасқа дейін бірде біреуін өткізіп алмады. Құрылысшы болып жүріп отбасымызды бастан-аяқ қамтамасыз етеді. Таңертең әкемнің қорабынан бірдеңе іздеп жүріп, кірленген, бүктелген ескі қағаз тауып алдым. Әкемнің ескі күнделігінен жыртылып алынған парақ екен. Онда менің туған күнім белгіленіпті. Парақтағы жазу былай: «Мен он тоғыз жастамын. Таза пияншікпін. Сол үшін институттан қуылған ақымақпын. Өзіне қол жұмсап, өле алмаған бейшарамын. Бала күнінде зорлық көріп, өмірін көлік ұрлаумен өткізген оңбағанмын. Келесі айдан бастап мұның барлығына «жас әке» деген атағым қосылмақ. Бірақ мен балапанымның жақсы өмір сүруі үшін барымды сарп етемін. Менде ешқашан болмаған әкені оған сыйлаймын. Мен ол үшін әлемдегі ең жақсы әке болам». Мен ғана әкемнің қандай асқар тау екенін айта алам. Ол уәдесінде тұрды!
9. Альцгеймерге шалдыққан науқасымды қарап отырған едім. Ол өзінің кім екенін жөнді білмейді. Қайда, не қойғанын ұмытып қала береді. Жаңа ғана не айтқанын есіне түсіре алмайды. Бірақ әйелі келген сайын оның бір кереметі ұстайды. Меніңше, ол махаббат деген керемет. Әйелі келген сайын «Қымбаттым, сені сағындым» деп қарсы алады.
10. Бүгін үйленгенімізге он жыл. Бірақ екеумізде жұмыссыз қалғандықтан сыйлық сыйлауға ақша жұмсамаймыз деп келісіп алғанбыз. Оянсам, ол тұрып алыпты. Астыңғы қабатқа түскенімде үйдің бәрі дала гүлдерімен безендірілгенін көрдім. Сондай әдемі көрініс. Төрт жүзден аса гүлді санап шықтым. Ол шынында да бір тиын жұмсамапты. Бәрін өз қолымен теріп келіпті.
11. Алғашқы махаббатымды жолықтырдым. Сегіз жыл бойы алыс жерлерде әскери борышын өтеп келіпті. Ол махаббатымыздан естелік ретінде екеуміз түскен суретті сегіз жыл бойы басындағы шлемге салып сақтапты.
12. 88 жастағы әжемнің де, оның 17 жасар мысығының да көзі көрмейді. Әжем өзіне жетектеп жүретін ит сатып алды. Ол үй ішінде жүруге көмектеседі. Бірақ соңғы кезде сол ит мысықты да жетектейтін болып алды. Мысық мияулаған кезде жанына келіп үйкеледі. Сосын сүт құйғышқа, не ұйықтайтын жеріне, не құм салған қорапқа қарай жүреді. Мысық соңынан еріп отырады.
13. Есік ашық қалып, екі жасар қызым аулаға шығып кетіпті. Асхананың терезесінен оның бассейнге лезде жетіп барғанын байқадым. Мен далаға атып шыққанша ол суға күмп берді. Жүрегімді ұстап жүгіріп келем. Менен қимылы ширақ ауладағы ретривер Рекс суға секіріп түсті де, қызымды жағасынан тістеп, судан жұлқып шығарды.
14. Үлкен ағам мен обырмен ауырғалы 15 рет жұлынын тестке тапсырды. Ол үнемі дәрігермен сөйлесіп жүреді. Қашан, не тапсырғанын сезбей қалам. Бүгін дәрігер ем қона бастағанын айтты. «Бүгін басалқы ремисссия байқалды» деді ол.
15. Бүгін мектептен атам алып кетті. Жарты жолға келгенде ол маған көзін қысып, «бұрыштағы гүл сататын дүкенге тоқтап, гүл ала салайық, мақұл ма, ұмытып барады екем» деді. «Кімге?» дедім мен. «Әжеңе!» деді атам. «Бүгін қандай мереке еді?» дедім мен бірдеңе ұмыттым ба деп. «Біз үшін әрбір күн мереке! Әжең гүлді жақсы көреді. Гүлді көрсе, жадырап жүреді» деді атам.
16. Екі ай бұрын үйіміз өртеніп кетті. Мен күйікпен ауруханада жатып шықтым. Бетімнің жартысы күйді. Тыртық болып қалды. Содан бері екі ай қатарынан менің мектептегі шкафыма біреу раушан гүлін қыстырып кетеді. Кім екенін біле алмай-ақ қойдым. Бірде өте ерте келіп ұстап алмақшы болдым. Сонда да кешігіп қалыппын. Гүл тағы да орнында тұр. Менен бұрын келіп іліп кетіпті.
17. Мылқаулардың ыммен сөйлесу сыныбында сабақ беремін. Бүгін обырға жасалған отадан соң сөйлей алмай қалған әйел біздің сабағымызға жазылды. Оған еріп күйеуі, төрт баласы, екі әпкесі, ағасы, әке-шешесі, ең жақсы деген он төрт дос-құрбысы қоса келді. Оны жақындары жалғыз қалдырмағаны маған керемет әсер етті.
18. 11 жасар балам ыммен сөйлесуді кәдімгідей меңгеріп қалды. Оның досы Джош туғаннан керең. Екеуі кішкентай кездерінен бері тату. Өскен сайын достықтарының да нығайып келе жатқаны мені қатты қуантады.
19. Атам Альцгеймерге шалдықты. Кейде әжемді танымай қалады. Бір жыл бұрын ауру енді басталған кезде әжем қатты қапаланатын. Атама көмектескісі келеді, қолдан келер қайыр жоқ. Қазір тұра салып онымен ойнайды. Таңғы асқа дейін атам оған үйленуге ұсыныс жасап жатады. Әжем күнде келісіп, екеуі соған мәз-мейрам.
20. Бүгін әкем 92 жасқа келіп, көз жұмды. Өз бөлмесіндегі орындықта отырған күйі жүріп кетіпті. Алдында үш сурет жатыр. Он жыл бұрын қайтыс болған анамның суреттері екен. Ол анамды өмір бойы сүйіп өтті. Ажал демі таяған сәттеде оны ойлауын доғармағаны маған ыстық көрінді.
21. 17 жасар соқыр баланың анасымын. Баламмен мақтанамын. Балам көзі көрмей тусада – оқу озаты. Гитарада тамаша ойнайды. Оның тобының алғашқы альбомын 25 000 адам жүктеп алыпты. Сұлу қызы Валеридің қамқоршысы. Бүгін қарындасы одан Валеридің қай жеріне қызықтың деп сұрады. Ұлым: «Тұла бойына. Ол ғажап сұлу» деді.
22. Бүгін мейрамханада жасы келген жұпқа қызмет көрсеттім. Екеуі бір-біріне керемет ғашық көздермен қарап отырды. Оларды терең махаббат байланыстыратыны бірден көзге ұрып тұр. Күйеуі бүгін екеуінің қосылған мерейтойларын тойлауға келгендерін айтты. Мен тек тұрмай «Сіздерге қарап өмір бақи бірге болған шығар деген ой келеді» дедім. Екеуі күлді. Әйелі маған қарап: «Жоқ, айналайын, біз қосылғалы бес жыл өтті. Екеуіміз де бірінші жарларымызды жер қойнына берген соң барып табыстық. Алла бізге тағы да сүю мен сүйікті болуға мүмкіндік беріпті» деді.
23. Бүгін әпкем екеуміз жол апатына түсіп қалдық. Менің әпкем мектепте тым танымал. Оны білмейтін, өзінің де білмейтін адамы жоқ. Оған қарағанда мен аздап интровертпін. Сол баяғы екі дос қыздан басқа ешкіммен араласа қоймаймын. Апат болған кезде ол Фейсбуктен хабар таратты. Оның достары лайк басып, пікір жазып жатқанда менің екі дос қызым жедел жәрдемнен бұрын апат болған жерге келіп алды.
24. Бүгін сүйіктім әскери борышын өтеп, үйіне оралды. Кеше ғана екеуміз қыз-жігіт болып, қол ұстасып жүрген сияқты едік. Бір жыл бұрын ол маған поштамен сыйлық жіберді. Бірақ мен келмей тұрып ашпа деді. Екі аптадан соң келуі тиіс еді. Алайда аяқ астынан оның уақытын тағы 11 айға созып жіберді. Тағы бір жыл сыйлығын ашпастан күттім. Бүгін келе сала сол сыйлықты аш деді. Мен қорапты аштым. Ішінде жүзік бар екен. Ол алдыма тізерлеп тұрды да, «Маған тұрмысқа шықшы!» деді. Мен бұл ерекше сәтті ешқашан ұмытпаймын!
25. Анам Альцгеймерге шалдыққалы ауруханаға жатқыздық. Ол жерге үнемі өзім ғана баратынмын. Бүгін 12 жастағы ұлым Шонды да ерте бардым. Ауруханаға кіргеніміз сол еді бір медбике «Сәлем, Шон!» деді де бізді ішке өткізіп жіберді. «Ол сені қайдан біледі?» деп сұрадым баламнан. Сөйтсем балам маған қарап: «Сабақтан соң үнемі әжеме келіп тұрамын» деді. Ал, мен оны білмеппін де.
26. Ескі-құсқы заттарды аударыстырып отырып, анамның мектеп кезінде жазған күнделігін тауып алдым. Онда ересек сыныптарда сүйіктісінің қандай болғанын қалайтыны туралы жазылыпты. Жазбадағы қасиеттің бәрі менің әкемнің бойында бар. Ең қызығы анам оны 27 жасында ғана жолықтырған ғой.
27. Бірде мектепте химиялық тәжірибе жасадым. Маған мектептегі ең сұлу қыз көмектесті. Бұрын оған амандасуға да именетін едім. Сөйтсем, өте қарапайым, тәрбиелі қыз екен. Біраз уақыт зертханада дайындық жасадық. Сөйлесіп, әзілдесіп отырдық. Екеумізде бестік алдық. Осыдан кейін араласа бастадық. Жақында мектепте би кеші өтеді. Ол кіммен баратынын әлі шешпегенін білдім. Бірақ оған ұсыныс жасауға бәрібір жігерім жетпеді. Ал, бүгін ол өзі келіп бірге барайық деді. Мен келістім. Ол қуанышын жасыра алмай, бетімнен шөп еткізді де, «рахмет!» деді.
28. Атамның сөресінде әжем екеуінің баяғы жастық кездерінде түскен суреттері тұрады. Атам сол суретті ерекше жақсы көреді. Әжем менің 7 жасымда қайтыс болып кеткен. Бүгін сол суретке көзім тағы түсті. Атам соны көріп мені құшақтады да, «әрдайым есіңде болсын, ештеңе де мәңгілік емес деген сөз бақытты сәттерге лайық емессің дегенді білдірмейді» деді.
29. Бүгін 4 және 6 жастағы қыздарыма төрт бөлмелі пәтерден бұдан гөрі кішігірім пәтерге көшетінімізді айтып түсіндірдім. Өзімнің жұмыссыз қалғанымды, жағдай түзелгенде бәрі орнына келетінін де тәптіштедім. Қыздарым бір-біріне қарады. Сосын кішісі менен: «Ал, біз онда бәріміз бірге көшеміз бе?» деп сұрады. «Иә» дедім. «Ааа, онда мейлі» — деді ол.
30. Бүгін ұшақта мен керемет сұлу әйелді көрдім. Қазір ұшақ қонған соң одан көз жазып қалатынымды ұққан мен, онымен тілдесіп қалғым келді. «Қандай сұлусыз» дедім. Ол жымиды. «Соңғы он жылда маған мұндай сөзді айтқан адам болмап еді» деді. Сөйлесе келе екеуміздің де отыздан сәл асқанымыз, бұрын үйленбегеніміз, балаларымыз жоқтығын анықтадық. Оған қоса көрші көшелерде тұрады екенбіз. Сонымен келесі жексенбіде кездесетін болып уақыт белгіледік. Кездейсоқ кездесу деген қандай, ә?!
31. Мен екі баланың анасы, төрт немеренің әжесімін. 17 жасымда егіз балаға жүкті болдым. Бірақ мұны білген жігітім де, достарым да аборт жасат деді. Мен бас тарттым. Ал, олар менен теріс айналды. Бірақ мен мойымадым. Сабағымды тастамай, жұмысқа тұрып, институтты да өз күшіммен тәмамдадым. Сол жерде менің екі баламды елу жылдан бері өзіндей көріп жақсы көретін, алақанына салып аялап өсірген күйеуімді жолықтырдым.
Аударған Шынар Әбілдә