Он бала бір әкеге жүк болмайды, бір әке он балаға жүк болады
Иә, солай, қаншама қазақтың жігіттері жүр, өз әке-шешесіне қарауға, бағуға шамасы жетпей. Үйінде бес-он бала болса да, қарт ата-анасын бір-бірінің үйіне тасиды. Өйткені сол үйде беделі өз ата-анасынан жоғары «ханшайым» тұрады. Ол ханшайымның әрбір айтқан сөзі заң, сөзін жерге тастасаң, ит теріңді басыңа қаптайды. Ол не қаласа, сол болады. Үйге кімді кіргізу керек, кімді қондыру керек, кімді қондырмау керектігін сол шешеді. Ата-енесі жақпай қалса, оларды қарттар үйіне, не басқа жерге айдатып жіберуге дайын тұрады. Себебі еркек әлсіз болған сайын үйді қатын билейді. «Қазақта қатын бастаған көш оңбайды» деген сөз бар. Сондықтан да қатын билеген үйде еркектік тәрбие болмайды. Болса да, сөзі өтімсіз болады. Әрбір жігіт бірінші орынға өз ата-анасын қоюы керек. Одан кейін бауырын, одан кейін әйелі мен бала-шағасын. Неге? Өйткені сен ата-анаңның себебімен бұл жарық дүниеге келдің. Ал бауыр, ол бір құрсақта жатып, бір сүтті ішкені үшін қымбат. Әйел сенің ұрпағыңды жалғастырушы болған соң, баладан да жоғары тұрады.
Айналайын, жігіттер! Ата-аналарыңызға қамқор болыңыздар! Аспандағы айды алып бере алмасаңдар да, жылы сөздеріңді айтып, тәтті тамағын алып беріп, олар үшін Құдайдан дендерін сау, ғұмырларын ұзақ, қартайған шағында елге сыйлы, бес уақыт намазы болуы үшін дұға етіңдер!
Егер ата-анаңыз шын ниетпен Алла Тағаладан «Осы ұлымды не қызымды бақытты ет! Ғұмырын ұзақ қыл! Басына қиыншылық салма! Бұл менің ең жақсы көрген перзенттерім еді», — деп дұға етсе, сол бір дұғаның өзі сіздің өміріңіздің соңына дейін жайлы өмір сүруіңіз үшін жетіп жатыр. Себебі ата-ананың өз перзентіне шын ықыласпен тілеген дұғасы қайтарылмайды, қабыл болады.
Рауан Маханов