Оң босағада отырып қалған қазақ қыздарының өзі үшін бала туып алғаны қаншалықты дұрыс?

Қазіргі таңда түрлі себептермен тұрмыс құрмай, оң жақ босағада отырып қалған арулардың арасында «өзі үшін бала туып алу» трендке айналып кетті.

Қазақ қоғамында бұрын-соңды кездеспеген бұл құбылысты қазіргі жұрт қалай қабылдап жүр?

NUR.KZ порталы өзі үшін бала туып, елдің алдында сыйы кеткен келіншектің сырын тыңдап көрді.

Алматының маңындағы ауылдардың бірінде тұратын Нәзипа 7 жастағы Данияр есімді ұлын жалғыз өзі өсіріп келеді.

«Таңертең қалаға жұмысқа кеткенде ұлымды көршілеріме табыстап кетемін. Сөйтпеске амал жоқ», — дейді 40 жастағы жалғызбасты ана.

Данияр — некесіз туған бала. Нәзипаның оң жақта отырып қалғанына «жаны ашыған» туыстары оған осылай бала туып алуға кеңес берген екен.

«Өзімнің жолым болмады. Көп жігіттермен жүрдім. Бірақ ешқайсы тұрмысқа шығуға ұсыныс жасамады. Кейінірек үйленген жігіттермен сөйлесе бастадым. Сөйтіп, осы баламды дүниеге әкелдім», — дейді ол.

Оң босағада отырып қалған қазақ қыздарының өзі үшін бала туып алғаны қаншалықты дұрыс?

Нәзипа өзінің бала көтергеніне қатты қуанған. Аяғы ауыр екенін ешкімнен жасырмапты да.

«Тұрмысқа шықпадың, енді өзіңе қартайғанда қарайтын бала туып ал», — деген сөздерді жиі айтқан туыстары, таныстары қазір Нәзипадан теріс айналған.

«Мен қазір ешкімнен ақша сұрап отырған жоқпын, өз баламды өзім баға алатын шамам бар», — дейді жалғызбасты ана.

Осындай жолмен жалғыздықтан арылғысы келгендерді белгілі психолог Анна Құдиярова бейбақ әйел деп атайды.

«Мұндай әйелдерді бейбақ әйел деп атауға болады. Өйткені, ол әйел ретінде ер адамдарға керек емес болып қалды, ешқайсымен ортақ тіл табыса алмады. Сондықтан, күйеу болмаса да, әйтеуір бір бала керек деп әр түрлі жолмен тауып алады», — дейді психолог.

Ол әйелдердің мұндай әрекетке баруы мәжбүрліктен туындайтынын айтады.

Оң босағада отырып қалған қазақ қыздарының өзі үшін бала туып алғаны қаншалықты дұрыс?

АННА ҚҰДИЯРОВА

«Бұл жағдайда әйелге өзі үшін бала тууға мүлде болмайды деуден аулақпын. Бақытсыз әйелге бәлкім сол баласы бақыт сыйлайтын шығар. Бірақ сол әйелдер баланың болашағы туралы саналы түрде ойласа екен деймін. Ол – жеке тұлға, оның қызығушылығы бөлек, ол жалғызбасты анасының қызығушылығымен сәйкес келе бермейді. Сондықтан соған дайын болуы керек. Ол бала қуыршақ емес, жеке тұлға болып өсуі тиіс», — деген пікірде психолог.

Психолог маман өзіне бала туып алуды ойлап жүрген қыз-келіншектерге ондай қадамға бармас бұрын жақсылап ойланса екен дейді. Қазақ қоғамында Нәзипаның күйін кешіп жүрген келіншектер баршылық. Соңғы уақытта оны ашық айтып та, жазып та жүрміз.

Осы тақырыпқа қатысты Nur.kz порталына белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы да өз пікірін білдірді.

«Жалпы ана болу — әйел адамның ең үлкен бақыты. Бала сүюім керек екен деп, оған бұрын қазақтың дәстүрінде, нанымында болмаған жолдармен жетуге болмайды. Шариғатта некесіз дүниеге бала әкелу харам болып саналады», — дейді ғалым.

Оң босағада отырып қалған қазақ қыздарының өзі үшін бала туып алғаны қаншалықты дұрыс?

ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ

Қайрат Жолдыбайұлының пікірінше, бұл ретте ең бірінші жолдан тауып алған баланың тағдырын ойлау керек.

«Ертең сол баланың «Әкем кім?» деген сұрағына не деп жауап береді? Оның анасына деген көзқарасы қандай болмақ? Басқа балалардың ортасында оның көңіл-күйі қандай болмақ? Осы сұрақтар алдымыздан көлденең шығып отыр. Қоғамда психологиялық тұрғыда жарымжан болып өскен бала ертең жақсы азамат болып, қоғамға өз үлесін қосуы екіталай», — деген дінтанушы мұндай жолдың біздің тәрбиеге жат нәрсе екенін атап өтті.

Қайрат Жолдыбайұлы қыз-келіншектердің мұндай қадамға баруын олардың дер кезінде тұрмысқа шықпай қалуынан көреді. Ғалымның ойынша, кәрі қыздар мәселесін мемлекеттік деңгейде шешкен жөн.

Оң босағада отырып қалған қазақ қыздарының өзі үшін бала туып алғаны қаншалықты дұрыс?

«Неге қыздарымыз оң босағада отырып қалады? Кәрі қыздар неге көп? Осы сұрақты біз жан-жақты қарауымыз керек», — дейді дінтанушы.

Қыздардың оң жақта отырып қалуын ой елегінен өткізген ғалым олардың психологиясынан бірқатар өзгерістерді байқаған.

«Қыздардың уақытында тұрмысқа шықпауының бірнеше себептері бар. Бірі мансап қуып, уақытын өткізіп алса, екіншілерінің болашақ жарына қоятын талабы тым жоғары. Олар жігіттерге материалдық тұрғыда бай болса, қалада тұрса деген сияқты түрлі шарт қойып алады да, кездескен адамына көңілі толмай, оны қанағат тұтпай, бұдан да жақсысын табам деп уақытының қалай өтіп кеткенін байқамай қалады», — деп топшылайды Қайрат Жолдыбайұлы.

Дінтанушы қыз балаларды қанағатшыл болуға шақырады.

«Қыз балалар қанағатшыл болуы тиіс. Жолықтырған ер адамы ақылды болса, мінезі дұрыс болса, кейбір кемшіліктерніе көз жұма қарауға болады», — дейді ғалым.

Қайрат Жолдыбайұлы қазақ қоғамында отырып қалған қыздардың мәселесін шешудің бір жолы — көп әйел алу деп есептейді.

«Ол жерде ойнастыққа жол жоқ, баланың ар-намысына дақ түспейді, онда жауапкершілік, әке-шеше тәрбиесі бар. Әрине бұған біздің ер азаматтар мен бәйбішелердің дайын-дайын еместігі — екінші мәселе. Бірақ, шамасы келетін екі отбасын асырай алатын, бәріне бірдей қарай алатын, басқара алатын ер азаматтар болып жатса, бұған біз тосқауыл болмауымыз керек», — деп пайымдайды ол.

Оң босағада отырып қалған қазақ қыздарының өзі үшін бала туып алғаны қаншалықты дұрыс?ОТБАСЫ.

Бірақ, ғалым екі әйел алу еріккеннің ермегі емес екенін қадап айтты.

«Екінші әйел алу — әркімнің ермегі емес. Бір әйелін асырай алмай жатып, оған сөзін өткізе алмай жатып, бірінші отбасының шаңырағын шайқалтып, балаларын жылатып, екіншісін алу, сөйтіп берекесіз өмір кешу — дұрыс емес», — дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Қазіргі кезде қаракөз қыздарымызға «өзің үшін бала туып ал» деп үгіттейтін ата-ана көбейді.

«Баяғыда жолдан бала тауып алған, жүкті болып қалған қыздың әке-шешесі көшеге шыға алмай қалатын. Тіпті, ауылдан көшіп кететін. Қазір намыстанбайды, керісінше, соған үгіттеп жатыр. Ол сананың өзгергендігі. Меніңше, діннен, тамырдан алшақтағандық», — дейді ғалым.

Бұл құбылысты танымал дінтанушы қоғамның іріп-шірігенінің белгісі деп атады.