ОН ЕКІ БАЛАНЫ АЖАЛДАН ҚҰТҚАРҒАН БЕЙСЕТАЙ
Іле өзеніндегі өткелде қайық аударылып, соның салдарынан суға кеткен 12 баланы ажал аузынан аман алып қаламын деп, өзі сол ажалдың тырнағына іліне жаздаған Бейсетай Дәуренбековтың ерлік ісін сонау бала кезімде естіген едім. Осы бір ерлік істі алғаш естігенімде іштей қатты тебіреніп, толқығаным есімде.
Ендеше, Бейсетай Дәуренбеков деген кім? Оның есімі жұртшылыққа несімен қымбат? Неге соншалық құрметпен атайды?
Бұл тосын оқиға 1972 жылдың 18 желтоқсанында Іле өзенінде болған еді. Анығырағы Іле өзені ағып өтетін Балқаш ауданына қарасты Аралтөбе ауылы маңында.
Аралтөбеде орыс мектебі болмағандықтан, кейбір балалар өзеннің арғы бетіндегі Үшжарма ауылына барып оқитын. Екі араны Іле бөліп жатқандықтан, оған қайықпен қатынайтын еді. Сол күні де ешқандай қауіп-қатерден ісі жоқ балалар әдеттегідей жолға шықты. Қыстың көзі қырауда. Өзенде сеңдер жүзіп жүрді. Алайда бұларға бәрі де үйреншікті нәрсе болатын. Сөйтіп, В.Базарнов деген шалдың қайығына екі үйден үш, бір үйден екі, қалған үйлерден бір-бір бала — барлығы он бес бала отырып, арғы жағаға тартып кетті.
Далада қақаған қыс. Ауыр толқындары жағаға соғылған Іле сол күні тосын мінез көрсетіп, буырқанып жатты. Оның үстіне кешеден бері көтеріліп тұрған жел де саябырсымай тұрған. Таңертеңгі суық ауадан қыстың қытымырлығы анық сезіледі. Әлденеден қауіптенді ме екен, әлде оның басқа себебі болды ма, балаларды шығарып салуға біреуінің анасы, екіншісінің әжесі, енді бірінің ағасы дегендей… келіпті.
Міне, сөмке көтерген он бес бала мен қайықшы Вася ағайдың салмағынан белі қайысқан қайық қалт-құлт етіп толқындардың арасында әрең жол тауып жүзіп келеді. Арқырап-күркіреген судың ағыны адам шошырлық. Өрекпіген өзеннің орта тұсынан асып, арғы бетке де жақындай берген. Кенет қайдан пайда бола кеткені белгісіз, тап бүйірінен сумаң етіп екі үлкен сеңнің шыға келгені бар емес пе!.. Біріншісі тура келіп қайықтың тұмсығынан соқты. Бір орнында шыр айналған қайық, екінші сеңнің қатты соққан екпініне шыдамай аударылып түсті. Тепе-теңдігін жоғалтқан балалар да бір кезде бірінен соң бірі суға құлай бастады. Мұны көріп тұрған жағадағылардың жан айқайы шықты: «Ойбай, кетті!..», «Өлді!..». Қаншама бақырып-шақырғанымен, мынадай сәтте не істерлерін білмей дал. Байғұс балалар суға бір батып, бір шығып, дәрменсіз күй кешіп, бірнешеуі сеңге жармасып, бір-екеуі төңкерілген қайықтың шынжырынан ұстап жандалбасалап жатты. Мұндайда шешініп тастап, суға күмп беруге тәуекелі жетпеген адамның жаны алқымға тығылып, өзен жағасында ары-бері жүгіргенінен басқа не амал істей алады?! Ол — ол ма, суға бір батып, бір шығып шыңғырған балалардың жандалбаса әрекетіне куә болып жағада тұрғандардың арасында Балқаш аудандық сот төрағасы мен форма киген милиция қызметкері де болыпты. Олар да шешуші сәтте шешім қабылдаудың орнына дәрменсіз халде мелшиіп тұра берген деседі.
Осындай қиын-қыстау сәтте бірден-бір дұрыс шешім қабылдаған жалғыз адам Бейсетай Дәуренбеков болды. Ол небәрі әлгі сот төрағасы мен милиция қызметкерін жағаға жеткізіп салған көліктің жүргізушісі ғана еді. Алайда оның бойындағы адамгершілік қасиет лап етіп жанды. Жүрекжұтқан жігіт сырт киімдерін жерге атып ұрып, дүлей толқынға бар екпінімен жүгіріп барып, қойып кетті. Қос қолымен құлаштай жүзіп келіп, суға батпай төңкеріліп қалған қайықты аударып, қайта орнына қойды. Содан кейін сұп-суық сеңдерге жармасып, жанталасып жүрген балалардың бірінен соң біріне көмекке ұмтылып, оларды қайыққа сала бастады. Әрине, бұрқырап-шұрқырап тулаған толқындардың иірімінде ес-түссіз қалғандарды да болмай қалған жоқ. Шыбын жанын шүберекке түйген Бейсетай қандай ауыр болса да, бар күш-жігерін жинап қолына ілінгендерін қолтығына қысып алып қайыққа жеткізіп, ернеуіненасыра берді, асыра берді…
Бір кезде таудай-таудай толқындардың тұтқынында төменге қарай ағып бара жатқан қайықты бар күш-жігерін жұмсап, қарсы бетке итере бастады.
Екі езуі көпіріп, бураша бұлқынған өзенде толқындармен алысып жүргенде қайыққа мінген 15 баланың 12-сін аман алып, 3-уіне шамасы келмегенін бірден байқамапты да. Олар қатал да қайырымсыз суға кетіпті. Сол суға кеткендердің бірі орыс қызы Наташа болатын. Осы сұмдық оқиғаға куә болғандар сеңнен әл-дәрмені қалмаған ең соңғы сәтте ғана қолын жіберген Наташаны құтқаруға болар еді дегенді айтады. Қалайша? Жағада бірін-бірі өкшелей зыр жүгіргендердің ішінде оның туған ағасы Николай да болған екен. Бірақ өзен ішінде ажалмен арпалысқан қарындасын құтқару оның қолынан келмеді. Жүрегі дауаламады. Жүрексінген. Қарындасы суға батып кеткенде ғана бармағын шайнап, өкіріп қатты жылапты деседі.
Реті келгенде айтып өтейік, суға түсуге жүрексінгендердің ішінде Николайдан басқа украин, шешен, түрік, сосын өзіміздің қаракөздер де болыпты. Жас шамалары да әртүрлі болса керек. Бірақ балаларды құтқаруға оның бірде-біреуі тәуекел ете алмаған…
Ал жағаға жетіп, әлсіреп құлаған Бейсетайды балалардың қайғысымен улап-шулаған жұрт сол замат ұмытып та кетіпті. Желтоқсанның суық суы қойсын ба, өкпесінен өткен ызғар шекесін солқылдатқандай тісі-тісіне тимей дірілдеп, қалшылдап сол жерде біраз жатып қалыпты. Ақыры өкпесіне суық тиіп, есінен тана құлаған аптал азамат алты ай бойы аудандық ауруханада жатып емделіп, әрең аяққа тұрады.
Бейсетайдың осы ерлігі кезінде билік тарапынан тиісті дәрежеде еленген жоқ. Кейін көп жыл өткен соң, осы жасалған ерліктен құлағдар болған Елбасы, оны Ақсарайға арнайы шақыртып, өз қолымен «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне қадады.
Болат Шарахымбай