Он жеті жыл төсек тартқан пайғамбардың хикаясы
Бір кездері аумақты жерлері, үйір-үйір малы және қызметкерлері, ірі-ірі сауда көздері болған Айюб пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алланың сынағына түсіп, өмірінің біраз мерзімін тауқіметпен өткізеді.
Оның бар мал-дүниесі таусылып, кембағалға айналады, ұлдары мен қыздары бірінен соң бірі өлім құшады. Сосын Алла оған ауыр бір дерт жібереді. Науқасы меңдеген Айюб (а.с) жүре алмай қалады. Денесі шіріп, еті жидіп түсе бастайды. Аурудың жұғуынан қорыққан достарының барлығы одан теріс айналады. Екі жолдасы ғана алыстан сөйлеседі. Тіпті, туған-туыс, дос-жарандары да ат ізін салмай қояды.
Осындай ауыр халде жатқан Айюб пайғамбардың жанында жастанса – жастығы, таянса – таяғы болып қалқайып, жалғыз жан-жары ғана қалады. Тумысынан қарапайым, жаны жомарт әйел ауыр сынақта жатқан күйеуін демеп, әрдайым қасынан табылады.
Бір күні ол Айюбқа:
– Сен неге бұл бәледен айықтыруын сұрап Аллаға дұға қылмайсың? – дегенде, Айюб:
– Біз молшылықта, шаттықта қанша жыл өмір сүрдік? – деп сұрайды.
– Жетпіс жыл, — деп жауап береді әйелі. Сонда Айюб:
– Мен молшылықта өмір сүргенімдей сынақ мерзімі өтпейінше Аллаға шипа сұрап дұға қылуға ұяламын, – дейді.
Өлместің тіршілігін жасап, ауыр жағдайда күнелткен өмірлері осылайша жалғасып жатады. Ал жары болса, тағдырына налымай, болаттай бекемдікпен, сабырмен шыдап бағады. Ол жиырма жылға жуық төсекке таңылып, дерт меңдеген күйеуінің көңіліне қаяу түсірмей, көптің қолынан келе бермейтін өнегенің өрнегін салады. Жан төзбес тауқімет тартқан, сабырлылығы үшін сый алған қарапайым әйелдің бұл ерлігі әрбір жанды таңдандырмай қоймасы анық.
Ұзақ жылдар бойы көрсеткен салмақты сабырлылықтан кейін оларға рақымы мен кеңшілігі мол Алланың жеңілдігі келеді. Айюб пайғамбар ауруынан құлан-таза айығып, бұрынғысынан да артық нығметтерге ие болады. Алла оның әйеліне жастық шағын қайтарып береді. Ол Айюбқа (а.с) 26 бала туып берді. Сынағына сабыр еткен мұндай пайғамбарын Алла Құранда:
«Шынында, оны сабырлы халде көрдік. Ол не деген жақсы құл еді! Ол – өте бойұсынғыш!» — деп сипаттаған. («Сад» сүресі, 44-аят)
Құранда келген бұл қиссадан бірнеше ой түюге болады:
Алла қиындықты кез-келген құлының басына береді. Сол арқылы оны шыңдап, күнәларын кешіріп, рухани кемелденуіне жол ашады;
Сынақтың ауырлығы – пенденің иман деңгейіне байланысты болады;
Ауру да, шипа да – Алладан;
Дұға – мұсылманның қорғаны. Ол қиындықтан құтқарады. Сондықтан басына іс түскен адам Алланың мейірімінен үміт үзбеуі тиіс.
Аллаға иман келтіру мұсылманды сабырлы болуға үйретеді.
Иманды әйел қандай жағдай болмасын, жарының жанынан табылады.
Барлық адам баласы қиындық көреді. Соған шыдап, мойымаған пендеге Алла Тағала жеңілдік пен қуанышты нәсіп етеді. Яғни әрбір қиыншылықпен бірге жеңілдік бар.