Оңай ақшаны олжа етем деп, от басудан аулақ болайық
Құрметті жастар!
Айлардың сұлтаны – Рамазан айы басталды. Рамазан айында игі амалдар жасап, құмар ойыннан аулақ болып, әдеттен мәңгілікке арылайық.
Бұл құмар ойындары дос-жаран, ағайын, туған-туыстың араларына іріткі салатын амал.
Өйткені, құмар ойнына берілген адамның көзін тұмандатып, дос-жараң, ағайын-туысты ұмыттыратыны анық.
Құмарға берілген адам барлық дүниені ұмытып, есіл-дерті ақшаға ауып, қалай ұтып алуды ғана ойлап, оның мақсаты құмарға тігілген ұтысты жеңіп алу ғана болады.
Ойынға керіскен барлық құмар ойнаушының көздегені -тек қана ұту. Ал, ұтыстың тек бір адамға ғана тиесілі екені белгілі. Ұтылған жандар болса ашу-ызаға булығып, шайтанның арбауына түсіп,түрлі арам ойларға ерік береді.
«Жығылған күреске тоймайды» демекші, ұтылған жерден айналшықтап кете алмай басы ауырады. Қайтсе де ұту үшін қалтасындағы барын салады, жоқ болса қарызға ойнайды, нәтижесінде тағы ұтылады. Соңында отбасын, бала-шағасын нәпақасыз, аш жалаңаш қалдырып, азып-тозып, күнәға белшесінен батады.
Ал құмар ойынында ұтқан кісі ше? Ұтып алған ақшасына қанағаттана алмай ақша көбейген сайын көбейе түссін деп құмар ойынын ары қарай жалғастыра береді. «Өгізге туған күн бұзауға да туады»,-демекші, дүние алма-кезек, күндердің бір күні ол да ұтылады. Нәтижесінде отбасын, бала-шағасын нәпақасыз, аш жалаңаш қалдырады.
Қорытындылай келе бұл құмар ойынның әкелер еш пайдасы жоқ. Басыңа бәлекет үйіріп, былыққа батыратын бұл ойынға құлшынбау қажет. Сондықтан да қалың құлқынның құлы болып, қарыздың қақпанынан қашқан жөн. Оңай ақшаны олжа етем деп, от басудан аулақ болайық.
Асылжан Шуақбайұлы,
Сарысу аудандық жастар ресурстық
жастар ресурстық орталығының басшысы