Оңалту орталығында мерекелік шара
Наурыз – халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпын жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған бірегей мереке.
Ізгілік пен жақсылықтың мейрамы қарсаңында түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырып, мол дастарханнан басында ақжарқын көңілмен жүздесіп, наурыз көжеден дәм татып, абыз ақсақалдардан бата алған ағайын Наурыз мейрамын 14 наурыз Көрісу күні – Амал мерекесінен бастап кетті.
Бүгін Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай, Сарысу аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында балаларға арналған «Қош келдің әз-Наурыз» атты мерелік іс-шара өтті.
Күн мен түннің теңеліп, Самарқанның көк тасы еритін, табиғаттың жаңарып, түрленетін мезгілі Наурызды насихаттауға арналған мерекелік шарада балалар, ата-аналар және орталық қызметкерлері ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетті.
Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің оқушылары мен мұғалімдерінен құралған ұлт-аспаптар ансамбілінің орындауындағы «Сал күрең», «Жауға», «Дала рухы» шығармалары балаларға мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ, Ұлттық спорт күні өткізіліп отырған шара барысында балалар асық атып, күш сынасып қол күрестірді. Алып анадан туады демекші, ата-аналар да «Арқан тартысып» күштерін сынап, палуандықтарын көрсетті.
Орталықта тәрбиеленуші балалар «Наурыз-көктем» әнін бірге шырқап, «Қара жорға» биін нақышына келтіре орындап шықты.
Мерекелік шарада халқымыздың салт-дәстүрлерді де насихатталды. Орталық қызметкерлері «Сүйінші сұрау», «Ат қою», «Бесікке салу» тәрізді рәсімдерді қойылым түрінде көрсетіп, балалардың сұрақтарына жауап берді.
Жас ұрпаққа ақ батасын арнаған Қыдыр ата мен халық әні «Сәулем-ай» әнін шырқаған Наурыз әже де Наурыз мерекесінің көркін аша түсті.
Ұлыстың ұлы күніне арналған айтулы шараға қатысқан көпшілік «Қыдыр атамыздың ақ батасы қабыл болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып бейбіт өмірде балаларымыз бақытты өмір сүре берсін», — деген жүрекжарды тілектерін арнады.
Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, салт-дәстүрлеріміз салтанат құрған мерекелік шара есте қаларлықтай деңгейде ұйымдастырылды.
Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі