Өндіріс өркендеcе, мүмкіндік молаяды
Байзақ ауданының әлеуетін өрге сүйрейтін жетекші саланың бірі – өнеркәсіп. Мұндағы кәсіпорындар биылғы жылдың жартыжылдығында 1821,7 миллион теңгенің өнімі өндіріп, өсім 97,4 пайызды құраған. Негізінен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі есепті мерзімде 2185,2 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 100,6 пайызды құрайды деп болжанған екен. Аудандағы технологиялық үдерістер мен жаңа жобаларды жүзеге асыру ісінің жандануы
бұл үдеден шығуға негіз болары хақ, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.
Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев аудандық мәслихат депутаттары алдында берген есебінде осы жылдың бірінші жартыжылдығы Байзақ ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты көрсеткіштермен сипатталатынын айтты. Оған өнеркәсіптен бөлек, өзге де барлық сала бойынша межеленген көрсеткіштерді орындау нәтижесінде қол жеткізе алу ықпал етсе керек.
– Біздің міндетіміз – өнеркәсіп өндірісінің тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Аудан осы жылдың бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша алға қойылған міндетті орындауда үдеден шығып отыр. Десе де, мол табысқа кенелу мақсатында әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін жыл аяғына дейін өндіріс көлемінің төмендеуіне жол бермеуге күш саламыз. Десе де, бүгінде қол жеткізген нәтижелерді бүге-шүгесіне дейін баяндайтын болсақ, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 5 миллиард 652,1 миллион теңгені немесе өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,3 пайызды құрады. Биылғы жылдың 6 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 6 миллиард 908,4 миллион теңге жетті.
Ағымдағы жылдың 5 айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 4024,6 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 93,9 пайызға қол жеткізілді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 7064,5 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 102,6 пайызды құрайды деп күтілуде.
Аудан бюджетінің түсімдері мен жоғары бюджеттен алынатын ресми трансферттер бойынша 6 айлық жоспардың орындалуы көңіл көншітеді. Жылдың 5 айында бөлшек сауда айналымының көлемі 3816,4 миллион теңгені немесе былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 191,1 пайызды құрады, – дейді Рахметілдә Сегізбайұлы.
Байзақ ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта субъектілердің саны – 5549. Оның ішінде 2767-сі шаруа қожалықтары екен. 2543-і жеке кәсіпкер болса, біреуі орта кәсіпкерліктегі заңды тұлға. 238-і шағын кәсіпкерлік нысан.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 6 айда 2454,7 миллион теңгені немесе нақты көлем индексі 110,3 пайызға жетіпті. 5 айдың ішінде 8404 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл өрсеткіште де өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда сөсім бар. нақты айтқанда – 109,0 пайыз. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілген тұрғын үй аумағы 9955 шаршы метрді немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 111,6 пайыз.
Әлім Мұратов
Жамбыл облысы