ӨНЕГЕЛІ ӨМІРДЕН ҒИБРАТ
Ізденісі мен тілге деген жанашырлығы тереңде болған жастарға әрдайым тарихтың толғауынан сыр шертіп, тәрбие мен дәстүрдің маңыздылығын ұғындырып жүрген қарт қаламгер П.Дүйсенбин бүгінде 80 жасқа толып отыр.
Осыған орай, Жаңатас қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» сыйлығының екі дүркін иегері, 2015 жылғы «Дарабоз» конкурсының гран-при иегері, қаламгер Пернебай Дүйсенбиннің 80 жас мерейтойына арналған «Жүрегімде ғасырлардың салмағы» атты қонақжай кеші өтті. Кештің мақсаты- оқырмандарға жазушының өмірі мен шығармашылығын таныстыру, әдебиетті сүюге, оны бағалай білуге тәрбиелеу, жазушының шығармалары арқылы ұлтжандылық сезімін ояту. Шараны Дегерес қалалық кітапханасының қызметкері Р.Оспанова жүргізді. Қаламгердің ізін жалғап жүрген шәкірті, ақын С.Тоқбанов жүрекжарды «Дарабоз» атты арнау өлеңін оқыды. Қонақжай кешінде жазушыға тосын сый жасалып, «Өнегелі өмірден ғибрат» атты өмірі мен шығармашылығы слайд арқылы көрсетілді. Д.Қонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы С.Баян Д.Нұрпейсованың «Науысқы» және Құлшардың «Кербез керік» күйлерін тарту етсе, Абылай хан атындағы мектеп-лицейдің оқушылары А.Құрбанәлі, Ж.Қалмахан, Ж.Шайхан, С.Шымырбай П.Дүйсенбиннің «Жұмбақ жұлдыз» ,»Таза бұлақ», «Сырласпын»,»Намыссыздық» өлеңдерінен әдеби подиум оқыды. Жазушының немерелері А.Пернебай және Ж.Пернебай тосын сый жасап «Домбыра» туралы монолог оқып, П.Дүйсенбиннің он бес жасында жазған «Таза бұлақ» өлеңін жатқа айтты. Кітапхана оқырманы Н.Ақтан жазушының «Қошақан қозы немесе Бауыржанның монологы » атты өлеңін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, сұрақ-жауап айдарында оқырмандар белсене атсалысып, жазуға қызықты сұрақтар қойып,тұшымды жауап алды. Кеште қаламгерге сурет салу туралы өтініш білдіріп, қонақ кәде сұралды. Көпшілік өтінішін жерге қалдырмаған П.Дүйсенбин көгершінді қылқаламмен салып берді. Жаңатас қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі Р.Тажиева «Қаламы қарымды қаламгер» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Кешке арнайы ұйымдастырылған жазушының суреттерінен құралған «Әдеби арбат» инсталляциясы таныстырылды. Қонақжай кешінде белсенділік танытқан оқырмандар «Алғыс хаттармен» марапатталып, жазушымен естелікке суретке түсіп, кеш қонағы кітапхана қызметкерлері мен оқырмандарға ақ батасын берді.
Тұрғындар ризашылығын білдірді
Қайырымдылық ісіңнен көрінеді”,- дейді қазақ. қайырымдылық- асыл қасиет. «жанашырлыққа-жан риза» дегендей, мұқтаж жандарға аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу-әрбір адамның азаматтық парызы. адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Осыған орай Досбол ауылында «Жомарт түлек» акциясы аясында жеке кәсіпкер Зина Абдрахманова ауыл тұрғындарына ұн және күнбағыс
майын таратып берді.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Пернебек Алтынбеков:
— Қайырымдылық, жақсылық жасау-парасаттылықтың, тәрбиеліліктің, имандылықтың, ізгіліктің анық көрінісі, адамның асыл қасиеті. Кісінің айналасындағы адамдарға танылатын тамаша қыры да қаншалықты қайырымды екендігінен байқалады. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіншілігің жетіп тұрса, неге қол ұшын созбасқа?! Ауы-лымызда жыл сайын ауқымды істер атқарылып келеді. Ауыл жастары осы игі істерге белсене араласып, көмектерін созуда. Осындай жанның бірі жеке кәсіпкер Зина қызымызға алғысымыз шексіз,-деді.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары да қолдау көрсетіп жатқан жеке кәсіпкерге ризашылығын білдірді.
Түлектер тартуы
Қазақ халқы ежелден жомарттығымен танылған. Ұрпағына қайырымдылықты жастайы-нан үйретіп, адамгершілік қасиеттерге баулуға ұмтылады, ел тірегі, ертеңіміздің кепілі болған жас ұрпақ! Ұлтымыздың ұлы ұрпағы да ата дәстүрді жалғастырып келеді.
Досбол орта мектебінде мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары С.Бойтанованың ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «ЖомартТүлек-2023» форумы өтті.
Форумға елімізге белгілі салада еңбек етіп жүрген мектептің 40-30 жыл бұрынғы түлектерімен осы мектепте еңбек етіп жүрген түлектер қатысты. Досбол ауылы-киелі мекен, береке-бірлігі жарасым тапқан елдіктің тұғырлы мекені. Осы киелі мекенде еңбек етіп жатқан мектеп ұстаздары оқушылармен ой бөлісіп, өздерінің басынан өткен қызықты жайттарды әңгімелеп берді.
Осы мектептен түлеп ұшқан азаматтардың түрлі салада еңбек етіп «Туған жер», «Мектепке тағзым» жобалары аясында алтын бесік ауылының ажарлануына, көркейіп дамуына үлес қосып келе жатқаны туралы айтылды. Форум соңында түлектер мектеп кітапханасына кітаптар тарту етіп, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін музыкалық аппарат сыйлады. «Жомарт Түлек» жобасы аясында демеушілік жасаған тұлғаларға оқушылар алғыс айтты.
Жеңімпаз атанды
Жуырда Шу қаласында футболдан 2013-2014 жылы туылған жасөспірімдер арасында М.Бисейтовты еске алуға арналған облыстық ашық турнир болып өтті.
Жарысқа Жамбыл облысының аудан құрама командалары мен Түркістан облысы және Алматы қаласы мен Алматы облысынан 16 команда қатысты.
Аталған жарысқа Сарысу ауданындағы № 26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жас футболшылары қатысып келді.
Жаңатастық жас футболшылар өз топтарында Шу және Мойынқұм аудандары мен Қонаев қаласы командаларынан басым түсіп, жартылай финалда алаң иелері Шу ауданы, Төле би ауылы командасын 3-0 есебімен жеңіп, ақтық ойынға жолдама алды.
Финалдық ойында Қонаев қаласының командасынан 2-0 есебімен жеңіліп, жүлделі ІІ орынға ие болды. Жарыстың «Үздік қақпашысы» болып Шәріпбек Бақдәулет атанды.
Байрақты бәсекеде бағы жанған спортшылар
Ауданымызда спорт саласы дамып, жастарымыз әлем ареналарында әнұранымызды шырқатып, көк байрағымызды жеңіс тұғырынан желбіретіп жүр. Жаттықтырушылардың еткен еңбек, төккен терлерінің жемісі. Тоғызкент ауылындағы спорт мектебінің спортшылары байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, жуырда Тараз қаласында қол күрестен қыздар арасында 75 кг салмақта 8 қатысушы Жамбыл облысының чемпионаты өтті. Осы жарыста Тоғызкент ауылындағы спорт мектебінің қол күресінен жаттықтырушысы Е.Қалмахановтың шәкірті Ләззат Айтжан қатысып, қарсыластарынан басым түсіп, 2- орынға ие болды.
Сондай-ақ, Павлодар қаласында дойбыдан 10-12 жас аралығында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Осы жарыста дойбыдан жаттықтырушы Е.Бүркітбаевтың шәкірті Айсара Әбдір ІІ-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар, Тоғызкент ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Әбдірәлі Жамбаевты еске алуға арналған үлкен футболдан 2011-2012 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті.
Турнирге 15 команда қатысты. Осы байрақты бәсекеде футболдан жаттықтырушы Н. Жамбаевтың командасы қатысып, жүлделі ІІ-орынды иеленді.
Сарысу ауданы