Өнер үйретудің де өз өрнегі бар
Өнер үйренем, білсем, көрсем деген баланың талабын қолдап, талантын шыңдау үшін де «өнер» керек. Өнер дегенде, оқытудың әдістемесін өзгерту мәселесін көтеріп отырмыз. Себебі, бүгінде бұл салада үздіксіз даму үстінде. Ал, жас жеткіншектерді ескі жүйемен қызықтыра алмайсыз.
Мектеп олимпиадалары және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың жоспарына сай, Т.Рысқұлов ауданындағы «Өнер мектебі» аудандық М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің базасында «Қосымша білім беру мекемелеріндегі көркем-эстетикалық бағыттың құндылықтарын қалыптастыру моделі және оны жетілдірудің инновациялық жолдары» тақырыбында облыстық семинар өткізді.
Оған мектеп олимпиадалары және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың әдістемелік бөлім меңгерушісі Айсұлу Темірғалиева, әдіскері Жібек Қасымова, «Балалар шығармашылық және спорт» бөлімінің меңгерушісі Ольга Сагандыкова, Т.Рысқұлов ауданы білім бөлімінің басшысы Майра Базарова қатысты.
«Өнер мектебінің» директоры Бақытжан Өтебаев бұл іс-шара қосымша білім беру ұйымдары педагогтері мен үйірме жетекшілерінің әдістемесін тарату мақсатында өткізілгенін айтып өтті.
Практикалық бөлімінде семинарға қатысушы қосымша білім беру педагогтері «Бейнелеу өнері» және «Сәндік-қолданбалы өнер» секцияларына бөлініп, шеберлік сыныптар мен ашық сабақтарға қатысып, педагогтер іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында іс-тәжірибесімен бөліскен бірқатар педагогтер арнайы Алғыс хаттармен, сертификаттармен марапатталды.
Өңірдегі көркем-эстетикалық бағытының 60 қосымша білім беру педагогі тәжірибе алмасқан семинардың берері көп.
Ақ жол газеті