Өнерлі балалар, «Ана әні» және көпірсіз өзен
Экспедиция өз жұмысын Қарағанды облысында ары қарай жалғастырды. Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылына қарасты 189-жол айрығында орналасқан №140 мектепте өткен кездесу ерекше әсерлі болды. Мектеп директорының міндетін атқарушы Ырысбала Орақбайқызы кездесуді өзі бастады. «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Саят Қамшыгер сөз алып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Балапанова Гаухар, Сембай Гаухар, Көшмағанбет Қазтай, Мыңбай Аруай бастаған талантты оқушылардың мәнерлеп өлең оқып, ән салғандары жүректерге жеткені анық.
Кездесу барысында оқушылар ауылдағы бір қиындықты айтып, соның шешім табуына көмектесуімізді сұрады. Ауылдың шетімен ағатын Сарысу өзені көктемде тасып, көпірді шайып кетеді екен. Жылда көктемде жол болмай қалып, ауыл тұрғындары өзеннен қайықпен өтуге мәжбүр болады. Оны осы ауылға көктем кезінде барғанымызда өз көзімізбен көрген едік. Осы жолы да көпірге арнайы барып, көктемнен бері істелген жұмыспен арнайы таныстық. Жасалған көпір көңілімізге қонбады. Мына түрімен көктемде су тасығанда көпірді тағы да шайып кетіп, жол болмай қалады. Оған бөлінген ақша қайда кетіп жатыр? Неге жылда көпірді су шайып кете береді? Көпірді су шаймайтындай етіп неге дұрыстап, сапалы салмасқа? Халықпен кездескенде елдің осындай сұрақтары жан-жақтан жауып кетті. Біз де өз сөзімізде халықтың мұң-мұқтажын газетке жазатынымызды айттық.
Жезқазған қаласына барғанымызда әкімнің орынбасары Зина Жұманазарқызы жылы қарсы алды. Жұмысымызды әп-сәтте бітіріп, баратын мектептеріміздің тізімін қолымызға ұстатты. Жылы жүзді, мәдениетті, іскер жан бізге жақсы әсер қалдырды.
Жезқазғандағы ең бірінші барған мектебіміз №2 Кеңгір орта мектебі болды. Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлбану Хамидоллақызы білім ордасымен таныстырып шыққан соң мәжіліс залына беттедік. Оқушылармен тағылымды кездесу болды. Жақында өткен «Қазақстан таланттары» атты халықаралық байқауда ән салып, 1-орын алған 4-сынып оқушысы Сәрсен Заринамен сөйлестік. Байқауда ол «Астана вальсі» деген әнді шырқапты. Ұстазы Жолдыбаева Дидар Рахимбекқызының ерекше дайындығының арқасында жеңіске жеткенін айтқан Зарина бізге өз дауысымен ән салып берді. «Алатау шыңы» атты республикалық байқаудан 1-орын алған 8-сынып оқушысы Кенбай Ақбота: «Жаныма жақын «Ана» деген әнді байқауда айттым. Осы әнді шырқаған сайын анамды одан сайын жақсы көріп кетемін», — дейді.
Осы мектепте «Ақылды жылыжай» жобалар байқауына қатысып 3-орын алған 5-сынып оқушысы Испандияр Нұрдәулеттің жобасымен танысудың сәті түсті. Қарағанды облыстық оқу-әдістеме орталығының ұйымдастыруымен өткен жобалар байқауына қатысқан Нұрдәулеттің жетекшісі Мейрамова Альмира Адельбекқызы оқушысының жобасы жайлы шабыттана айтып, түсіндіріп берді.
Жезқазғандағы №8 гимназияда өткен кездесуде Бөлекбаев Қуаныш, Әбіран Инабат, Сүлеймен Еңлік, Аманжолова Аружан, Алтай Кәусар, Жақсылық Жанел, Актаева Эльмира, Есенгелдиев Мұхаметжан, Мұқажан Даяна бастаған оқушылар өздерінің шығармашылықтарын таныстырды. Білім ордасының директоры Абдикерова Сара Түгелбайқызы қорытындылаған кездесу бәріміздің көңілімізден шықты. Кездесуден соң «ИнтелектУм» курсының жұмысымен таныстық. 6-сынып оқушысы Қанатова Мақпал: «5 жасымнан шеберлікке қызығып, қолөнермен айналыстым. Көп нәрсені үлкендерден, әжелер мен аналардан үйрендім. Өзіме қолөнермен айналысқан ұнайды. Көптеген қолөнер бұйымдарын сабақтан тыс уақыттарда жасаймын», — деді. 1-сынып оқушыларын түрлі өнерге үйретіп жатқан сынып жетекшісі Махатова Айгүл Қазыкенқызы «Мөлдір бұлақ» журналы арқылы дарынды оқушыларын республика оқырмандарына танытқысы келетінін айтты.
1620 оқушысы бар №1 мектептің директоры Досанов Әбдірахман Мұхамеджанұлы екен. Бұл Рымжан Қуаныш, Райымқұлов Мейіржан сияқты таланттардың жарқыраған күні болды. «Ұлы даланың мұрагерлері» атты форумға қатысқан дарынды оқушы Шалабай Ақжол бірнеше өлеңді мәнерлеп оқыды. Кездесуді Жезқазған қалалық білім бөлімінің қызметкері Сәуле Мәденқызы қорытындылады.
Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейдің мәжіліс залында өткен кездесуді директор Мукашева Кульпаш Байзадақызы бастады. «Балдәурен» би ансамблі бірнеше биін биледі. Ансамбльдің жетекшісі Тақан Сандуғаш шәкірттерінің жетістіктерін айтып, таныстырып шықты. Қаныш Сәтбаевтың есімін алған лицейдің академиктің атына лайықты еңбек етіп жатқандықтары бірден сезілді.
№11 мектептегі кездесуде 6-сынып оқушысы Қыдырәлі Ұлжан Абайдың өлеңі «Өлсем орным қара жер…» өлеңін мәнерлеп оқып бәрін таңғалдырды. Директордың тәрбие ісі бойынша орынбасары Жаппасова Айтжан Сұлтанғазықызы мектептің тыныс-тіршілігімен кеңінен таныстырып шықты.
Қабден Шыңғысов атындағы №5 мектептегі кездесу де айрықша ілтипатымен есімізде сақталды. Мектеп директоры Куланбаева Бекзат Азиқызы кездесуді өзі жүргізді. Ерғазина Ақниет, Жеңіс Нұраділ, Қойшыбай Жансая, Әуез Бек сияқты оқушылармен кездесуден соң тағы бірге қалып, жақынырақ таныстық. Шығармашылықпен айналысатын бұл ұл-қыздардың болашақтары жарқын екеніне көзіміз жетіп, сеніммен аттандық. Сөйтіп біз Жезқазғаннан Сәтбаев қаласына қарай шықтық.
Елімізге кеңінен танымал Сәтбаев қаласында №7, №3,№1 мектептерде мәнді де мағыналы кездесулер болды.
Ұлтымыздың алтын ұясы — Ұлытау ауданындағы сапарымыз да сәтті өткені рас. Аудан әкімі Омаров Әнуар Серікбайұлының қабылдауында болдық. Ұлытау өлкесі жайлы тебірене айтқан әкімнің сөздерін ұйып тыңдадық. Жылда дәстүрлі түрде өткізіп жатқан түрлі фестивальдар жайлы білдік. Соның бірі — «Көкмайса» фестивалі. Басқа облыстардан көп қонақтар шақырылып, сайын далада бірнеше күн бойы дүркіреп өтетін фестивальге шетелдерден де меймандар келеді. Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарынан көріністер қойылып, ұлттық ойындар ойналатын, түрлі бағдарламалар өтетін фестиваль барысында көптеген киіз үйлер құрылып, ұлттық ән-күйлерімізден концерттер қойылады. Демалушыларға, туристерге қолайлы жағдай жасалып, ұлттық тағамдарымыз алдарына ұсынылады.
Ұлытаудағы мұражайға бас сұғып едік, экспозиция, экскурсия бөлімінің басшысы Гүлсұлу Әділбекқызы зор ынтамен бізге көп мағлұмат берді. Музейдегі әр жәдігерге тоқталып, Ұлытау өңірі жайлы қызықты әңгіме өрбітті. Құны бірнеше жылқы тұратын ескі қапсырма етікті, балбал тастардың түпнұсқа түрін, ежелден бері темір мен мыс қорытқан ата-бабаларымыздың әртүрлі құрал-жабдықтарын, көп-көп жәдігерлерді біз осы жерден көрдік.
Ұлытаудағы №1 мектептің мәжіліс залында өткен кездесуді аудандық білім бөлінің маманы, әдіскері Омарова Светлана Жүсіпқызы бастады. Ибрагим Дана, Жомарт Асу, Сапабек Нұрасыл, Бекентай Ерасыл бастаған оқушылар өз өнерлерін ортаға салды. «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы, ақын Саят Қамшыгер ауыл жайлы өз өлеңдерін оқыды. Экспедиция мүшелері мұғалімдер мен оқушылардың көптеген сауалдарына жауап берді.
Жезқазған гуманитарлық колледжі
1966 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан іргелі білім ордасы. Қаншама шәкірттерін елу жылдан астам уақыт бойы білім нәрімен сусындатқан, еліміздің түпкір-түпкірінде адал қызмет етіп тереңге жайған білімнің алып шыңы десек те болады.
«Жас келсе іске» дегендей жаңа басшы Исахова Айгүл Сапарханқызының басшылығымен колледж биылғы таңда күрделі жөндеуден өткізген. Колледжде орындалып жатқан әр іс-шараны іскер басшы үнемі қадағалап, жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырады. Колледжде білімді ұстаздар қызмет етеді. Сырттай (ақылы) негізде және күндізгі (бюджеттік) негізде 500-ге тарта студенттер білім алады.
Колледж оқытушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша Астана қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында біліктіліктерін арттырып отырады. Тәжірибелі оқытушылар мен білімді жастар арасындағы тығыз ынтымақтастық қарым-қатынасты кез келген сабақтарынан аңғаруға болады.
«Жігер» жастар ұйымы басшылығымен әртүрлі мерекелік іс-шараларға колледж студенттері атсалысады. Тәрбие жұмыстары ұдайы өз дәрежесінде жүргізіледі. Колледж студенттері қала, облыс, республика көлеміндегі жарыстарға, олимпиадаларға, конкурстарға үнемі қатысады.
Ел болашағы, ұлт болашағы — жастар, осындай алғыр, білімді жастармен Қазақстан өркендей береді.
Қанат Есжан