Өнерлі жастар бас қосты

Адам баласының даму жолына үңілсек, қаншама жаңалықтар мен көптеген ілгерілеуді көреміз. Осының бәрінің бастауы кітаптан алынып жатқаны жасырын емес. Сондықтан да адам баласы кітапқа қарыздар. Осы тұрғыдан алғанда кітап сату, кітапты елге таныстыру мақсатында шаруаларын дөңгелетіп отырған кітап дүкендерінің істері – сауапты еңбек. Қаншама жастарды кітап оқуға баулып, ақыл кенішінің бетін ашып үңілуіне мүмкіндік жасап келеді.

 

Айта берсең бұл саланың да өзіндік қиындығы өте көп. Себебі кітап сатып пайда табу – қиынның қиыны. Десек те осындай ауыртпалығы көп жұмыстан бас тартпай, соқпақты жолға із салуға «Шанс» кітап дүкені басшылығы да тәуекел еткеніне көп бола қойған жоқ. Ашылғанына аз уақыт өтсе де іскер топ 25 қаңтарда «Мәдениеттер тоғысы» деген тақырыпта іс-шара өткізді. Шараға Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің доценті, жазушы Қастер Сарқытқан, философия ғылымдарының докторы, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті «Дінтану» кафедрасының профессоры Қайрат Айтбекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің оқытушысы Құлпынай Дүйсенбай және Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты. Шара басында ақын, аудармашы Саят Қамшыгер келген қонақтарға дүкеннің ашылу мақсатымен таныстырып: «Мәдениетте шекара жоқ. Мәдениет қай елге болса да керек. Мәдениеті жоқ елдің дамуы қиын. Ал дамыған елдің мәдениеті мен өнерін танып-білудің еш артықтығы жоқ. Өздеріңіз келіп отырған дүкен де елдер арасындағы алтын көпір іспеттес. Алдағы орталық пікір алысатын мәдени орталық болсын деген тілігіміз бар», — деді.

 

 

Мұнан кейін сөз алған жазушы Қастер Сарқытқан: «Шындығында дүкен заманауи жабдықталған екен. Бұл жағынан кітап дүкенінің ұжымынан алар нәрселер көбірек. Өнер, білімге талпынған жастарымыздың бүгінде көптігі көңіл көтереді. Ендеше, мәдени орталыққа айналған мына дүкеннің жұмысына сәттілік тілейміз. Әрдайым осындай іс- шаралар жасап, білімге жастарды баули беруді жазсын»,-деген ақжарма тілегімен сөзін түйіндеді.

«Бізде жылдың басы наурыздан бастау алады. Бұл кез тіршілік атаулыға жан бітетін кез. Жан-жағымыз ерекше әдемілікке оранады. Кітап сату ісіндегі істеріңіз алға басып, көпшіліктің көңілінен шыға беріңіздер дегіміз келеді,-деді мәдениеттанушы Қайрат Айтбекұлы. Мұнан кейін дәстүрлі әнші Асланбек Ылым қазақтың қара домбырасымен нақышына келтіре ән орындап, жиналған қауымды арқаландырып тастаса, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің екінші курс студенті Аида Мәди қытай биін мың бұрала билеп өнеріне тәнті етті. Өз кезегінде ортаға шыққан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінің студенті Айдана Мақсұт биыл 175 жылдығын тойлағалы жатқан Абай атамыздың отызыншы қара сөзін қытай тілінде жатқа айтып берді. Қазақша мағынасын да өз ойымен ашық жеткізді. Викториналық сұрақтарға келген кезде барлық қонақтар белсенділік танытты. Тіпті, бір-бірімен жарыса жауап берген жастардың білімінің осал еместігіне көз жеткізгендей болдық. Қызықты өткен жиынды ұйымдастырушылар атынан Нұрғиса Сахов қорытынды сөзімен тәмамдады. Шара соңында келген қонақтар Шығыс каллиграфия өнерін үйретушілердің үстелінің айналасынан табылды. Әрине, бұл өнердің қыр-сырын бір сағатта үйрену оңай емес. Десек те, ертеден қалыптасқан жазу өнерінің сұлу таңбалануы көпшілікке қызықты болғаны рас. Үш сағатқа ұласқан іс-шарадан келген қонақтар көңілді қайтты.

                                                                              Ақнар Қазезова.