ӨНЕРПАЗДАРЫМЫЗ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Сарысу өңірі өнер қонған киелі өлке. Бұл өлкеден талай өнер қайраткерлері түлеп ұшқан.
Қазіргі таңда аудан өнер алға сүйреп, мәдениетінің дамуындағы мәртебелі міндетін абыроймен атқарып жүрген өнерлі азаматтарымыз да баршылық. Аудан өнерпаздары түрлі деңгейдегі байқаулардан жүлдемен оралып, аудан абыройын асқақтатып келеді.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, Жамбыл облыстық халық шығармашылығы орталығының 65 жылдығына орай, композитор Әуезхан Салабеков атындағы «Рахмет саған, туған ел!» атты облыстық ән байқауы өткен болатын.
Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткен байқауға Сарысу аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері Мөлдір Мұсаева және Мейіржан Омаров қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша Мөлдір Мұсаева бас жүлдені, Мейіржан Омаров жүлделі ІІІ-ші орынды иеленіп қайтты.
Жүлделеріңіз құтты болсын, өнер қонған киелі өлкенің өнерпаздары!