Оңдасын Оразалин Ақтөбедегі абаттандыру жұмыстарымен танысты.

28 мамыр, жұма күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын жұмыс бабымен аралап шығып, облыс орталығының абаттандыру бойынша бірнеше жобаларының жүзеге асырылуымен танысты.
Өңір басшысы Әз-Наурыз көшесі бойындағы көпірдің, Саябақ және Пожарский көшелеріндегі жол-жөндеу жұмыстарының барысын қарап шығып, Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы суағар жүйесінің орналасуымен, Бөкенбай батыр көшесіндегі 21 мың м2 аумақтың көгалдандырылуымен танысты.

 

Оңдасын Оразалин «Тұрғындар қалашығы» ауданындағы үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстарын биыл тамыз айына дейін аяқтауды тапсырды. Белгілі болғандай, Ақтөбеде қаланың тарихи ауданын қайта жаңарту жұмысы басталды. 113 үй жаңартылып жатыр. Олардың шатырын, қасбетін жөндеу, аулаларды, спорт алаңдарын, жаяу жүргіншілер аумағын абаттандыру, кіші​ сәулеттік пішімдерді қалпына келтіру қарастырылған. Сонымен бірге, «Тұрғындар қалашығының» тарихи келбетін сақтау міндеті тұр.

 

Сонымен қатар, облыс әкімі ​ ағайынды Жұбановтар көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулаларының абаттандыру жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, осы жылы Ақтөбеде 67 балалар алаңын орнатып, 200 ауланы асфальттау жоспарланып отыр.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға, қала басшылығына қаланы дамыту жобасын ерекше назарда ұстауды тапсырды.
«Біздің міндетіміз – тұрғындарға барынша жағдай жасау. Бұл бағытта көптеген ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Олардың әрқайсысы сапалы әрі уақытында орындалуы керек»,- деді Оңдасын Оразалин.

​ Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі