Оңдасын Оразалин COVID-19 ауруына шалдыққан науқастардың жағдайын білді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин COVID-19 ауруына шалдыққан науқастар жатқан фтизиопульмонологиялық орталықтың қызметімен танысып, медициналық мекеменің материалдық-техникалық базасын қарап шықты.
Фтизиопульмонологиялық орталық 500 төсек-орынға есептелген, соның ішінде 75 реанимациялық орын коронавирус инфекциясымен ауыратындарға көмек көрсетуге арналған.
Облыс әкімі қабылдау бөлмесін, реанимациялық, рентген-диагностикалық бөлімдерді қарап шықты.
Фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімов науқастар түскен кезде ПТР тест тапсырып, нәтижесі бір сағаттың ішінде берілетінін айтты. Сондай-ақ, қабылдау бөлмесінде рентгендік зерттеу жасалады, бұл диагноз қойып, соған сай ем тағайындауды жылдамдатады.

 

Мекеме толығымен жоғары білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз етілген: орталықтың 11 қызметкері қосымша инфекционист, 11 қызметкері пульмонолог мамандықтарына оқытылды. Жұқпалы аурулар бөлімінің жұмысына ангиохирургтар, кардиологтар, эндокринологтар, неврологтар мен хирургтар, барлығы 24​ тар ауқымды маман тартылған.
Орталықта дәрілік заттардың екі айлық қоры жасалып, материалдық-техниканы нығайту шаралары қабылданған: өкпені жасанды желдететін 75 аппарат, биохимиялық гемотологиялық талдағыш, рентген-диагностикалық қондырғы, компьютерлік томограф, функционалды кереуеттер және т.б. көптеген құрылғылар бар. Реанимация бөліміне косметикалық жөндеу жүргізіліп, қуаты минутына 600 л болатын оттекті-концентратты станса орнатылған. Бұл мақсатқа былтыр бюджеттен 618 млн теңге бөлінген болатын.

 

Науқастарға кіріп-шыққан Оңдасын Оразалин ақтөбеліктердің хал-жағдайларын сұрап, тез сауығып кетулерін тіледі.
«Өңірдің эпидемиологиялық жағдайы айтарлықтай күрделі. Әрине, біз тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Ең бастысы – пандемияның бірінші толқынындағы қателіктерді қайталамауымыз керек. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға аз қаражат аударылған жоқ, дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп қойды. Мен сіздердің кәсіпқойлықтарыңыз бен жанқиярлықтарыңызға шүбә келтірмеймін, өкінішке қарай бәрі де өңір тұрғындарына байланысты. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы ақтөбеліктердің қауіпсіздік шараларын сақтамауының нәтижесі болып табылады. Көп нәрсе бізге байланысты», — деп атап өтті облыс әкімі.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев Оңдасын Оразалинге ағымдағы жағдай туралы баяндады. Сондай-ақ, өңірде коронавирус ауруына шалдыққан науқастарға көмек көрсететін 41 медициналық мекеме, соның ішінде 15 инфекциялық стационар, 21 ​ алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, резервте бес стационар бар.

 

Медициналық мекемелерде тәулік бойы жұмыс жасайтын 3063 төсек орын бар. Соның ішінде 894-і аудандық болса, оның 465-і Ақтөбе қаласындағы провизорлық стационарларда, 180-і облыс аудандарында.
Қазіргі таңда инфекциялық стационарларда 388 адам ем алып жатыр. 36 адам карантин стационарында. Ақтөбе, Хромтау, Қандыағаш пен Шалқар қалаларында 19 томография кабинеті жұмыс жасайды, 10 зертханада ПТР диагностикасы жасалады. Олардың қуаты тәулігіне 5380 талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Вакцина егу науқаны басынан бері облысқа 17800 доза әкелініп, 7460 ақтөбелік егілді.