ӨҢІР ШАРУАЛАРЫНА БИОГУМУСТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ АЙТЫЛДЫ

Бүгінде оңтүстіктің шаруалары қызыл құрт өсіріп, биогумус өндіруді мықтап қолға алған. Табиғи таза тыңайтқыш бақша дақылдарынан алынатын өнім көлемін еселеп арттыруға мүмкіндік береді. Биогумус – табиғи таза тыңайтқыш. Қазақша айтқанда көң. Десек те айырмашылығы бар. Малдың тезегінің қышқылдығын азайту үшін Калифорния қызыл құртына жегізеді. Осылай өңделген тыңайтқыш алынатын өнімді еселеп арттырады. Биоорганикалық тыңайтқыштың тиімділігі өзге тыңайтқыштардан артықшылығы өнімділікті 7-8 есеге дейін артық береді.
Бұл жайында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында өңір шаруаларының жанашыры Берік Қалиевтің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған семинарда кеңінен айтылды. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы келіп қатысқан жиында кәсіпкерлер Бақытжан Әсембеков, Пернебек Тұлғанбаев, Серік Омаров биогумус жайлы әңгіме өрбітіп, оның пайдасын тілге тиек етті.
Олардың айтуынша, жыл өткен сайын егін егіп, бау-бақша өсірушілер қатары артып келеді. Шаруалардың мол өнім алуы үшін түрлі тыңайтқыштар қажет. Ол үшін шетел шарлап, алысқа барудың керегі жоқ. Өйткені, қазір ел азаматтарының өздері биогомус аталатын тыңғайтқыштарды өте қарапайым жағдайда өндіруде. Кәдімгі көңді шылаушандарға жегізу арқылы өндірілетін тыңайтқыштың жасалу жолдары өте қарапайым. Жинақталған көң шылаушандарға жегізу арқылы құнарлы қаратопыраққа айналуда.
Шылаушанның, яғни, жауын құртының топырақ құнарын арттыратын қасиеті бар. Оның үстіне құрттар ауырмайды, шаршамайды, ұстаудың ерекше жағдайларын қажет етпейді. Бар болғаны тамақ, қараңғылық пен тыныштық болса жеткілікті. Орта есеппен 15 жыл өмір сүреді, ұзақ жасағанда бір құрт 1,5 тонна қалдық шығарады. Бір күн ішінде бір ересегі өз салмағына тең болатын органикалық заттарды өңдей алады.
Жергілікті шаруалардың қатысуымен өткен семинарды аудан әкімінің орынбасары Жомарт Телеуов қорытындылады.
Ильяс Қалыбеков
Жамбыл ауданы