Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалмен таныстырды

 

Жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы кезекті баспасөз мәжілісі «Батыс Қазақстан облысының коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық ахуалы» тақырыбына арналды.

Баспасөз мәжілісіне қатысқан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы М.Арыспаев аймақтағы эпидахуал көңіл көншітпейтінін жасырмады. Күні бүгінге дейін тіркелген 7 мың коронавирус жұқпасының 3472-сінің ауру белгілері байқалса, 3528-і – айрықша белгілері байқалмай науқасқа шалдыққан. Жалпы ауру деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 1061,5-ті құраған. 6800 адам аурудан айықса, өкінішке орай 117 өлім жағдайы орын алған.

– Ағымдағы жылдың қазан айының басынан бері 137 оқиға тіркелді. Коронавирустық инфекцияның симптоматикалық – 85, симптомсыз – 52, вирустық пневмонияның (U07.2) – 11 жағдайы анықталды, – деген облыстың бас санитар дәрігері тіркелген науқастардың арасында зейнеткерлер көп екенін жеткізді. Яғни, егде жастағы адамдардың дерт жұқтыруы бойынша 65 жағдай (47,6%) анықталған. Қалған 18,9%-ы – жұмыссыздардың, 16,8%-ы – жұмысбастылардың, 8,7%-ы – медицина қызметкерлерінің, 5,1%-ы – педагогтардың, 1,4%-ы балалардың еншісінде.

Департамент басшысының айтуынша, жұқпалы індетке шалдыққан науқастарға қарастырылған 333 орынның 90-ы бос емес. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 71 науқас ем алуда, ал алты адам – жансақтау бөлімінде. Сонымен қатар ауруды сырттан тасымалдау тыйылмай тұрғанын мәлімдеді. Биылғы 6-29 қазан аралығында мемлекеттік шекараны кесіп өткен 13951 азаматтың 738-інің ПТР тестілеу нәтижелері туралы анықтамасы болмаған. Олар екі күнге карантиндік ауруханаға жатқызылып, тексеру кезінде 18-інің сараптамасы оң нәтиже көрсеткен. Тестілеу анықтамасы жоқ 96 шетелдік азаматқа ел аумағына кіруге тыйым салынған. Қазанның 26-сынан бастап Ресеймен екі жақты трафикте халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын ПТР тестілеу анықтамасы жоқ жүргізушілерді тестілеу басталған.

Мұхамғали Қайыржанұлы өз баяндамасында өңірде қуаттылығы тәулігіне 2250 сынаққа дейін жететін жеті вирусологиялық зертхана жұмыс жасап жатқанын айтты. Қазан айының басымен салыстырғанда, жүргізілген зерттеулер саны 31,7%-ға өскен. Оған қоса облыста ПТР диагностикасы қарастырылған. Сонымен бірге департамент басшысы коронавирустық инфекцияның екінші толқынына дайындық барысынан, мониторингтік топтардың жұмыс нәтижелерінен хабардар етті.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы