Өңірдегі халықты жұмыспен қамту мәселесі қаралды

Өткен жылы ҚР Премьер-Министрі мен облыс әкімі арасындағы Меморандумға сәйкес облыстағы мәртебесі анықталмаған 208267 адамның 141671-і өзектендірілген. Ал, жалпы жоспардағы 11675 адамның 79,6 пайызы, демек, 8983-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Айта кету керек, бұл көрсеткіш бойынша облыс республика өңірлері арасында екінші орынға жоғарылаған. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында айтылды,

Басқосуда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейдахмет Сейтбеков басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

2018 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, жоспарға толығымен қол жеткізілген. Ал, құрылған тұрақты жаңа жұмыс орындарының саны 5839 бірлікке жетіп, меже 108,8 пайызға орындалған.

Сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына барлығы 39 243 адам тартылып, 31220-сы жұмысқа орналасқан. Оның 21496-ы тұрақты, 9724-і уақытша жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, аталмыш бағдарлама бойынша өңірдегі 4212 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан, 770 адам техникалық және кәсіптік білім беру, 1904 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен. Сонымен қатар, 1107 адамға микрокредит берілсе, 30 адамға грант берілген.

Жиында оң көрсеткіштермен қатар өзекті мәселелер де талқыланып, ағымдағы жылдың жоспары да айтылды. Асқар Исабекұлы бюджет, құрылыс есебінен бөлек, өндіріс орындары арқылы жұмысқа орналасу деңгейін көтеру, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткішін жақсарту керектігін баса айтты. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға бұл бағытта барлық қажеттілік пен мүмкіншіліктерді ескере отырып, жан-жақты талдау жүргізу керектігін тапсырды.