Өнім өңдеу өндірісі артып келеді
Соңғы жылдары ағын су тапшылығының артуына байланысты Байзақ ауданының диқандары жаңа технологияға көшіп, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын пайдаланып келеді. Шикізаттың тез бұзылып кетуіне және алыс жолға шыдамауына байланысты да жеміс-жидектер мен азық-түліктерді қалбырлап, тосап жасауға бейімделе бастады. Осыған орай Байзақ ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиевпен сұхбаттасқан едік.
– Еркебай Жарқынбекұлы, Байзақ ауданындағы ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жай-күйі қандай?
– Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 59 миллиард 114,8 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,6 пайыз болды. Ал ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7 миллиард 841,3 миллион теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,8 пайызды құрады. Жылдық жоспар 12 миллиард 377,4 миллион теңге болды.
Биыл мүйізді ірі қара 53991, қой мен ешкі 334617, жылқы 19524, түйе 1079 басқа жетті. Ал шошқа 1586 басты, құстардың саны 980123 басты құраған. Аудан бойынша тірі салмақта 15101,1 тонна ет, 38 454,2 тонна сүт және 10 миллион 485 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мал өнімдерінің барлық түрі артық өндіріліп отыр.
– Аудандағы күзгі жиын-терін қалай өтті?
– Биыл масақты дәнді-дақылдар, күздік бидай 8750, арпа 12790 гектар алқапқа себілді. Бұдан бөлек, жаңа жоңышқа 4700, көкөніс 5703, майлы дақылдар 1400, қант қызылшасы 1000 гектарға себілсе, бақша 1806, картоп 700, дәндік жүгері 2010, бұршақ 50, сүрлемдік жүгері 350 гектар алқапқа орналастырылды. Бидай алқабынан 14525 тонна дән, арпадан 28555 тонна өнім жиналды. Сонымен қатар мақсарыдан 994, бақша дақылдарынан 25492, картоптан 16493, көкөністен 196587, дәндік жүгеріден 14972 тонна өнім алынды.
Қант қызылшасы алқабынан 35 919,5 тонна өнім жиналып, оның 35899,4 тоннасы «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізілді. Балтамырдың әрбір гектарынан жиналған орташа өнім 361 центнерді құрады.
– Күзгі далалық науқандық жұмыстарды атқаруға мемлекет тарапынан жанар-жағармайдың жеңілдікпен жеткізу мәселесі қалай шешілді?
– Биыл күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірудің технологиялық карталарына және жоспарланған егін, мал азығы өнімдері алқаптарының көлеміне сәйкес, ауданға жеңілдетілген бағамен бөлінген дизель отынының көлемі 715 тонна болды. Операторлар арқылы шаруашылықтарға дизель отынының әрбір литрі 202 теңгеден босатылды.
– Экономист сарапшылар «субсидия тікелей өнім өндірушіге берілуі тиіс» деген пікірде. Бұған қалай қарайсыз?
– Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тұрақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың 10 айында аудан бойынша 1602 шаруашылық жалпы сомасы 3 миллиард 305,6 миллион теңге субсидия алды.
– Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты егіс алқабында қай өнім түрлерін егуге басымдық беріліп отыр?
– Соңғы жылдары шаруашылықтар да жаңа технологиялар енгізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мәселен, ауданның агроқұрылымдары су үнемдеу технологиясын 2019 жылы 1 346 гектар алқапқа енгізсе, 2020 жылы 3 032 гектарға, 2021 жылы бұл көлем 4 510 гектарға ұлғайды. Су үнемдеу технологиясын қолданған шаруашылықтар, дәстүрлі тәсілмен салыстырғанда өнімді екі есеге дейін артық алуда. 2021 жылы «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 27 шаруашылық 40 жаңбырлатып суару технологиясын 188,1 миллион теңгеге лизинг жүйесімен сатып алды. Биыл су үнемдеу технологиясы 6 210 гектарға орналастырылды. Оның 2972 гектары жаңбырлатып, 3238 гектары тамшылатып ылғалдандыру жүйесіне қосылған болатын. Сонымен қатар ағымдағы жылы ауданда 17 ұңғыма қазылды.
– Аудан көлемінде жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиясына көшкен диқандарға қандай көмек берілуде?
– Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 16 қарашадағы №332 «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы», Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығы негізінде, заңды және жеке тұлғалар шеккен шығыстарының бір бөлігіне мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларының 1-қосымша негізінде субсидиялауға жататын 34 жоба паспорттарының тізбесі қалыптастырылған. Аталған жобалар паспорттардың №11 «Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту» жобасының паспорты бойынша инвестициялық салымдарды өтеу үлесі 50 пайыз қарастырылған.
– Ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сатпай ұқсата пайдалану, тосап, қалбырға салу арқылы нарыққа шығару тиімді емес пе? Осы бағытта қандай ұйымдастыру шаралары қолға алынуда?
– Байзақ ауданы әкімдігі тарапынан шаруалармен жиналыс өткізіліп, түрлі бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де бар.
Аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ішінде сүт өнімдерін қайта өңдеу бағытында «Қызыл жұлдыз» шаруа қожалығы, «Талас сүт» жеке кәсіпкерлігі, «Молвид» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеуде. Аталған қайта өңдеу кәсіпорындарына аудан бойынша 9 сүт тауарлы фермасы «Нұрлы жай», «Ағали», «Сатжанова Р.С.» «Кулзипа», «Көк Жайлау» «Ақжар, «Ай-Би», «Барзани», «Ниет» шаруа қожалықтары сүт өнімдерін өткізуде. Сонымен қатар сүт бағытында 7 ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмыс істеп келеді. Аталған кооператив ауыл тұрғындарынан және кооператив мүшелерінен сүт жинап, сүт өңдеуші кәсіпорындарына өткізуде. Бұл сүт өңдеуші кәсіпорындар сүт майлылығына байланысты литрін 150-190 теңгеден сатып алып отыр. Жыл басынан кооперативтер сүт өңдеуші кәсіпорындарға 2924 тонна сүт өткізген.
Сұхбаттасқан Марат ҚҰЛИБАЕВ.