Өнімнің 80 пайызы Қырғыз еліне экспортталуда

Қордай ауданында Бірыңғай индустрияландыру картасындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы бойынша жүзеге асырылған жобаның бірі – «Қордай-Корм» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі.

Кооператив төрағасы Талғат Сәрсембаев бұл кәсібін 2017 жылдан бастап қолға алған. Осыдан алты жыл бұрын ашылған кәсіпорынның жұмысы бүгінде индустрияландыру картасы аясында қайта жанданған. Талғат Ахметбекұлының айтуынша, өңірде мал бордақылау алаңдарының көбеюі аудандағы малға арналған құрама жемнің жетіспеуіне әкелген. «Құрама жем өндіру саласы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан дами бастады. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға оңай әрі шығыны аз азық түрі қажет болды. Бұл бағыт бұрынғы ұжымшар мен кеңшарларда болған. Бірақ ол кеңшарлар тарап кеткеннен кейін құрама жем өндірісі тоқтап қалды. Қазір шаруа қожалықтардың басым бөлігі жемді жарып, малға азық ретінде беріп келеді. Бұл шындығында бойында қажетті дәрумені мен минералы жоқ жай ғана жем. Қысқасы, оның ешқандай азықтың құнары жоқ» дейді ол.

Кәсіпкер өндіріс көлемін арттыру мақсатында 2019 жылы «Еуразиялық банк» акционерлік қоғамына өтініш тастаған. Банк өтінішті қарағаннан кейін құрама жем өндірісіне жабдықтарды сатып алу үшін кәсіпкерге «Даму» қоры кепіл болып, несие мақұлданды. Бүгінгі таңда өндірістік кооперативтің өндіріс қуаты артқан. Мәселен, күнбағыс тұқымдарын қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаты ауысымына 14 тоннаны құрайды. Суық сығу әдісімен ауысымына 4 800 килограмм күнбағыс майы мен 7 000 килограмм күнбағыс күнжарасы алынады. Сондай-ақ, бір ауысымда соядан 960 килограмм соя майын және 3800 килограмм соя шроты өндіріледі. Мүйізді ірі қара үшін құрама жемнің өндірістік қуаты ауысымына 8 тоннаны құрайды. Шығарылған өнімнің 80 пайызы Қырғыз еліне экспортталуда. Онда құрама жемге сұраныс та, қызығушылық та жоғары екен.

– Негізінен жемнің құрамы әр малға әр түрлі әсер етеді. Тәжірибе арқылы біз ең тиімді қоспаларды іріктеп алдық. Біздің өзіміздің тәжірибелік алаңымыз бар, онда біз малды өз өнімімізбен азықтандырып, олардың өсуі мен дамуын қадағалаймыз. Шетелдермен тығыз әріптестік байланыс орната отырып, олардың ғылыми жобаларын да өндіріске батыл енгізіп отырдық. Мұның бәрі өз пайдасын беріп, өнім сапасын жақсартуға ықпал етті, – дейді кооператив төрағасы.

Жемнің құрамы 14 түрлі дақылдан тұрады. Оның ішінде арпа, бидай, жүгері бар. Мал азығына қосылатын соя жомы мен күнбағыс кооперативтің өзінде өндіріледі. «Шымкент май» кәсіпорнынан мақта күнжарасы алынады. Тұз бен трикальцийфосфатты өңірдегі көтерме сауда орталығы мен «Қазфосфат» АҚ-нан, қант мелазасы қант зауыттарынан жеткізіледі. Осының бәрі қосылып, құрама жемнің сапасын, майлылығы мен құнарлығының артуына әкеледі.

– Мәселен, сіз бұқа бордақылайсыз, ол белгілі мерзімде семіріп, қажетті салмақ алады, ал сапалы құрама жем қолдансаңыз, бұл мерзім екі есеге қысқарады. Бұл сізге біріншіден, тиімді, екіншіде, оған қоса азыққа аз шығын кетеді. Сонымен бірге, біздің құрама жем табиғи таза. Өндірісте дәнді дақылдарды, күнбағыс және қызылша жомын, дәрумендер мен минералдарды қолданамыз. Онда химия жоқ. Бізде жемді экструдерлеу технологиясы бар, бұл өнімді арнайы машинада жоғары температура мен бу қысымымен өңдеу арқылы аламыз. Зерттеулер көрсеткендей, кәдімгі жем ағзаға 60-65 пайыз сіңеді, ал экструдерленген жем 95-98 пайыз сіңімді болады. Біздің өнімнің артықшылығы осы, яғни, жарған жем берсеңіз көп қи аласыз, ал құрама жем берсеңіз малыңыз жақсы салмақ береді, – дейді Талғат Сәрсембаев.

Диас МАРАТҰЛЫ.
Қордай ауданы