Өңір жылыту маусымына қаншалықты дайын?

Күрең күздің күні суытқан сайын халық алдағы қысқа алаңдай бастайтыны анық. Себебі жыл сайын жылу жүйелеріне қатысты бұқараның шағымы көбейеді. Маусымдық мәселе болғанымен, мұның күрделі мәселеге айналғаны да жасырын емес. Осы ретте біз аймақтың алдағы қыс мезгіліне дайындығын саралап көрдік.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының берген мәліметінше, бүгінгі таңда облыс бойынша әлеуметтік маңызы бар 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысаны, 1646 көпқабатты тұрғын үй және 348 шақырым жылу желілері жылуды қабылдауға, беруге толыққанды дайын көрінеді. Сондай-ақ облыста 565 автономды қазандықтар бар. Оның ішінде 237 білім нысаны көмірмен қамтамасыз етіледі. Бюджеттік ұйымдарды көмірмен қамтамасыз ету үшін жоспарлы 60 мың 800 тонна көмір жеткізілсе, тұрғындар үшін жылыту маусымы кезеңіне 160 мың 300 тонна көмір тұтыну жоспарланған. Бүгінгі күнге соның 112 мың тоннасы жеткізілген.

– Өңіріміз алдағы қысқа қазіргі таңда жүз пайыз дайын деп айта аламыз. Жылумен қамтамасыз ететін негізгі 9 кәсіпорын бар бізде. Олар дайындық іс- шараларын толық атқарды. Қазір әзірлік паспортын алуға тиісті өтінімдерін уәкілетті органдарға жолдады. Соны күтіп отырмыз. Заң бойынша бірінші қазанға дейін өтінімді өткізу керек. Барлық кәсіпорындар тиісті құжаттарын өткізді. Биылғы жылы 9,1 шақырым жылу желілері күрделі жөндеуден өтті. Халықтың отын энергетика кешендері мен жылдық газ тұтыну көлемі 1 миллиард 335 миллион текшеметр, мазуттың резервтік қоры 11 мың 800 тонна, бұдан бөлек Энергетика министрлігі бізге 25 500 тонна әлеуметтік мазут бөліп отыр. Оның ішінде Жаңатас қаласы, ГРЭС, Тараз энерго орталығы, Жамбыл жылу мекемелеріне өздерінің өтінімдері бойынша бөлдік. Жаңатасқа мың тоннасы жеткізілді. Жалпы Жаңатасты 13,4 мың тонна мазутпен қамтамасыз етуге 2, 285 миллиард теңге қарастырылды. Былтырғы кезеңге қарағанда Жаңатасты қажетті отынмен алдын ала қамтамасыз еттік, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Дамир Тунгатов.

Басқарма мамандарының айтуынша, биыл күрделі жөндеу жұмыстары тек Қаратау қаласы бойынша жүргізіліпті. Қазір онда құбырлар оқшауланып, іс толығымен аяқталуға жақын. Алдағы аптада бітеді деп жоспарланып отыр. Дегенмен жылдағы тұрғындардың жанайқайы қайталанбасына кім кепіл? Бұл туралы басқарма қызметкерлері пікір білдірді.

– Жыл сайын шағымдар көпқабатты тұрғын үйлер тарапынан түседі. Біз арнайы комиссия құрып барамыз, жан- жақты зерделейміз. Басым көпшілігі пәтердің ішіндегі құбырлардың тозуына, бітеліп қалуына байланысты орын алады. Сол себепті жылу өз деңгейінде берілмей жатады. Тұрғын үй қатынастары туралы заңға сәйкес ортақ мүлік болғандықтан оған тұрғындар өздері дайындалуы керек. Дегенмен әкімдік тарапынан жылу беруші кәсіпорындар тазалау жұмыстарын жүргізеді. Биыл Тараз қаласында 50 үй күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Олар да аяқталу үстінде. Негізгі инженерлік жұмыстарды бірінші кезекте жүргізіп аламыз. Қалған жұмыстар жылу берілгеннен кейін де жалғаса береді. Облыс орталығына болжаммен 10-15 қазанда жылу береміз деп жоспарлап отырмыз. Нақты уақытта Қазгидрометтен ауа райы болжамын бақылаудамыз. Жалпы белгіленген норматив бар. Сол талаптарға сәйкес сыртқы ауа температурасы + 8 градустан төмен немесе бес күн бойы сол көрсеткішке тең болса жылыту маусымын бастау керекпіз, – дейді энергетика басқармасының бөлім басшысы Дамир Сейсенбекұлы.

Айта кетсек, алдағы жылыту маусымына дайындық шараларына 1,117 миллиард теңге қаралған. Кәсіпорындар сары аязға сақадай сай. Оған қоса өңірде көмір сатумен 28 нарық субъектісі айналысады. Олардың 25-і өңірлік операторлар болып айқындалған. Барлық субъектілердің көмір тұйықтары қажетті көлемде көмір қабылдауға мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда аталған көмір тұйықтарында 13,9 мың тонна көмір жинақталған.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ