Өңірдегі жер сілкінісі жөніндегі мәліметті теріске шығарды
Атырау облыстық ӨКҚ баспасөз орталығында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен брифинг өткен болатын. Департамент басшысының орынбасары Замир Бердашевтің айтуы бойынша, 3 сәуір күнгі Атырау облысы аумағындағы магнитудасы 3,45mb жер сілкінісі болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
— Біз күні кеше ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы » АҚ-нан мәлімет алған болатынбыз.
Атырау облысы аумағы бойынша көрсетілген межедегі жер сілкінісі болмағанын, аумақта ешқандай жер дүмпуі тіркелмегенін мәлімдеді.
Біз күнделікті ҚР ТЖК, көршілес РФ Астрахань облысының сейсмологиялық жағдайы жөнінде мәлімет алып отырамыз. Алайда, «Геофизикалық зерттеулер институты » РМК келтірген мәлімет бізге түскен жоқ, – дейді Замир Бердашев.
Естеріңізге сала кетсек, республикалық БАҚ өкілдері 3 сәуір күні Астана уақытымен 15:11 де Атырау облысы аумағында жер сілкінісі тіркелді деген мәлімет таратқан болатын.
Эпицентр координаты 46,46 градус солтүстік ендік, 53,73 градус шығыс бойлық. Магнитудасы mb- 3,45. Энергетикалық сыныбы К=8,0- деп хабарланды «Геофизикалық зерттеулер институты » РМК келтірген мәліметте.
Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Атырау облысы бойынша сейсмологиялық қауіпті аймақ болып – Атырау қаласы, Аққыстау селосы, Махамбет және Индер ауданы болып табылады.
Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі