ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАМУЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

ӨҢІРЛЕРДІҢ ДАМУЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

 

Өңірлерді дамыту мәселелері – мемлекетіміздің өсіп-өркендеуінің негізгі тіректерінің бірі. Жергілікті инфрақұрылымның жақсаруы, жұмыс орындарының артуы, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына бағытталған бағдарламалар халықтың өмір сапасын айтарлықтай арттырады. Ел аумағында басталған және жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар өңірлердің динамикалық дамуына серпін береді. Қоғам мен экономика арасындағы теңгерімді нығайту, ауылшаруашылығы, білім және денсаулық сақтау салаларын дамыту – бұл бағыттағы басты басымдықтар.

Елорданың инфрақұрылымын жақсарту, экономиканы дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жыл сайын мемлекеттік тендерлер ұйымдастырылады. Бұл тендерлер түрлі салаларды қамтиды, соның ішінде жол құрылысы, тұрғын үй кешендері, көлік және инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ экологиялық жобалар ерекше маңызға ие.

Соңғы жылдары Астанада жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, инфрақұрылымды жаңғырту – елорданы дамыту стратегиясының басым бағыттарының бірі. 2024 жылы көлік инфрақұрылымын жетілдіруге бөлінген тендер сомасы 50 миллиард теңгеден асты. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолжетімді тұрғын үйлер салынып, мемлекеттік тендерлер арқылы құрылыс компанияларына тапсырыс берілуде. Мектептер, ауруханалар мен балабақшалар құрылысына да ерекше көңіл бөлінуде. Астана қатал климаттық жағдайлары бар қала болғандықтан, жасыл аймақтарды дамытуға ерекше назар аударылып, 2023 жылы қала әкімдігі қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірнеше тендер жариялады. Оның ішінде «Астана – жасыл қала» бастамасы бойынша ағаш отырғызу, өзен-көлдерді тазарту және ауа сапасын жақсарту шаралары бар.

Ағымдағы жылдан кейін елорданың дамуы одан әрі жалғасады. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Астананың көлік жүйесін жаңғырту жұмыстары кеңейтіліп, жаңа көпірлер мен магистральдар салу жоспарлануда. Сонымен қатар, экологиялық жобаларға инвестициялар ұлғайып, «жасыл экономика» қағидалары негізінде жаңа саябақтар мен демалыс орындары ашылады. Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, қолжетімді баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктері артады. Мемлекет цифрлық сервистерді дамытуға ерекше көңіл бөліп, қаланы ақылды технологиялармен жабдықтау арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

 

Саяжан ҚАЙДАР