Өңірлік дамуға серпін берілмек

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жаңа бір істі қолға алды. Өңір басшысы  енді аумақтық даму ісін қолға алмақ. Ол агломерация деп аталады. Бұған негізінен  экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бір-бірімен тығыз байланысты елді мекендер жатады. Сол секілді Шымкент қаласымен тыныс-тіршілігі байланысып қалған елді мекендер жетерлік. Енді олардың арасындағы қарым-қатынасты одан әрі реттеп, демеу қажет. Сонда бұл аумақты дамытуды жылдамдата түседі. Тіпті, индустриялдық аймақтың дамуына үлкен серпін береді. Себебі, ірі кәсіпорындарға бірнеше шақырымдағы елді мекендерден тұрғындардың жұмысқа тартылуы да агломерацияға жатады. Алайда, олардың кейбірінің кәсіпорынға барып-келіп қатынауы қиын. Егер облыс әкімшілігі тарапынан агломерацияға дем берілсе әлеуметтік жағынан өркендеу басталады. Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасын әзірлеу мәселесі бойынша жиын өткізді. Басқосуға Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас және Төлеби аудандары мен Шымкент, Арыс қалаларының басшылары, сәулет және қала құрылысы,  облыстық басқарма басшылары келді.

Мәжілісте Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленгені белгілі болды.

Жобаға сәйкес Шымкент агломерациясының аумағы 1573,5 мың гектарға жетіпті. Жаңа агломерациялық аумақта 1,8 млн. тұрғыны  бар 367 елді мекен орналасқан.

Өңір басшысы тиісті сала басшыларына әзірленген жобаға қатысты ұсыныстар күтетінін айтып:

– Енді бұл жобамызды алдағы желтоқсан айында Үкіметтің отырысына бекітуге ұсынатын боламыз. Сондықтан әттеген-ай дейтіндей мәселелер болмауы тиіс» , –  деді Жансейіт Түймебаев.

Негізінен, Шымкент қаласын аумақтық дамытудың өңіраралық жобасын ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне қарасты  Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті әзірлеген болатын. Аталған жобаға сәйкес контрмагниттер ретінде аудандардың да әкімшілік орталықтары анықталған. Оңтүстік бағытында – Сарыағаш қаласы, батыс бағытында – Арыс қаласы, шығыс бағытында – Т.Рысқұлов селосы болып белгіленген.

Егер жоба тыңғылықты әрі дұрыс жасалатын болса, бұл бастама аясында қалаға жақын бірнеше ауылдарда дамып кетер еді.

                                                                                           Т.БОРАЛДАЙ.