ӨҢІРЛІК ОҚУ ОРДАЛАРЫН ДАМЫТУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Елімізде өңірлік университеттер қалай дамытылмақ. Сондай-ақ облыстардағы ғылым саласындағы университетаралық ынтымақтастық қалай жолға қойылмақ? Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек болмақ. Өңірлік университеттер мен облыстардағы ғылыми орталардың келешегі де көпшілікті алаңдататыны тағы рас.

Қазіргі таңда еліміздегі жоғары білім беру саласы түбегейлі өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Заман талабына сай болуды мұрат еткен бұл реформаның түпкі мақсаты «Жаңа Қазақстанның» мүддесіне қызмет ететін жас буынның бойына нәтижелі білім мен өнегелі тәрбиенің дәнін сіңіру болса керек. Бүгінде сапалы маман даярлауға ден қойған мемлекет талаптың үдесінен шықпайтын оқу орындарын қысқартып, есесіне дәстүрге бай білім ошақтарының дамуына барынша қолдау білдіріп отыр.

Қазір жоғары оқу орындарын басқару жүйесі де түбегейлі өзгеріп келеді. Жаңа менеджментті, тың формация басшыларын талап ететін корпоративтік басқару моделі енгізіп жатыр. Бұл ретте еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, кадрлық сабақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін институционалдық жадыны сақтауды естен шығармау қажет.

Оқу орындарының білім беру жүйесін цифрлық форматқа көшіруі кітапханаларда электронды оқуылақтардың санын артуына ықпал еткені айтуға тиіспіз. Қазіргі таңда өңірлік университеттердегі кітапханаларда электронды кітапханалар мен цифрлық ресурстарға қолжетімділігі күн өткен сайын артып келеді. Көптеген оқу орындары ғылыми журналдарға, халықаралық дерекқорларға, электрондық кітаптарға қол жеткізетін платформаға қосылып, әлемдік ғылыми ортаның маңызды жаңалықтарына дәл уақытында қол жеткізіп отыр. Бұл өз кезігінде еліміздегі ғылымның заман көшінен қалмай алға қадам басуына ықпал ететін маңызды фактор десек болады. Мұндай мүмкіндік ғалымдар мен студенттердің құнды ғылыми дереккөздеріне еркін қол жеткізіп, ғылыми жұмыс пен зерттеулердің сапасын арттыратыны сөзсіз.

Осы секілді көптеген сауалдарға жуырда министрлік жауап берді. Олар ғылым саласында өзара ынтымақтастықты да нығайтпақ. Бүгінгі таңда еліміздің ғылым саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Оның ішінде өңірлік университеттердің білімі мен ғылымы да назардан тыс қалған жоқ.
Мемлекет басшысының университет ғылымын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда жоғары оқу орындарының ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфрақұрылымын дамытуға мақсатты гранттар бөле отырып, университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасы әзірленіп, іске асырылды. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде инжинирингтік орталықтардың, бизнес-инкубаторлардың, инновациялық орталықтардың жұмыс істеуі үшін университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтарға қолдау көрсетілуде.
Осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Бұған қоса, 2021 жылдан бастап өңірлерде барлығы 12 шетел университетінің филиалдары ашылды. Сонымен қатар, «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде, «Ғылым туралы», «Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына, жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу бойынша бірқатар өкілеттік беру бөлігінде өзгерістер енгізілді.
Ескере кетер жайт, жергілікті атқарушы органдар үшін қаржыландыру қолда бар жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінеді. Әрбір өңір қажеттілігіне қарай жергілікті бюджеттен (мемлекеттік) қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға конкурстар өткізе алады.
Президент тапсырмасына орай елімізде 15 өңірлік университет дамытылды.
Бүгінде Қазақстандағы өңірлік университеттерді дамыту бағдарламалары аясында студенттік жатақханаларды салу және оқу ғимараттарын жаңарту жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бұл әсіресе студенттер саны көп аймақтарда орын алып, оқу орындарының материалдық жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Жаңа жатақханалар мен студенттерге арналған тұрғын үй кешендері студенттердің тұрмыс жағдайын жақсартуға және олардың білім алу процесін қолайлы етуге бағытталған.

Нағашыбай Қабылбек