ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТТЕРДІ ДАМЫТУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Елімізде өңірлік университеттер қалай дамытылмақ.Сондай-ақ облыстардағы ғылым саласындағы университетаралық ынтымақтастық қалай жолға қойылмақ?Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек болмақ. Өңірлік университеттер мен облыстардағы ,ылыми орталардың келешегі де көпшілікті алаңдататыны тағы рас. Осы секілді көптеген сауалдарға жуырда министрлік жауап берді. Олар ғылым саласында өзара ынтымақтастықты да нығайтпақ. Бүгінгі таңда еліміздің ғылым саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Оның ішінде өңірлік университеттердің білімі мен ғылымы да назардан тыс қалған жоқ. Осы орайда Halyq Uni тілшісінің Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Ғалымжан Жанқуатовтан өңірлік университеттер қалай дамыталатынын сұраған еді.
— Ғалымжан Жандосұлы, жоғары білімді өңірлік университеттерді дамыту және облыстағы ғылым саласындағы университетаралық ынтымақтастықты нығайту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Мемлекет басшысының университет ғылымын дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда жоғары оқу орындарының ғылыми зертханалар мен тәжірибелік-сынақ инфрақұрылымын дамытуға мақсатты гранттар бөле отырып, университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасы әзірленіп, іске асырылады. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде инжинирингтік орталықтардың, бизнес-инкубаторлардың, инновациялық орталықтардың жұмыс істеуі үшін университеттер жанындағы ғылыми-технологиялық парктер мен инжинирингтік орталықтарға қолдау көрсетіледі. Осы бағытта жұмыстар жалғасып жатыр.
Бұған қоса, 2021 жылдан бастап өңірлерде барлығы 12 шетел университетінің филиалдары ашылды. Сонымен қатар, «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шеңберінде, «Ғылым туралы», «Қазақстандағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарына, жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу бойынша бірқатар өкілеттік беру бөлігінде өзгерістер енгізіліп жатыр.
Жергілікті атқарушы органдар үшін қаржыландыру қолда бар жергілікті бюджет қаражаты есебінен бөлінеді. Әрбір өңір қажеттілігіне қарай жергілікті бюджеттен (мемлекеттік) қаржыландырылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларға конкурстар өткізе алады» деді министрлік өкілі.
Президент тапсырмасына орай елімізде 15 өңірлік университет дамытылды. Сондай-ақ Қазақстан колледждеріне академиялық дербестік берілді. 2021 жылы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым экс-министрі Асхат Аймағамбетов: «Колледждерге академиялық дербестік беріледі. Аталған шара білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзгертуге мүмкіндік беріп, оқыту мерзімдерін қысқартып, білім сапасын арттырады, еңбек нарығына жылдам шығаруды қамтамасыз етеді», — дегені есте. Оның атап өтуінше, жоғары білім жүйесінде 2021 жылдан бастап аймақ тірегі жобасы іске асырыла бастайды. Нақты критерийлер бойынша 15 өңірлік жоғары оқу орны іріктеледі. «Осы университеттерді дамыту үшін нысаналы қаржы бөліп, жаңа зертханалар мен білім бағдарламалары ашылып, білім беру сапасын көтереміз», — деген еді экс-министр.
Нағашыбай Қабылбек