Оңтүстік қаржылай қолдаудан көш бастап тұр
Оңтүстік Қазақстан облысында «Өрлеу» жобасы ерекше жүзеге асты. Өңір бұл бағыттағы жұмыстар бойынша үстіміздегі жылдың ортасында-ақ бірінші орынға шыққан. Облыста осыған дейін 20 мыңдай отбасы «Өрлеу» жобасы бойынша қаржылау қолдау көрген. Ал 22 мыңнан аса еңбекке қабілетті азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан.
2018 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек нұсқасы өзгермек. Бұл жөнінде журналистермен жүздескен облыстық халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев айтты. Ол:
– Жаңаша формат тұрғынға жай ақшалай көмек беріліп қана қоймай, оның жұмысқа тұруына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Түрлі қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жіберіліп, шағын несие де беріледі. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады. Ал осынау кешенді шараларды жүзеге асыру үшін басқармаға бағынысты мекемелердің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін күшейту қажет, – дейді.
М.Отаршиев көп құжаттамалардың электронды түрде жүргізілетінін жеткізіп, жергілікті билік өкілдеріне осы мәселені мықтап қолға алу қажеттігін атап өтті.
Еңбекке жарамды азаматтарға көмек шарт жасасу арқылы беріледі. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға тиесілі болады. Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» жобасы аясында сынақтан өткізіле отырып, өзінің тиімділігін көрсетті.
Т.БОРАЛДАЙ.