Оңтүстік Қазақстан облысы тартылған инвестиция бойынша республикада көш бастап келеді

Оңтүстіктегі «Оңтүстік» индустриалды аймағының құрылысына мемлекеттік бюджеттен 6,8 млрд. теңге жұмсалса, аймақтағы кәсіпорындардың бюджеттік аударымдары 7,2 млрд. теңгені құрап отыр. Оның нәтижесінде  Республикада өзін-өзі ақтаған ең алғашқы индустриалды аймақ-ол «Оңтүстік» индустриалды аймағы. «Оңтүстік» индустриалды аймақтарды басқарушы компания басшысы Нуркен Бегулиев ағымдағы жылдың 9 айында жалпы облыстағы индустриалды аймақ кәсіпорындары 13,4 млрд. теңгенің өнімін өндіргені туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.

Нуркен Рахымұлының айтуынша, «Жалпы құны 155,2 млрд. теңге көлеміндегі жобалар бойынша 9 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.  Ал бүгінгі таңда құны 34,8 млрд. теңгені құрайтын 68 жоба іске қосылған. Бұл кәсіпорындарда 4 мың адам жұмыс істеуде.  Ағымдағы жылдың соңына дейін сомасы 7,7 млрд. теңге болатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осылайша осы жылдың соңына дейін барлық индустриалды аймақтарда жүзеге асқан жобалардың саны 80-ге жетеді», — дейді.

Компания басшысы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келетінін  және 2017 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар жайын баяндады.

   Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы тартылған инвестиция бойынша республикада көш бастап келетінін, 2017 жылы 20 млрд. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жобамен келісімшартқа қол қойылғанын,  облыс көлеміндегі индустриалды аймақтарда 169 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

 Облыстағы аудан мен қалаларда индустриалды аймақтарды толтыру мәселесі қаралып жатқан«Оңтүстік» индустриалды аймақтарының басқарушы компаниясы 2018-2020 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарын әзірлеп жатыр.   2018 жылы жалпы сомасы 38,6 млрд теңгені құрайтын 11 жобаны іске қосу нәтижесінде келесі жылдың соңына қарай 6500-ге жуық адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлауда. 

 

Ерлан. Сабыржанов