Оңтүстік Қазақстан облысында азаматтарды жер қатынастары саласындағы мәселелерді шешуде өз үлестерін қосуға шақырды
Ағымдағы жылдың 17 қарашасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті (әрі қарай — Департамент) мен облыс әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды.
Аталған меморандум аясында Департаментпен мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімдеріне қатысты бұзушылықтар көп кездесетін жер қатынастары саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілуде.
Аталған сыртқы талдауды кешенді, әрі жан-жақты жүргізу мақсатында Департаментпен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Департамент пен облыс әкімдігі қызметкерлерімен қатар, облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, халыққа қызмет көрсету орталығы мен академиялық қауымдастық өкілдері енді. Талдау жер қатынастары басқармасының қызметкерлерімен бірлесе жүргізілетін болады.
Сыртқы талдаудың мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді жауапқа тарту емес, жиі кездесетін бұзушылықтарды анықтап, оларды жою мен болашақта болдырмау бойынша жүйелі ұсыныстар әзірлеу. Бұл Мемлекет басшысының жолдауының бесінші басымдығындағы сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту тапсырмасына сәйкес келеді.
Жер саласына қатысты сұрақтар кез-келген азаматта кездесетіндіктен, ұсыныстар мен пікірлерді арнайы әзірленген taldau2018@mail.ru поштасына 2018 жылдың қаңтар айының соңына дейін жолдауға болады.
Азаматтардың пікірлері ұсынымдарды дайындау кезінде ескеріледі.