ОҚО әкімі Б. Атамқұлов СПИД-ке шалдыққан балалар жоғары білім алып, маман атанған соң жұмыссыз қалмайды…
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов СПИД-ке шалдыққан балалар жоғары білім алып, маман атанған соң жұмыссыз қалмайды деген сенімде. Тіпті керек болса, оларды мемлекеттік қызметке орналастыруға уәде етті.
БЕЙБІТ АТАМҚҰЛОВ. ФОТО: NUR.KZ
Сонымен қатар әкім елде дүние жинаудан жарысатындарға қынжылып, шетелдіктердің Құдайдан қорқатындығын айтты.
«Балаларды СПИД-тен қорғаймыз» қорының «Болашақ» орталығына арнайы барған әкім өз сөзін «Науқастарды қоғамнан алшақтамау керек. Олар да біз секілді адамдар ғой» деп бастап, ғимаратты аралап шықты. Сосын дертке шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарымен тілдесті.
ӘКІМ СПИД ОРТАЛЫҒЫНДА. ФОТО: NUR.KZ
«Ауыр дертке шалдыққандардың жағдайын жақсы түсінемін. Мен Германияда жұмыс істеп жүргенімде қатерлі ісікке шалдыққан жүз шақты адам болды. Оларға ауыр ота жасалғанда қастарында болдым. Біздің отбасымызда бір адам онкологиялық аурумен ауырды. Қаншама жыл емделіп, айықты. Міне, көрдіңіз бе, бұл науқастың ішкі сенімділігінде. Сенімділік — денді сау етуге көмектеседі», — деді облыс әкімі.
Мұнан соң кездесуге қатысушылардан өзін әкім ретінде емес, қарапайым тұрғын секілді қабылдауын өтініп, айтар ұсыныс-тілектер қысылмастан жеткізулерін сұрады.
ӘКІМ СПИД ОРТАЛЫҒЫНДА. ФОТО: NUR.KZ
Белгілі болғандай, мемлекет керек етпеген орталық қазіргі таңда қаржыдан қатты қысылып отыр. Ғимаратты салып берген жергілікті кәсіпкер әлі күнге дейін көмегін аяп жатқан жоқ. Дегенмен дәрі-дәрмек пен балаларды сауықтыру шараларына кейде қаржы қолбайлау болып отырады. Сонымен қатар балалардың санаторийлерге демалуына берілетін жолдама саны да жылдан-жылға қысқарып кеткен. Ал орталық жанында олардың серуендеуіне арналған демалыс орны жоқ. Бос жатқан жер телімі бар. Қор төрайымы Жанетта Жазықбаева ол жер үлесі прокурор азаматқа тиесілі екенін айтты.
БЕЙБІТ АТАМҚҰЛОВ ПЕН ҒАБИДОЛЛА ӘБДІРАХЫМОВ СПИД ОРТАЛЫҒЫНДА. ФОТО: NUR.KZ
«Мен өзім саябаққа құмармын. Бұл мәселе шешіледі. Ойлаймын, кез келген мәселенің оң шешімі болады. Шешілмейтін проблема жоқ. Тек адамда құлшыныс болу керек. Егер адам ол мәселені шешуге кіріспесе, қандай да сылтау табады» деген Атамқұлов науқас балаларды көшет отырғызуға шақырды.
Кездесуге орталықтың тұңғыш немересі де келді. Оның әкесі бұл дертке шалдыққанын жасөспірім шағында білген. Алғашында қатты қиналып, кейін оған көндіге бастапты. Бүгінде өзін науқас секілді сезінбейді. Бойында СПИД вирусының бар екенін білген тағы бір науқас болашақ жарына жағдайын түсіндіріп берген. Ол орталыққа келіп, дерт туралы толық мағлұмат алыпты.
«Жағдайымды түсінген жұбайым тұрмысқа шығуға келісімін берді. Ата-анасы менің СПИД екенімді білмейді. Бұл біздің отбасылық сырымыз»,-деді дертке шалдыққан жігіт.
Он үш жастағы Азаматтың сырқат екенін білгеніне бір жыл болған
«Алғашында естіп, қиналдым. Кішкентай кезімде анамнан дәріні не үшін іше беремін деп сұрайтынмын. Кейін айтты. Қазір жиі араласып тұрамыз. Науқас екенін алғаш естігендерге келіп, сырласып тұрамыз. Демалыс кездерінде бізді шомылуға алып барады. Бірақ, жиі емес. Барлығы ақшаға байланысты ғой…» деп қысқа қайырды жасөспірім.
Онымен шамалас науқас СПИД-ке шалдыққанын алғаш естігенді қатты жылағанын, бірақ қазіргі таңда өзін сырқат сезінбейтінін айтып көзіне ерік берді. Жасөспірімнің бұл әрекеті кездесуге келген кейбір шенеуніктердің де көздеріне жас алдырды.
Айықпас дертке шалдығып, қордың көмегімен науқас екенін білгендердің ең үлкені — 25 жастағы Айдана. Әкім алдында тұрып өз жағдайын айтып берген ол жанары жасқа толып, соңынан ерген жас науқастардың жиі бас қосып, түрлі жобалардың өтуіне қолдау көрсетуін өтінді.
ӘКІМ СПИД ОРТАЛЫҒЫНДА. ФОТО: NUR.KZ
Кездесудің соңына қарай осындай қорларға қол ұшын беретіндер көбейсе деген ниетін жеткізіген Атамқұлов шетелдіктердің қайырымдылық шараларына жиі атсалысатынын айтты.
«Шетелде қайырымдылық жұмыстары жақсы дамыған. Қоғамның сана-сезімі ерекше. Бізге де өзгерту керек. Бізде ақша жинауда бір-бірімен жарысады. Кімнің ақшасы көп деп… Ал шетелде ондай емес. Мен шет жақта жұмыс жасаған адам болғандықтан білемін. Ол жақтарда адамдар байлығымен мақтанбайды. Біздікілер секілді үлкен автокөліктерге мінбейді. Олар Құдайға сенетіндер шығар. Мүмкін ана дүние туралы көп ойлайды ма?..» деп сөзін қорытындылады аймақ басшысы.
Мұнан соң Атамқұлов орталыққа саябақ пен балалардың сауықтыру орындарына баруына, спорттық секцияларға алаңсыз қатысып, мектеп бітіргендерінің тегін білім алуына жағдай жасауды уәде етті. Тіпті балалардың саяхаттарға шығуы үшін шағын автобус сыйлайтынын уәде етті. Қысқасы, орталыққа үздіксіз қаржылай көмек беретінін жеткізді.
ӘКІМ СПИД ОРТАЛЫҒЫНДА. ФОТО: NUR.KZ
Кездесуге қатысқан Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов болса, эмоциясына ерік беріп жіберген болу керек, өз сөзін «Ғажаптың болатынына сену керек. Міндетті түрде болады» деп қысқа қайырды.
Ақпарат ретінде айта кетейік, «Балаларды СПИД-тен қорғаймыз» қорының құрылғанына биыл он жыл. Қазан айында айтулы датаны атап өту жоспарланып отыр. Оған ОҚО әкімінің өзі арнайы қатысатын болды. Ал «Болашақ» реабилитациялық орталық ғимаратының пайдалануға берілгеніне биыл екінші жыл.
Бүгінде Шымкентте 250-ге жуық бала айықпас дертке шалдыққан. Оның 49-ы СПИД сырқатымен ауыратынын биыл білген. Орталықтағы писхолог мамандары олармен тығыз байланыста. Өйткені қатерлі дертке шалдыққанын естіген бала психологиялық соққы алып, қоғамға бейімделуі қиындайды. Орталықта тек СПИД-пен ауыратындар ғана емес, қатерлі ісік пен онкологиялық дертке шалдыққандар да ем қабылдайды.
Естеріңізге салсақ, осыдан он жыл бұрын Шымкенттегі ауруханаларда 150-ге жуық бала иммундық тапшылық дертінің вирусын жұқтырып, республика көлемінде үлкен шу шықты. Бұдан кейін бірқатар жауапты қызметкерлер қызметтерінен қуылып, тіпті сот алдында жауап берді.
Nur.kz